– Қайрат мырза! Өзіңіздің бір жазбаңызда діндегі пікір плюрализмін тілге тиек еткен екенсіз. Осы сөзіңіздің мәнін кеңірек ашып берсеңіз?
– Әртүрлі ойдың болуы адам табиғатына тән құбылыс. Қанша адам болса, сонша көзқарас пен пікір кездеседі. Мысалы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, түрлі кәсіби топтар мен бағыт өкілдерінің белсенді мүшелерінің басын қосты. Сенім кеңесінің мүшелері әр алуан әлеуметтік топтың өкілі ретінде өз ойларын ортаға салады. Яғни осы тұрғыдан әр саланың өз пікірі болатынына назар аударып, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын ұсынды.
Ал діндегі пікір плюрализмі дегеніміз – діни көзқарастардың алуандылығы. Бұл тек ислам дініне тән құбылыс емес. Яғни, әртүрлі діни топтардың астарында пікір алуандығы бар. Ақиқат дін адамзаттың өмірін реттеу үшін келгеннен кейін әрбір адамның, әрбір ұлттың, халықтың жағдайын ескеруі заңды. Сол үшін адам өмірі өзгеруге бейім болғаннан кейін діннің де, шариғаттың да кейбір жағдаяттарға қарай өзгеруі не соларға жауап беруі керек. Сонда ғана хақ дін – өміршең болмақ. Адам өмірі сан салалы, сан қилы болғандықтан, ол бір орында тұрмай, әрдайым өзгеріп тұрады.
Географиялық кеңістікке қарай айтатын болсақ, Азия халықтары мен Еуропа, Африка халықтарының тұрмыс-тіршілігін салыстыруға келмейді. Сондықтан дін осы ерекшеліктермен, құндылықтармен санасатын болса, дұрыс дін болады деген сөз. Себебі XXI ғасырда өмір сүріп, VII ғасырдағы түсінікпен, салтпен шектеле алмаймыз. Ислам шариғаты барлық заманға, кеңістікке, қоғамға жауап бере алатын дін. Егер жауап бере алмайтын болса, онда ол діннің емес, дін ұстанушылардың кемшілігі.
Аталған кемшіліктің нәтижесі исламға деген жаңсақ түсініктердің қалыптасуына себеп болады. Маңыздысы сол талас – пікірсіз болмауы қажет. Өйткені кейде діни ортада пікірсіз, жалаң талас-тартыс болады. Ал пікір бар жерде ой бар. Ой болса зерттеу болады. Яғни, зерттеудің нәтижесінде орын алған пікірталас, ғылыми негізге сүйенген дикуссия құпталады. Бірақ оның да әдебі, өз заңдылықтары бар. Осының нәтижесінде дұрыс дикуссия болады.
– Расында, уақыт өте келе діни көзқарастар өзгеріп келеді. Оның қоғамға берер әсері қандай болмақ?
– Дінде әртүрлі пікірдің болуы барлық дінге тән құбылыс. Ислам дініннің тарихына көз жүгіртсек, түрлі саяси құқықтық көзқарастардың нәтижесінде діни бағыттар, мектептер қалыптасты. Бұл алуан түрлі көзқарас қоғамға кері әсерін береді деген сөз емес. Дінге байланысты пікір білдіргенде «Менікі ғана дұрыс» деген ұстанымнан ада болған жөн. Көзқарас ғылыми әдістерге, нұрлы ақылға негізделуі керек.
Мысалы, ханафилік, шафиғилік, ханбалилік, мәликилік құқықтық мектептердің ғылыми негіздемелері бар. Сондықтан бұлар бірауыздан мақұлданған мектептер болып, сан ғасырдан бері қоғам талабы мен өзгерістерге жауап беріп келеді. Сондай-ақ жекелеген көзқарастар ғылымға, қисынға, ақылға негізделген болса, оларды да құптауға болады. Алайда діни көзқарастар, өзара пікір алмасу талас-тартысқа, жанжалға алып барып, қоғам тұрақтылығына сына қақпауы қажет.
Дін қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға мүдделі. «Ораза, намаз тоқтықта» деп ата-бабамыз айтқандай, қоғамда бейберекетсіздік, аштық, тұрақсыздық орын алған жағдайда ғана діни ортада қиындық туындауы мүмкін. Діннің асыл мақсаты тұрақты қоғамда ғана жүзеге асады.
Құран Кәрімде «Сендердің діндерің – өздеріңе, менің дінім өзіме» («Кафирун» сүресі, 6-аят) – деген аят бар. Яғни исламда сенім еркіндігі, ой еркіндігі бар. Пайғамбар сөзін түсінуде де түрлі көзқарастар қалыптасқан. Өйткені әр адам өз қарым-қабілетіне, санасына қарай қабылдайды. Тіпті, пайғамбардан тікелей тәлім алған сахабалардың өзі үкім шығару барысында да түрлі көзқараста болды. Оған сол адамдардың пікір плюрализмі, діни мәтіндердің тілдік, лингвистикалық, мақсаттық, прагматикалық тұрғыда түсінудегі әртүрлі ұстанымдары әсер етті.
Хадистерді жазба мәтіндерден оқығанда, айтушының жағдайын, көңіл-күйін сезінбейсің. Себебі, жазба мәтінде интонация, бейвербалды әрекеттер жоқ. Сондықтан, уақыт өте келе жазба мәтіндерді түсінуде әртүрлі көзқарастар туындады. Мемлекеттік құзырлы мекемелер, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы, ғылыми орталықтар бұның барлығын бақылауда ұстайтын болса, ешқандай қауіптің болмайтыны анық.
– Діни шектен шығушы топтармен қалай күресуге болады?
– Діни радикализммен күресу үшін дұрыс діни түсінік қалыптастыру маңызды. Ал дұрыс діни түсінікті қалыптастыру үшін орта ғасырлық діни түсінікпен шектелмеген кадрлар керек. Сонымен қатар дін негіздерімен қоса заман ағымын ескеретіндей дүниетанымы кең болуы да маңызды.
Ислам дінін ұстанушылар көп болғандықтан, ислам дінін оқытатын діни мектептерге, университеттерге көп көңіл бөлу қажет. Елімізде «Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті» діни салада қызмет ететін, осы салада ғылыми зерттеу жүргізетін, білікті мамандар даярлайтын жалғыз университет. Ол Қазақстандағы зайырлылық принциптерге негізделген жоғары діни оқу орны. Діни кадрлар дайындауда, діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде, дерадикализация бағытындағы үлкен орны бар университет.
– Естуімізше, “Намаз оқымайтын адам – кәпір” дейтіндерге жауап» деген еңбегіңіз жарыққа шығайын деп жатыр. Бұл кітапты жазудағы мақсатыңыз қандай?
– Бұл кітап жарыққа шықты. Аталған шағын еңбекте дін мәселелерін, оның ішінде исламтануда кейбір пікірталас туындатқан санаулы сұрақтар мен мәселелер көтерілді. Әуелде діни мәселенің күрделенуіне түрткі болатын тақырыптарға ғылыми негізде, соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіретін жеке-жеке кітапша етіп шығаруды жоспарладым. Негізінде мұндай еңбектер ертерек жазылуы керек еді. Мемлекеттің осы бағытқа бөлген қаржысы дұрыс жұмсалуы қажет. Осы уақытқа дейін қажеттілікке сай, сұранысқа жауап беретін кітаптар аз шықты, тіпті жоқтың қасы десе болады.
Жат ағым өкілдерінің пікірталасына себепкер болып отырған шамамен 20-30 мәселе бар. Соның бірі – «намаз оқымайтын адам – кәпір» дейді. Намаз оқымайтын адамды күпірлікпен айыптау – діни радикал топтардың пікірталасына айналды. Дәстүрлі дінді ұстанған мұсылман жамағаты мен шектен шығушы топтар арасында жанжалға алып баратын тақырып. Бірбеткей ұстанымдағы әсіредіншілдер намаз оқымайтынның бәрін күпірлікпен айыптайды. Елімізде экстремистік топ ретінде танылған «тәкфир уәл-хижра» жамағаты өзге сенім өлтіруге, олардың малын, жанын, қанын адал деп санауға дейін барған. Бұның аяғы қоғамдағы тұрақтылығына сызат түсіріп, дау-жанжал шығып, тіпті өршу ықтималдығын туғызады. Намаз оқымайтын адамды «кәпір» деп санағаннан кейін, оған қатысты ұстаным, қарым-қатынас өзгереді. Намаз оқымайтын адамдардың барлығын «кәпір» деп айтуға болмайтындығын осы еңбекте діни мәтіндердің негізінде көрсеттік.
Өзімнің шәкіртім докторант, білікті маман Нұржан Стамбакиев екеуміз осы жобаны қолға алдық. Діни пікірталас, талас-тартысқа себеп және арқау болған әрбір тақырыпқа орыс және қазақ тілінде жеке-жеке еңбек жазылады. Бірі намаз оқымайтын адамға қатысты болса, екіншісі жиһад тақырыбында, одан кейін мәзһаб ұстану – адасушылық, Әбу Ханифа хадис білмеген дейтіндерге жауап секілді еңбектер жарық көрді.
Алдағы уақыттағы мақсатымыз – жалпы ислам әлемінде діни көзқарастардың қақтығысына алып келетін жекелеген тақырыптар бар. Осы тақырыптарға бір арнайы еңбек жазып, жан-жақты талқылап баяндап берсек, дінтанушы, исламтанушы, теологтарға бір хрестоматия болатын еді. Сондай-ақ бұл жат ағымдардың жетегіне ергендермен оңалту мақсатында жұмыс жасайтындарға таптырмас құрал болар еді.
– Алдағы уақытта тағы қандай еңбектер жазу жоспарыңызда бар?
– Алға қойған жоспарлар аз емес. Өзімнің тағы бір шәкіртім докторант, дінтанушы Ернар Есімқұловпен бес томдық ислам тарихын жазуды қолға алғанбыз. Оның бір томын жарыққа шығардық. Ислам тарихында орын алған өте көп деректер бар. Сол деректердің ішіндегі ең маңыздыларын, сенімділерін таңдай отырып, ислам тарихын бес кезеңге бөліп, оның әр кезеңіне бір-бір кітап жазуды ұйғардық.
Сонымен қатар дерадикализация бағытындағы проблемаларға арнайы кітап жазуды бастап отырмыз. Бұған қоса жекелеген еңбектерім бар, оларды жарыққа шыққанда көретін боласыздар.
– Елімізде діни ахуалдың бірқалыпты болуына қандай мүмкіндіктер қажет?
– Мүмкіндіктер өте көп, оларды дұрыс пайдалану қажет. Діни ахуал әрдайым бірқалыпты емес. Сәт сайын өзгеріп отырған әлемдегі ахуал діни ахуалды да айналып өтпейді. Бірақ оларды тепе-теңдікте ұстау үшін ортақ құндылықтарды алға тартуымыз керек. Қаншама пікір болса да олардың тоғысатын нүктесі бар. Ол – қоғам тұрақтылығы. Оны біз бірінші кезекке қойсақ, барлық көзқарастар мен бағыттар сонда ғана бірігеді. Сол кезде оны сақтауға бәрі мүдделі болады деген сөз.
Барлық дін – адами құндылықтарда біріге алады. Яғни, осындай ортақ дүниелерде бірігіп, келісімге келетінін ұмытпауымыз керек.
– Қайрат аға, қазіргі таңда көптеген шәкірт тәрбиелеп, діни білім беру жолындасыз. Артта келе жатқан ұрпаққа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Жастарға көп кітап оқуға кеңес берер едім. Өйткені, Құранның алғашқы аятында «Оқы» деп айтылған. Кез келген проблема – сол оқымағаннан туындайды. Қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру керек. Өркениет пен мәдениеттің өзегі – білім. Сол себепті білімсіз, ғылымсыз алға жылжи алмаймыз. Ыбырай атамыз айтпақшы, оқу керек, оқығанды ықыласпен тоқу керек.
– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ