Бүгін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшылығы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тәрбиеленіп жатқан мүмкіндігі шектеулі балалармен кездесті.
Кездесудің басты мақсаты қоғамнан ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға жан жылуын ғана сыйлап қоймай, мүмкіндігі шектеулі балалардың қажетіне бочча ойының құралдарын табыстау еді.
Қайырымдылық акция барысында «Нұрлы жүрек» орталығының балалары жиналғандарға «Біз біргеміз» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Мүмкіндігі шектеулі балалар ән айтып, би билеп, тәрбиешілерімен бірге қызық ойындар ойнап, көрермен көңілін бірден баурап алды.
Концертке Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ата-әжелері, «Нұрлы жүрек» орталығының қызметкерлері мен балалары көрермен болды.
Концерт соңында БҰӨСО-ның директоры Мұхтар Еркетаев балаларға жүрекжарды лебізін білдіріп, қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайтынын баса айтып өтті.
Қайырымдылық шарасының екінші бөлігі спорт алаңында жалғасты. Мүмкіндігі шектеулі балалар бочча ойынын ойнап, тамаша ойын көрінісін көрсетті. Ойын аяқталғаннан кейін Сарыарқа ауданы бойынша БҰӨСО-нан барған ата-әжелер ақжарма тілектерін айтып, жас жеткіншектерге тәтті шоколадтар таратты.
«Біз аға буын өкілдері жастарды өзіміздің үлгі істерімізбен қайырымдылыққа, жанашырлыққа, шынайылыққа тәрбиелеу керекпіз. Бұл қайырымдылық шарасы тек балалар үшін ғана емес, сонымен қатар көмек көрсететіндер үшін де маңызды. Қазіргі уақытта жылы қарым-қатынас пен назарды қажет ететін адамдарды ұмытуға болмайды. Қайырымдылық -халықтың мәдениеті мен тәрбиесінің бейнесі» – деп сөзін түйіндеді Сарыарқа ауданы бойынша БҰӨСО-ның басшысы Кенжеболат Бапишев.
Сонымен қатар, қайырымдылық шарасына Астана қаласының кәсіпкерлері де атсалысады.
Іс-шара 10 қазан Халықаралық мүгедектер күніне орайластырылған. Елімізде Мүгедектігі бар адамдар күні қазан айының екінші жексенбісі болып саналады.