Әрине, бұл тұста мемлекет аянып қалмасы анық. Дегенмен, мұндай қиындықты жомарт жандардың көмегінсіз толық еңсеру қиын. Сондықтан асар, жылу жинау дәстүрін жаңғыртып жатқандар да жоқ емес. Ал осы қайырымдылық шаралардың барысы қалай жүріп жатыр, халықтың дархан көңілін пайдаланып, алдап соғатын алаяқтардың болуы мүмкін бе? Жалпы осы мәселенің заңдық-құқықтық, діни көзқарас қалай? Осы орайда «Kazislam» тілшісі қайырымды жандардың басын қосқан еріктілермен және дінтанушылармен тілдесіп, осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
«АДАМДАРДЫҢ ЕҢ ЖАҚСЫСЫ – ЕҢ ҚАЙЫРЫМДЫ БОЛҒАНДАРЫ»
Жалпы Ислам діні қайырымдылыққа қатысты кез-келген адамды жігерлендіреді. «Адамдардың ең жақсысы – өзгелерге пайдалы болғаны» – делінген (әд-Дарақтуни).
Cондықтан, ең алдымен бір нәрсенің басын ашып алу керек. Олар: қайырымдылыққа ұмтылғандар мен қайырымдылыққа себепші болған жандар.
Қайырымдылыққа ұмтылған кісілерге байланысты Қасиетті Құранда: «Қайырымдылық жасауда бір-бірлеріңмен жарысыңдар» делінген. Бұл – жақсы, ізгі ниет. Ал қайырымдылыққа себепші болған кісілердің ниеті қаншалықты дұрыс, ол – басқа мәселе. Себебі, асыл дінімізде қайырымдылық пен адамдар арасындағы қарым-қатынастың өте жоғары деңгейде болуы талап етіледі. Бұл азаматтардың бір-біріне деген мейірімі мен өзара көмектесу сезімін қалыптастырады» – дейді философия ғылымының кандидаты, дінтанушы Жалғас Сәдуақасұлы.
«Көп түкірсе – көл болады» демекші, қазіргі таңда Түркістан облысындағы су апатынан зардап шеккендерге еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтардың, сондай-ақ мешіт қызметкерлерінің көмек көрсетуі, әсіресе, азық-түлік пен киім-кешек арқылы қайырымдылық жасауы – сауабы зор іс.
«Елімізде қайырымдылық ісімен айналысатын мемлекеттік емес қайырымдылық ұйымдар, қоғамдық қорлар да бар. Кез-келген мемлекетте, тіпті қарапайым отбасына жүйе әрі тәртіп қажет. Әр отағасы өзінің тәртібі бойынша шаңырағының сақталғанын қалайды. Дәл сол сияқты мемлекеттің заңмен реттелген көмек беру тәртібі бар. Мемлекеттік және қоғамдық қайырымдылық шараларын реттейтін тетіктер қажет. Осы ретте жұмсалып жатқан қаржыны тиімді әрі орынды жұмсау мақсатында оларды құзырлы органдар тексеріп отырады» дейді ол.
«Жалпы әркім өзінің қолынан келген көмегін көрсетіп, ниет қылып жатса оған ешкім тосқауыл бола алмасы анық. Бұл жерде адамның ниеті мен жан дүниесінің тазалығы маңызды.
Осы орайда нағыз мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаған жақсы. Адамдардың жақсылыққа талпынып, соны істегені, әрине, құптарлық іс. Ақша мәселесінде бақылау механизмдерін жүзеге асыру қажет.
Қазіргі таңда қайырымдылық қаражатын банктегі есеп шоттары арқылы аудару өте дұрыс. Мәселен, қайырымдылық ісімен айналысатын адам өзінің салымшыларына немесе ақша аударатын адамдарға есеп беруі қажет. Ал, ақша айналымына кепілдік болу үшін үйлестірушілер қаржы қозғалысын банкпен бірлесіп, толық есеп бере алады» – дейді дінтанушы, журналист Алғадай Әбілғазыұлы.
Қайырымдылық қалай ұйымдастырылады?
Ал, Арыс оқиғасына қатысқан ерікті, журналист Асхат Садырбай елімізде волонтерлік көмек пен гуманитарлық көмекті жүйелеуде кемшілік барын жасырмайды. Сол себептен көп зат артылып, есебі жүргізілмей қалады. Немесе жапа шеккен бір тұрғын көп зат алса, екінші бір тұрғын аз зат алып қалып, түсініксіз жағдайлар көп болып жатады дейді ол.
«Нақты бір алгоритм жүйесі, қабылдау-тарату пункттерінің мәселесі, сондай-ақ оларға баратын азық-түліктің мөлшерімен келуі т.б. мәселелер өте көп. Өйткені, өңірлерден мерзімі ұзақ уақытқа жарамайтын әртүрлі азық-түліктер әкелініп жатады» – дейді Асхат Садырбай.
Оның ойынша, гуманитарлық көмекті алатын кезде сол жердегі волонтерлар адамдарға қандай және қанша мөлшерде зат қажет туралы тізімді жылдам жасап, жариялауы қажет. Сондықтан, жергілікті волонтерлар мен жергілікті билік осындай іспен айналысып боламын дегенше адам саны жетіспейтіні белгілі. Ал зардап шеккендер көп күте алмайды. Тізім жасап боламын дегенше, басқа көмек келіп қалып, адам арпалысып кететін жағдайлар болып жатады. Сондықтан, орталықтандырылған дұрыс жүйе мен көп еріктілер қажет.
Мақтааралға көмек қолын созушы білуі тиіс:
– Cу бacқaн aумaқ өте үлкен. Қaншaмa үй cудың acтындa қaлғaн. Үй, қopa-қoпcыны aйтпaғaндa, қaншa aдaмның мaлы, егiнi, жиғaн-теpген дүниеci, техникacы шығынға ұшыраған;
– Тұpғындap эвaкуaциялaнып, уaқытшa мектептеpдi пaнaлaған;
– Не aпapған дұрыс? Азық-түлiк, киiм-кешек, жеңiл көpпе-төcек, жуыну құралдарын, бaлaлapғa жылы киiмдеp, oйыншықтap, жaлпы меpзiмi ұзaққa жapaмды зaттap aлғaн абзал;
– Былтыp Apыcтaғы жapылыc кезiнде aлмaтылықтap жiбеpген йoгуpт, aйpaн, бaлaлapғa apнaлғaн түpлi тәттiлеp aшып кеткен;
– Aқшaлaй жәpдем беpем деушiлеp бoлca coл aқшaны cу тacқынынaн зapдaп шеккен aдaмдapғa теңдей бөлiп қoлдapынa ұcтaтып кеткен дұpыc.
«24 сағатта 24 миллион теңге жиналды»
«Жалпы біз осыған дейін көптеген қайырымдылық жасадық. Шетелде ота жасатуға қаржы жинап, жалғызбасты, көпбалалы аналар мен жетім балаларға да үй әпердік. Сондықтан, қайырымдылық жасауымыздың мақсаты 24 сағатта ақша жинау. «Барымен – базар» демекші, 24 сағатта қанша ақша жиналды соны қайырымдылыққа жұмсау» – дейді экономист, танымал блогер Дәулет Мұқаев.
– Оңтүстіктегі жапа шеккен тұрғындарға қайырымдылық ретінде ақша жинадық. Басында арнайы бір мақсатымыз болды деп айта алмаймын, бірақ 24 сағаттың ішінде шамамен 23 млн 500 мың теңгеден аса қаражат жиналды. Реквизиттерді алып тастағанымызға қарамастан бізге арнайы хабарласып, әлі де көмек қолын созуын өтініп, ақшасын жіберіп жатқан азаматтар бар. Осылайша, 24 млн-ға жуық қаражат жинақталды, – дейді ол.
«Қазіргі таңда сайттар мен әлеуметтік желілерге қарап отырсам, Мақтааралға қаншама тонна азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық құралдар жіберіліп жатқанын байқадым. Сондықтан менде 24 млн-ға жуық ақшаға 24 тонна тамақ апарсам не болады, ысырап болмай ма деп ойлана келе, 11 сынып ҰБТ тапсыратын балаларға ноутбук алып беруді жөн көрдік. Себебі ілім жолындағы жастарға мотивация болсын деген ниет болды.
Өз басым білімді қолдаймын. Халқымның, қазақ жастарының білімді болғанын қалаймын. Ертеңгі күні ол мектеп түлектері де студент болады, қалаға келеді. Білімге талпынады, сабағын да жақсы оқиды. Сол үшін қазіргі таңда ноутбук – ең қажет құрал» – дейді блогер.
«Заттай беремін» деушілердің назарына!
Ел басына қиындық туғанда көмек қолын созушылар көп. Бұл жақсы, әрине. Дегенмен журналистті салқын күнде дірдектеп, мектеп спорт залдарын паналаған жандарға көмекті дұрыс бере алып жатырмыз ба деген сұрақ толғандырады.
Сондай-ақ, Асхат Садырбай былтыp Apыcтaғы жapылыc кезiнде ocындaй шapaны ұйымдacтыpып, бacы-қacындa жүpiп, көзбен көpiп қaйтқaндықтaн, бiлген-түйгенiмен бөлicкен еді…
Қaзip мaқтaapaлдықтapғa жaн-жaқтaн көмек беpiлiп жaтыp. Тaмaқ тa, бacқa дa. Былтыp Apыcтa көп нәpcе ыcыpaп бoлды. Қaншaма зaт aшыды, қaтып қaлды. Ең бipiншi ciзге coл aуылдың aдaмдapы қaй жеpге opнaлacты, oлapғa нaқты қaндaй зaттap кеpек екенiн бiлу керек. Cocын coл зaттapды әлгi пункттеpге бipден бөлiп-бөлiп дaйын қылып aпapып беpу кеpек. Coл жеpге бapып бөлу деген бoлмaйды. Тaлac-тapтыc, бipеу көп aлaды, бipеу aз aлaды, әйтеуip быт-шыты шығaды.
Жеpгiлiктi тұpғындap cу cейiлген coң aуылдapынa қaйтaды. Coл кезде шығын еcептеледi. Aлaйдa мемлекет oл шығындapдың бәpiн түгел жaуып беpе aлмaуы мүмкiн. Coндықтaн елден жинaлғaн қapжылaй көмек coл тұcтa кеpек бoлaды. Мұны coл aуылдың aдaмдapы өтiнiш қып aйтып oтыp, – дейді Асхат Садырбай.
Оның пікірінше, үйлестіру жұмыстарына қатысты жалпы жергілікті әкімдер, басшылар халыққа барып көбірек сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек сияқты. Үрейленіп отырған халық дұрыс түсінбей қалмас үшін болып жатқан жағдайды баяндап, ақпаратты дұрыс жеткізу керек.
Ақша діттеген жерге жете ме?
Дәулет 22 мамыр күні Мақтаарал ауданы Мырзакентте ресми түрде өзі барып тапсырамын деген ниетін білдірді.
«Мақтаарал аудандық білім беру басқармасының басшыларымен тікелей байланысқа шығып, олардың берген тізімі бойынша ноутбуктерді сыйламақпыз. Ол тізімге ҰБТ тапсырушыларға, көпбалалы отбасыларға, жетім балалар мен жартылай жетім балаларға (толық емес отбасы), үлгерімі жақсы оқушыларға тапсырылады» дейді Дәулет Мұқаев.
Дәулеттің айтуынша, халықтан жиналған ақшаның есебін дұрыс жүргізу, оның тиісті жерге жетуін қадағалау жұмыстары жүйеленген. Қаржы жинағанда 10-20 күндеп емес, 24 сағат қана жинап, содан кейін мақсатты дүниеге жұмсайды.
«24 сағатта қанша ақша жиналды, соның басын қосып, тауар аламыз. Мәселен, маған «сиыр алу керек еді, үйге жөндеу жұмыстарын жасау керек» деп жазып жатқандар бар. Бірақ ондай шығынды мемлекет көмек көрсетеді деп ойлаймын. Аз ақша бүкіл ауылдың үйін жөндеуге жетпейді. Бір үйге көмектессек, кейін басқа бір отбасы ренжуі мүмкін. Сондықтан барынша әділетті болсын деп биылғы түлектерге «Дәулеттің оқырмандары» атынан қайырымдылық ретінде сыйлық жасағалы отырмыз» дейді Дәулет Мұқаев.
«Көп ерікті жұмылғаны дұрыс»
«Былтырғы Арыс оқиғасына байланысты өз тәжірибемнен айтатын болсам, мұндай жағдайда еріктілер өте қажет әрі олар көп болуы керек. Көп еріктілердің жұмылғаны өте жақсы.
Еліміздегі еріктілердің жұмысына қатысты заңнан бұрын, еріктілердің басын қосатын ортақ желі қажет деп теледидар бағдарламаларында айтқан болатынмын. Еріктілер ұйымдары жетерлік. Олар әрқайсысы түрлі әрекет етіп, бір-бірімен байланыспағандықтан, үйлестіру жұмыстары да ақсап жатады. Сол себептен көптеген түсініспеушіліктер туындап жатыр.
Менің ойымша, барлық еріктілерге бірыңғай куәлік, яғни оны шын мәнінде растайтын құжат керек сияқты» дейді журналист Асхат Садырбай.
– Қаны қазақ қол ұшын бергісі келіп тұратынын түсінуге болады. Әлеуметтік парақшамдағы бір оқырманның пікіріне қосыламын. Ол халықтан жиналған дүние өңірдің бюджет шығынына қосылып кетуіне байланысты пікірін білдірген еді. Әрине, мемлекет міндетін өз мойындарына артып алып, кейде өз балаларының болашағына балта шауып отырғанын түсінетін уақыт келді. Әр мемлекетте төтенше жағдайда халыққа берілетін көмек туралы бағдарламалар жасалып, жан-жақты зерттеліп, толықтырылып, дайын тұруы қажет. Бізде ол жағы дұрыс жолға қойылмай жатқаны қынжылтады. Оған кедергі келтіретін осы біздің кеңпейілдігіміз бен жанашырлығымыз болса керек, – дейді А. Садырбай.
«Комиссия мүшесі болғаны дұрыс»
«Осы ретте аударылған ақша түбіртегінің скрин шоты немесе өзінің атына кір келтірмеуі үшін төрт-бес адамды тексеріс мақсатында комиссия мүшесі ретінде қойғаны дұрыс. Кейін қаражатты қалай және қайда жұмсалып жатқанын да тексере алады. Бұл жағдайда халыққа есеп беру мақсатында мемлекет те бақылай алады.
Келесі бір мәселе, ақша жиналатын карта нөмірі (карта есебі) басқа еш жерде қолданылмауы қажет. Сонда басқа ақша ағымымен шатаспай, жеке басының мақсатына жұмсалмайды, ашықтық, айқындық болады. Осылайша, тек қайырымдылық қорға арналған есеп-шот болуы қажет» – дейді Алғадай Әбілғазыұлы.
АЛАЯҚТАРДАН АБАЙЛАҢЫЗ!
Асхат Садырбайдың ойынша, алаяқтарға жем болып қалмау үшін заттай немесе ақшалай көмекті сенімді адамдарға көз жеткізген соң берген немесе жіберген дұрыс. Қазіргі таңда ақшалай көмек жинап, апарып беретін адамдар баршылық. Олардың жеткізіп беретініне кім кепіл?! Сондықтан, бұл мәселеге сақ болған жөн.
«Барлық жерден жол тауып, қулық жасауға болады» деп алаяқтық жасайтындарға келер болсақ, ол жеке адамның ар мәселесі мен иман таразысына салғанына байланысты. Сондықтан, көпшілік жағдайда бақылауда болғаны дұрыс әрі жеке адамнан гөрі топ болып істесе, бір-бірін бақылаудың механизмдері болушы еді деп ойлаймын» дейді дінтанушы Алғадай Әбілғазыұлы.
Адамдардың аяушылық сезімдерін тудырып…
Жалғас Сәдуақасұлының пікірінше, ғаламторда көмекке мұқтаж түрлі жандардың суреттерін қолданып, адамдардың мейірімділік сезімдеріне әсер ету арқылы танымайтын, білмейтін жандарға көмектесіп, алаяқтықпен айналысып, кәсіп қылып жүрген азаматтар да жоқ емес. Олардың алдын алу үшін жүйелі жұмыс қажет.
Ғалым ақша беруші азаматтар білуі тиіс нәрселерге қатысты көзқарасын да ортаға салды. Әр уақытта қаржы жүрген жерде есеп жүреді. Есепсіз қаржы болмайды. Қаржы есептелгенді ұнатады дейді ол.
– Исламда «хүснизан – бір адам жайында жақсы ойда болу» деген түсінік бар. Барлық жағдайда солай жасау керек пе? Өйткені, миллиондаған адамның ішінде жеке мүддесін көздейтін азаматтар да бар.
Егер, адам сол уақытта дереу көмектескісі келді ме, бұл оқиғаға байланысты мемлекетте қайырымдылық ұйымдары немесе топтарды анықтап, солар арқылы тиісті ақшалай көмегін тигізсе болады. Өйткені, су астында қалған адам суретке түсіріп, «маған көмектесіңдер» дегенге жіберудің қажеті шамалы. Жасаған қайырымдылығыңыздың тиісті жерге жетіп, оған көзіңізді жеткізгеніңіз дұрыс, – дейді Ж. Сәдуақасұлы.
– Жеке адамдардың қайырымдылықпен айналысуына шариғи тұрғыдан ешқандай тыйым жоқ. Ол өте сауапты әрі көпшілікке пайдалы іс болып саналады. Ал, «көпшілікті алдаймын» деген ниеті болып сол ойын жүзеге асырса, онда көптің хақысына қол сұққан боп күнәсі де еселене түседі. Сондықтан, қайырымдылықпен айналысу – үлкен, жауапты іс болып саналады, – дейді А. Әбілғазыұлы.
Дайындаған Руслан БЕГЕН
Жарайсың
Осы Даулеттей жанашыр бауырларымыз көбейе берсін! Аллам ұзақ ғұмыр берсін! Ұлт жанашыры, қандай игі істер жасап жатыр. Қазағым өсіп-өніп көркейе берсін, Даулет бауырымыз сияқты!!!!
Алла разы болсын!