«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ xалқы. Ол адамзат бойындағы ерекше бір қасиет. Елімізде қымбатшылық белең алғалы бері Түркістан қалалық пробациясы түрлі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылық көрсетіп аяғын шалыс басқан жандарға қол ұшын созуда. Жақсылыққа жаны құмар осындай қызметкерлер пробация есебінде тұрған аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіріп, азық-түлік себеттерін үлестіруде.
Осындай игі амалдарға мұрындық болып, көмек көрсетіп отырған жомарт жандардың жақсылығын айтпау кету айып болар. Түркістан пробациясы мен қала әкімдігі бірлесіп үш отбасына көмек қолын созды.
– Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қайырымдылық жасауды қаржылай көмек көрсету ғана деп ұқпау керек. Сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасау – борышымыз. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?! Пробация қызметі есебінде тұрған жағдайы төмен отбасыларға қолымыздан келгенше көмек қолын созуға тырысамыз. Осы арқылы сотталғандарды қоғамға араласуға бейімдейміз, – деді Түркістан қалалық пробация қызметі инспекторы Дулат Мықтанбек.
«Елге қызмет – баршаға міндет» демекші, қолында бар қазынасын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға бөлісіп, бес күндік тіршілікте тек сауап жинаған жаны жомарт қызметкерлерге пробация қызметінің есебінде тұрғандар алғысын жаудырып, қандай құрметке болса да лайық екенін жеткізді. Көмек алған отбасылар қайырымдық шарасын ұйымдастырушыларға ізгі тілектерін білдіріп ақ батасын беріп, алғыс айтты.
– Мен қала әкімдігі мен пробация қызметінің тарапынан жасалған көмек үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі қымбатшылық кезеңде жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарды ұмытпаған жөн. Әрине, мен өзімнің жасаған қателігіме қатты өкінемін. Түркістан қалалық пробация қызметінің инспекторлары менің түзелуіме өз септігін тигізіп келеді. Сонымен қатар, ұйымдастырылып отырған осындай қайрымдылық шарадан қалдырмай қолдау көрсетіп жүрегіне алғыс айтамын, – деді сотталған азамат.
Раушан НАРБЕК,
Түркістан облысы