Бүгінгі сұхбаттасымыз 90-жылдардың басында «Дәм тартып жатқа, кеттің бе, қалқам» деп басталатын «Қарындасыма» атты әнімен кеңінен танылды. Көптің көзіне жас үйірген осы лирикалық туындыдан кейін «Алматының түндері-ай», «Фарида» атты әндері де танымал болды. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінде еңбек ететін композитор, запастағы майор Қайрат Жүнісов өмірін әскери-патриоттық әндер жазуға арнап келеді.
– Қайрат Қаратайұлы, сізді еліміздің Қарулы күштері үшін әскери-патриоттық әндер жазған композитор ретінде білеміз. Әскери әндер жазуға қалай мойын бұрдыңыз?
– Мен, жалпы, ән жазуды 2-сыныптан бастап қолға алыппын. Мектеп сахнасында балалар әндерімді айтып жүретін. Кейін консерваторияға түсіп, әншілік мамандығын алып шықтым. 80-жылдардың аяғынан алғашқы туындыларым жарыққа шыға бастады. Соның ішінде Қыдырәлі Болманов орындаған «Қарындасыма» атты әнімнің орны ерекше болды.
90-жылдардың басында еліміз тәуелсіздік алғанда бүкіл халықтың бойында Отанға, елге, жерге деген патриоттық сезім оянғаны белгілі. Ғасырлар бойы армандап келген азаттыққа қолымыз жетті деп кеудемізді мақтаныш оты кернеп жүрді. Сол уақытта «Әрбір қазақ қолынан не келеді, сонымен елге, тәуелсіздіктің нығаюына қызмет етуі керек» деген байламға тоқтадым. Ал менің қолымнан келетіні не? Ол – ән жазу, сазгерлік өнер. Отаншылдық тақырыбындағы, әскери әндерге бет бұруым осы кезден басталды. 1994 жылы Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблі ашылғанда бірден осы жерге қызметке келдім. Міне, содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіпті.
– Әскери-патриоттық бағытта қандай әндер жаздыңыз?
– Әндерімнің де, ән жинақтарымның да саны көп. Мысалы, 1998 жылы Қарулы күштер тарихындағы «Еркіндік сүйген егемен елім» атты тұңғыш патриоттық ән жинағым жарық көрді. Одан кейін «Ант етемін», «Сарбаз», «Жауынгер» атты ән жинақтарым да көпшілік қауымға жол тартты. Ал «Егемен Қазақстан» атты әнім Қарулы күштеріміздің әнұранына айналды десем, артық айтқандық емес.
Қазіргі таңда тек әскери бағыттағы әндер емес, жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін өзге де жобаларды қолға алып жатырмын. Соның бірі – «Сарбаз сахнасы» атты авторлық жобам. Ол жерде Қарулы күштердегі шығармашыл жастар, әскери ұжымдар өз өнерлерін паш етеді. Бұдан бөлек, «Әскери өнер салтанаты» Қорғаныс министрінің арнайы сыйлығы үшін «Әскери музыка конкурсы», түркітілдес елдер Қарулы күштері шығармашылық ұжымдарының арасындағы «Музыка және би халықаралық фестивалі» секілді жобаларды қолға алдым.
– Біздің білуімізше, әскери-патриоттық ән жазуға өзгеше талғам мен жауапкершілік керек. Жалпы, сізді не шабыттандырады? Сіз үшін әскери әннің ерекшелігі неде?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, мен бұл салаға саналы түрде, өз таңдауыммен келген жанмын. Мені шабыттандыратын нәрсе – еліме, жеріме қызмет етсем деген мақсат. Сондықтан осы салаға өмірімді арнадым. Әскери әндердің ерекшелігі – оны тыңдаған адамның бойында отаншылдық сезімін оятатын болуы маңызды. Әнді жазатын сазгердің бойында патриоттық сезім болуға тиіс. Мысалы, мен көп әндерімнің мәтінін өзім жазамын. Ол жерде айтылатын сөздер пафостық сипатта емес, риясыз көңілден шығуы қажет. Өзім талай байқауларда қазылық етіп жүрмін. Байқайтыным, егер сөзі дұрыс болмаса, ол жақсы әуеннің бағын ашпайды. Ал оны жазған адамның бойында Отанға деген сезімі болмаса, одан жақсы мәтін де шықпайды.
– Туындыларыңыздың ішінде жаныңызға жақыны, сүйікті әніңіз бар ма?
– Шығармашылық адамы үшін оның әрбір туындысы өзінің баласындай болады екен. Әр туындының өз орны мен көтерер жүгі бар. Бірақ жоғарыда айтып кеткендей, Қорғаныс министрлігінің әрбір іс-шарасында айтылып жүрген «Егемен Қазақстан» атты әнімнің шоқтығы биік. Қазір бұл әнсіз министрліктің бірде-бір мәдени-көпшілік іс-шарасы өтпейді. Мен бұл әнді қалай жаздым дегенге келсек, 90-жылдардың басында еліміз енді тәуелсіздік алар тұста түрлі сепаратистік сипаттағы оқиға көбейіп кетті ғой. Мәселен, Оралда казактар бүлігі болғанын білеміз. Сол уақытта елдің тыныштығы мен тұтастығын бұзғысы келетін оқиғаларға менің ішкі қарсылығымнан шыққан ән бұл.
Бір офицер адам кезінде менің осы әніме өзінің үлкен бағасын беріп еді: «Мен сіздің осы әніңізді тыңдағанда кез келген шабуылға шығуға дайын боламын», деді ол. Егер туындым елді қорғайтын жауынгерлерімізге осылай әсер етіп, көңілдеріне шабыт беріп жатса, сазгер үшін бұдан асқан баға бар ма?
– 26 қарашада шығармашылық кешіңіз өтеді екен. Сол туралы қысқаша айтып берсеңіз.
– Халық алдында шығармашылық есеп беретін кез келді деген оймен осы авторлық кешімді өткізуді қолға алдым. Қорғаныс министрлігінің басшылығына алғысым шексіз, олар менің бастамамды қызу қолдады. Концертім елордамызда Еркеғали Рахмадиев атындағы «Астана» концерт залында өтеді. Ол жерде халық арасында танымал болған бұрынғы шығармаларыммен қоса жаңа әндерім де орындалады. Мен үшін мәні айрықша концерт болайын деп жатыр. Бәріңізді шығармашылық кешіме шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ