«Нұр-Мүбарак университетіне артылар үмітіміз зор» – деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов. Бүгін Нұр-Мүбарак университетінің жаңа ректорын таныстыру рәсіміне арнайы қолдау білдіріп келген вице-министр университет жайлы өз ойын кеңінен жеткізді.
«Нұр-Мүбарак университетінің еліміз үшін діни және ғылыми жағынан орны өте жоғары. Осы оқу орнының түлектері ҚР Дін істері комитетінде, өңірлік Дін істері басқармаларында, дін мәселелерін зерттеу орталықтарында, сондай-ақ мешіттер мен медреселерде алдыңғы қызметтер атқаруда. Олар еліміздегі діни тұрақтылық пен конфессиялық келісімді нығайтуға, оқу-ағарту жұмыстарында үлкен еңбек атқарып келеді» – деді Қанат Жұмабайұлы.
Сонымен қатар, вице-министр университетте білім алуға қолайлы жағдайлар жасалып жатқанын, жаңа ғимараттың салынуы үлкен маңызға ие екенін атап өтті:
«Бұл бастамаларды өкілетті орган ретінде, азамат ретінде қолдап, бар күш-жігерімізбен атсалысуға дайынбыз» – деді ол.
Вице-министр сонымен қатар, білім беру бағдарламаларына жаңа технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігіне тоқталды. Қазіргі заман классикалық біліммен қатар, жаңа ілімдерді де меңгеруді талап ететінін баса айтты.
Университеттің жаңа ректоры Ахмад Хусейн Мухаммад Ибраһимді құттықтаған Қанат Ысқақов университет ұжымына зор табыстар тілеп, дін жолындағы қызметтеріне әрдайым қолдау көрсетуге барынша дайын екендігіне мүдделілік танытты.