1-сұрақ: Рамазан айында қайтыс болған кісінің қалған күндеріндегі оразасының орнына балалары підия төлеуі қажет пе?
Жауап: Жауап оқырман қауымға түсінікті болу үшін алдымен підия дегеннің не екеніне қысқаша тоқтала кетейік.
Егер мұсылман адам рамазан айындағы парыз оразаны жазылмайтын науқастығына немесе қарттығына байланысты ұстай алмайтын болса, онда ұстай алмаған әр күні үшін підия төлеуі қажет. Ол үшін кедей адамды екі мезгілдік тамақпен тамақтандыруы немесе соған жететін қаражатты беруі керек.
Ораза ұстай алмаған әр күніне кедей адамды тамақтандыруды підия төлеу деп атайды. підия төлеу арқылы ол ораза ұстау міндетінен құтылады.
Әрине підияны шамасы жететіндер өтейді. Ал ораза ұстай алмайтын кісінің өзі де кедей болса, онда оған підия төлеу уәжіп болмайды. Сондай-ақ бұл кісі рамазан айының ішінде қайтыс болса, одан кейінгі күндеріне підия төленбейді.
Енді сіздің сұрағыңызға оралатын болсақ, ораза ұстап жүрген кісі рамазан айында қайтыс болса, оның қайтыс болуымен амалдары тоқталатындықтан, қалған күндеріне підия төлеу қажет емес.
Ал бірақ ол кісінің ораза ұстау мүмкіншілігі бола тұра, ораза ұстамаған күндері болса және қайтыс болардың алдында сол күндері үшін артында қалған кісілерге підия төлеуді өсиет етсе, сол жағдайда ғана жақындары оның дүние-мүлкінің үштен бірінен алып, підиясын төлейді. Ал өсиет етпеген болса мұны төлеуге міндетті емес.
Алау Әділбаев