Қазіргі таңда мұсылмандар арасында бір-бірін күпірлікпен айыптау үрдісі белең алуда. Алайда, дәстүрлі ислам күпірлікпен айыптауды жоққа шығарады және туысқандық байланысты сақтауды маңызды санайды. Псевдосалафи идеологтары бұл мәселеге қалай қарайды?
Соңғы кездері мұсылмандар арасында діннің жекелеген мәселелерін бұрмалап, күмәнді көзқарастарды қалыптастырушылар кездесуде. Солардың бірі – «тәкфіршілер» деп аталатын жамағат. Олар өздерінің бұрмаланған сенімдерімен көптеген мұсылмандарды таухид пен куфр (бірқұдайлық мен күпірлік), иман мен ширк (сенім мен құдайға серік қосу) мәселесінде адастырып, өздерінен басқа мұсылмандарды хақ жолдан тайды деп айыптауда. Діни сауатының төмендігі салдарынан аталмыш ағымның көзқарасы мен ұстанымына бірқатар отандастарымыз ілесуде.
«Ат-такфир уәль-хиджра» немесе «һижра жамағаты» деген (өздерін «мұсылман жамағаты» деп атаушы) ағым – исламдағы шектен шыққан топ. Ағым өткен ғасырдың 1960-жылдары Мысыр елінің түрмелерінде жаппай қамауға алынған мұсылмандар арасында бой көтеріп, әсіресе Мысыр студенттері ортасында ерекше қолдауға ие болды.
1967 жылы Мысырдағы Президент сайлауы қарсаңында ағым екіге бөлінді. Бірі сайлауға қатысуға ниет білдірсе, екіншісі үзілді-кесілді сайлауға қарсы шықты. Сол кезде тәкфіршілер үкіметті мойындамай, ел президентін және мемлекеттік билікті «кәпір» деп, мемлекеттік жүйені мойындаған халықты да «кәпірге» шығарды. «Олардың оқыған намазы мен ұстаған оразасынан еш пайда жоқ» деген пікірді ел арасына кеңінен тарата бастады.
Аталмыш ұйымның іргетасы «тәкфір» ұғымына негізделді. Олардың түсінігінше «тәкфір» дегеніміз «үлкен күнә» жасаған әрбір адамды кәпірге шығару болып саналады.
Ислам дініндегі «тәкфір» сөзі «күпірлікпен айыптау» деген мағынаны білдіреді. Ислам сенімі бойынша діни амалдардың парыз екендігін мойындамаған адам діннен шығады. Ал, Аллаға иман келтіріп, амалдардың парыздығына шынайы сенген адамның бұл амалдарды орындамауы оны діннен шығармайды, яғни «кәпір» деп айыптауға негіз бола алмайды.
Тәкфіршілердің сенімі бойынша мұсылман адам кәлиманы тілмен айтып, жүрекпен бекіткенімен, ислам дінінің парыздарын орындамаса, онда иманды болып саналмайды. Мұндай адамдарды тәкфіршілер «бидғаттарды және күнәлі істерді жасаушылар» деп атайды. Сөйтіп, оларға қарсы жиһад жасау парыз, оларды өлтіруге, әйелдері мен мал-мүлкін тартып алуға болады деген сенімді ұстанады.
Тәкфіршілік идеологиясы бойынша тәкфір үкімі жеке адамдармен қатар билік өкілдеріне, оның ішінде саяси жетекшілерге, қарулы күштер мен құқық қорғау органдары өкілдеріне де қатысты шығарылады. Олардың түсінігінше шариғат заңдарымен үкім шығармайтын басшылар да, олар басқарып отырған ел де кәпір болып саналады. Мұндай мемлекетті «тағұт» мемлекеті деп атап, оған қарсы жиһад жариялайды.
Ислам дінінде «тағут» сөзі «бүлікші», «қылмыскер», «адамның діни және моральдық тұрғыда шектен шығуы» дегенді білдіреді. Ал шариғат термині ретінде шариғат үкімдерінен сөзбен немесе күш қолдану арқылы қайтаруды білдіреді.
Ал, тәкфіршілер «шариғат үкімдерін қайтарушы» деп ислам шариғатына қайшы келмесе де зайырлы мемлекет пен оның заңдарын жоққа шығарады. Туған күнді тойлау, түрлі діни мерекелер, мерейтойларды өткізу, танымал адамдарға ескерткіш орнату, қазалы күнге қатысты жиындар жасау және түрлі шаралар ұйымдастыру, мазарлар тұрғызу сияқты шараларды жол беруге болмайтын бидғат деп түсінеді. Олар салт-дәстүрлері мен мәдениеті мұсылмандық аясында қалыптасқан қазақ халқының бай тарихи тәжірибесін жоққа шығарады. «Ислам діні қазақ жеріне тәкфіршілердің арқасында келді» деген негізсіз көзқарасты ұстанады.
«Тағут» туралы түсінік псевдосалафилік ағымның негізін қалаған Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың еңбектерінде жиі кездеседі. Ол Ибн Таймия және Ибн әл-Қайим сынды радикалды ұстаным негізін қалаған ғалымдардың сөздерін мысалға келтіре отырып, «тағуттың» бірнеше түрін көрсетеді.
Оның ішінде Алланың заңы, яғни шариғат бойынша амал етпеген, сонымен қатар зайырлылық қағидасын ұстанған мемлекет басшыларын, зайырлы қоғамда өмір сүріп, қызмет ететін азаматтардың барлығын «тағут» деп айыптап, кәпірге шығарады. Ағым мүшелері үшін «тағут» адамдардың қаны мен мал-мүлкі халал болып саналады, яғни «тағуттарды» өлтіріп, мал-мүлкін тартып алу күнә емес деп санайды.
Мұндай радикалды идеологияның ықпалына түскендер өз елінің рухани мұрасын мойындамай, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерден алшақтайды. Ата-анасын намаз оқымағаны үшін кәпір деп айыптап, жанұясынан да бас тартады. Осылайша адасқандар қарулы қақтығыстарға қатысатын террористік ұйым мүшесіне айналуы да мүмкін. Қазақстандық жастардың содырлар қатарына қосылып, қарулы жанжалдарға қатысу үшін Сирияға кетуі тәкфіршілікті насихаттаудың ауыр салдары деуге болады.
Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылдың 18 тамызындағы шешіміне сәйкес «Ат-такфир уәль-хиджра» ұйымы діни экстремизм мен терроризмді насихаттаушы ұйым деп танылып, Қазақстан Республикасының аумағында әрекет етуіне тыйым салынды[1].
Алайда, осы ағымның идеологиясын жасырын насихаттап жүрген азаматтар саны азаймай отыр. Себебі бұл идеологияның негізі діни экстремистік ұйымдардың идеологтары тарапынан насихатталуы тоқтамауда.
Дегенмен күпірлікпен айыптауды псевдосалафи ағымының ғалымдары да қолдамайды.
Мысалы, Ибн ‘Усаймин: «Біздің кезімізде өздерін діннің қатарына жатқызып, діни қызғанышсымаққа негізделіп, Алла мен Оның Елшісі күпірлікпен айыптамаған адамдарды «кәпір» деп айыптап жүргендерді кездестіруге болады»[2] десе, Салих әл-Фаузан: «Кім мұсылмандардың барлық әмірлерін күпірлікте айыптаса және оларға қарсы шығуға шақырса, сол – хауариж»[3] деп мәлімдеген.
Псевдосалафилік идеологтарының бірі Ибн Қайим әл-Жәузий: «Туысқандық байланысты үзуші Жәннатқа кірмейді» деген хадиске сүйене отырып: «Туысқандық байланысты ұстап тұру міндетті, тіпті кәпірлермен де»[4] деген пікір білдірген.
Яғни тәкфіршілік ағымының ұстанымдары бірқатар псевдосалафи идеологтары тарапынан қолдау таппайтынын, күпірлікпен айыптаудың орынсыз тұстарын дәлелдейтін діни негіздер жеткілікті екенін тұжырымдауға болады.
Kazislam.kz
[1]Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша 100 сұрақ-жауап / Астана, «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы», 2017. – 54 б.
[2]«Шарх әл-Қауа‘ид әл-муслә» еңбегі. Сілтеме: https://kz.anti-irhab.com/jihad/nasyha-rinata/#_ftnref1
[3]«Шарх Науақидуль-Исләм» еңбегі. Сілтеме: https://kz.anti-irhab.com/jihad/nasyha-rinata/#_ftnref1
[4]«Ахкаму әһли-ззиммә» 2/317. Сілтеме: https://kz.anti-irhab.com/jihad/nasyha-rinata/#_ftnref1