Бұл сөздің этимологиясына қатысты ғалым Əбдуəли Қайдардан «Ғылымдағы ғұмыр. Қазақ тілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері» атты кітабында түсініктеме берген. Ондағы «Жылқы малының жасы мен жынысына қатысты атаулардың этимологиясы» тармағында жазуынша, қазақ тілінде тұлпар аттарға қатысты қолданылатын «пырақ», «дүлдүл» сөздері жиі айтылады. Бұл сөздердің де мағынасы қазіргі кезде көпшілікке түсініксіз. Бұл сөздер қазақ тіліне ислам дінімен енген.
«Пырақ (арабша ол – Бурақ немесе Буран) – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) «мирадж» түні жеті қат көкке көтеріліп, Алланың тағының алдына барған жəне қасиетті Иерусалим қаласына сапар шеккенде мінген қасиетті қанатты жануары. Діни ілім бойынша бұл қасиетті жануар басқа пайғамбарларға да қызмет еткен. Оны Алла тағала пайғамбарларға əдейілеп аспаннан түсіріп отырады. Алғашқы мұсылман дəстүрінде Бурақ ақ түсті, ұзын денелі, құлағы ұзын, алдыңғы аяғында ақ қанаттары бар жануар ретінде сипатталатын. Кейін адам басты, қолтығында қанаттары бар, аша тұяқты, атқа ұқсас жануар түрінде суреттеле бастады. Мұсылмандық дəстүрдегі шығыс миниатюраларында «мирадж» түнін бейнелейтін суреттерде Мұхаммед пайғамбар аспанда бұлт арасында, періштелер қоршауында осы Бурақтың үстінде бейнеленді. Ислам дінін қабылдағаннан кейін қазақтар өздерінің қанатты тұлпарларын осы қасиетті жануарларға теңеп атай бастаған. Бүгінде Бурақ сөзі өзгеріске түсіп, пырақ болып кеткен» деп толғайды ол [1].
Ғалымның бір зерттеуімен бұл сөздің бергі төркінін анықтап алдық. Енді оның арғы төркіні қандай, соған аз-кем тоқталалық. Ислам энциклопедиясында ол «әл-Бурак», яғни, мініске арналған малдың (хайуанның) аты ретінде берілген [2]. Ондағы дерекке қарағанда, әл-Бурак атауы «жылтырау», «жарқырау» деген түбірден тарайтын мағынаны білдіреді.
Қазіргі таңда дін зерттеушілерінің арасында ол араб тіліндегі – найзағай, жалт-жұлт еткен, зулау мағыналарын да білдіреді деген пікір бар. Демек, бұл сөздің мәні: жай оғындай жылдам, әп-сәтте орын ауыстыра алатындай тез деген ұғыммен астасып тұр. Қалай болғанда да, пайғамбардың осындай бір жануарға мініп, айлап жүретін ұзақ жерге, Ақса мешітіне бір түнде жетуі, ол жерден Жебірейіл періштемен бірге көкке көтерілуі Алла тарапынан көрсетілген үлкен мұғжиза, керемет дүниесі саналады. Аталған оқиға Құранда да, хадисте де баяндалған. Ислами әдебиеттерде мұны «Исра» немесе «Миғраж» деп атайды.
Қисса миғраж саллұллаһү-ғалайһи-уәссәләм (Пайғамбардың көкке шығуы) баянында бұл оқиға былайша сипатталған: «Бұл туралы Расулұлла ғ.с. айтады: Бір кеште жатыр едім, біреу келіп оятты. Көзімді ашсам, Жебірейіл досым екен. Ол: «Ей, Расулұлла! Бұл күн ұйқы күні емес. Хақтағала сәлем айтып, қасына шақырды. Достым Мұхаммедпен сырым бар. Менің ғажайып-ғаламатымды көрсін. Көңілі ашылып, қайғысы басылсын», – деді. Сонда Расулұлла «Мен бұл қызметіңе әзірмін», – дейді.
Расулұлла ғ.с. айтады: Тұрдым, дәрет алдым, тысқа шықтым. Жебірейіл ғ.с. пырақ келтірді. Көрдім. Қашардан кішірек, есектен үлкенірек. Жүзі адам ұқсас, көздері үлкен, құлақтары жіңішке. Маңдайы жарқыраған нұрлы, тәні қызыл жаһүт. Қызыл маржаннан, басы саф жұпардан. Құлағы ақ інжуден. Інжу мен алтын араласқан жүгенім жүгенделген екен. Жебірейіл ғ.с. пырақты ұстап: «Әй, Әбутәлиб жетімі! Бұл кеш сенің кешің», – деді. Содан кейін пыраққа мініп аттандым» (XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова) [3].
«Пырақ» сөзі Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігінде [4] араб тілінен енген «Зат есім» сөз ретінде 2 тұрғыда қарастырылған:
- Қиял-ғажайып ертегілерде, эпостарда кездесетін қанатты тұлпар.
- Жүйрік ат, сәйгүлік, арғымақ.
Поэзияда теңеу ретінде ең көп қолданылады. Мысалы, Қыз Жібек жырында: «Көлге біткен құрағым, суырылып озған пырағым» деген жолдар бар.
Осы жерде бір айта кетерлік жайт, хикметке ие «Пырақ» сөзі мен грек мифологиясындағы «Пегасқа» теңдік белгісін қою дұрыс емес. Эквивалентсіз лексика немесе баламасыз образдар ретінде қолдануға болатын-ақ шығар, бірақ, теңдік қойылмауға тиісті. Сыртқы пошымында ұқсастықтар болғанымен, екеуі екі қайнардан тараған екі басқа «кейіпкер». Пырақтың аңыз-әфсанасы туралы жоғарыда айтып өттік. Ал пегас деген не? Қазіргі кей қазақ ақындары Пегасты шабыттың пірі ретінде жырлап жүр. Айналып келгенде, оның Еуропа мәдениетінің нышаны екендігін атап өткен жөн. Біздің түркі-исламдық мәдениетімізге түк те қатысы жоқ. Мысалы, грек мифологиясындағы қанатты тұлпар Персей жеңіп, басын кескен Горгона Медузаның денесінен (қаны тамшысынан) жаралған. Ол Океанның жанында пайда болғандықтан, pegasos (pegai) – қазақша мағынасы «буырқанған», «бұлақ», «көз» [5]. Ал елдің «шабыт пірі» көріп жүргені оның тұяғының дүбірінен Геликон тауында Гиппокрена бұлағының көзі ашылып, ол бұлақтан ақындар шығармашылық өнер мен шалқар шабытты иеленген делінеді.
Осы орайда мемлекеттік елтаңбадағы қанатты аттарды «Пегас» деп танып жүргендердың құлағына алтын сырға. Ондағы тұлпарлар – пырақтар.
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында берілген герб түсініктемесінде былай делінген: «Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.
Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, сонымен қатар, жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін белсенді пайдаланылған. Көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулі орын алды. Сондықтан молшылық әкелетін мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық образ болып саналады».
Аталған мәтіннің орысшасында да «Крылатые мифические кони – тулпары…» деп қана берілген.
Адамзат арасында алғаш жылқыға бас білдіріп, үйретіп мінген ұлыдалалық бабаларымыз еді. Сол ықылым дәуірлерден адам-жылқы, яки кентавр диалектикасы күні кешегі дейін, отырықшы елге айналғанымызша жалғасты. Әзір де алаш баласының жылқы көрсе көздерінің жайнап, қанының қызып, арқаланып, әруақтанып кетуі – түпкі архитиптік санамыздың әлі де ояулығын паш етеді. Ендеше, бірде-бір елдік нышанымызда ұлттық бірегейлігімізді транцедентті тылсым әлемге байлайтын, түпкі ұғымының бастауын киелі кітап пен пайғамбарлар тағылымына тартатын пырақтың, осындай ғажайып тұлпардың болмауы халқымыздың тәңірі назарынан тыс қалғанын білдірер еді. Алайда, бүгінгі елтаңбамыз мемлекеттің мемлекеттілігі мен мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық-мирастық ерекшеліктерді білдіріп қана қоймай, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Миғраж оқиғасына сілтеме беретін бейненің болуымен де құнды.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Қ.Əбдуəли. Ғылымдағы ғұмыр Қазақтілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 256 – бет. 2014 ж.
- Ислам энциклопедия. Бас редактор Р.Нұрғалиев. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, Алматы, 1995 ж. 24 бет.
- Қисса миғраж саллұллаһү-ғалайһи-уәссәләм/ПАЙҒАМБАРДЫҢ КӨККЕ ШЫҒУЫ. 06.02.2019 ж. Сілтемесі: http://kozhalar.kz/20195632-qissa-mighrazh-sallullahu-ghalajhi-uassalam
- Қазақ сөздігі. Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі. Құраст.: Н. Уәли, Ш. Құрманбайұлы, М. Малбақов, Р. Шойбеков және т.б. Алматы, Дәуір баспасы. 2013 ж. 1485 б.
- Д. Б. Есімбекова. Мифопоэтикалық хронотоп. Журнал: ҚазҰУ Хабаршысы. 2011 ж.
- Қазақстан Республикасының мемлекеттiк елтаңбасы. Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты. Сілтемесі: http://www.akorda.kz/kz/state_symbols/kazakhstan_emblem
Абылайхан Қалназаров
Мәдениеттанушы-лингвист