Сұрақ: Кейбір кітаптарда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабірге баруға бір кездерде тыйым салғаны жайында айтылады. Бұл қаншалықты рас?
Жауап: Бізге жеткен бір хадисте «Мен сізге қабірлерге баруға тыйым салдым, енді ол жерге барсаңдар болады. Себебі, қабірлерге бару өлімді еске түсіреді және ғибрат бар»[1] – деп бұйырылады. Яғни, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабірге баруға бір кездерде тыйым салғаны рас оқиға.
Бірақ, жоғарыдағы хадисте айтылғандай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) исламның алғашқы кезінде қабірге баруға тыйым салғанымен, кейіннен бұл мәселені адамдардың өздерінің қалауына қалдырған.
Қабірге баруға байланысты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) салған тыйымы және артынан рұқсат беруі, Аллаға ғана иман етудің қалыптасуымен байланысты жағдай болса керек. Себебі, сол кезеңде бір Аллаға иман ету жер бетінде жоқ болып кеткен еді. Құран Кәрімнің түсірілуімен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пұтқа табынудың іздерін толықтай өшіру үшін ең кішкене мәселеге болса да байсалдылықпен қараған.
Міне, бұл алаңдаушылығына байланысты, исламның алғашқы жылдарында қабірге баруға тыйым салған. Бір Аллаға иман ету сенімінің орнығуы және қабылдана бастауымен бұл тыйым да алынып тасталды.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) қабірге баруға тыйымды алып тастаумен ғана шектелмеді, «ақыретті еске түсіруі»[2] және «өлімді ойлап»[3] ғибрат алынуына себеп болатын үгіт ретінде, үмбетінің қабірлерге баруын құптаған.
Күмәнсіз, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл құптауы арқылы мұсылмандардың ақыретке иманын күшейтуді мақсат еткен. Ең тас жүректердің де өлім сезімі алдында жұмсай бастайтыны – шындық. Мазарлар өлім ақиқат екенін көзбен көріп, сезетін мекен. Бұл жағынан қарағанда, қабірлерге барып тұру, бәрінен бұрын, алдымен өкіну сезімдерінің оянуына себеп болады.
Қабірлерге барғанда дүние тіршілігінің өткінші болу шындығымен бетпе-бет келген кісі, дүниелік пайданы мақсат еткен іс-әрекетін қаншалықты мағынасыз екендігін жақсы айырады және тез арада өзіне есеп беруі керек екенін түсіне бастайды.
Қабірлерге барудың бұл пайдалары әйел, еркек бүкіл мұсылмандар үшін үлкен мәнге ие. Осындай пайдаларына қарамастан, әйелдерге қабірге баруға тыйым салынғанын білдіретін кейбір хадистерде[4] надандық кезеңіне тән қате сенімдер мен ырымдарды жоюға бағытталған мақсат болса керек.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайы Айша (р.а.) бауыры Абдураһманның қабіріне баруы[5] және Фатиманың әр жұма күні шейіттердің мырзасы Хамзаның (р.а.) қабіріне тұрақты түрде барып тұруы[6] бұл жөнінде жалпы тыйым болмағанын көрсетеді.
Балғабек Мырзаев
[1] Әбу Дәуд, Жәнаиз, 75, 77.
[2] Тирмизи, Жәнаиз, 60.
[3] Әбу Дәуд, Жәнаиз, 75,77.
[4] Әбу Дәуд, Жәнаиз, 6,78; НМ2030 ибн Ханбел, I, 230.
[5] Абдуреззак, Мусанеф, III, 570.
[6] Абдураззек, Мусанеф, III.572.