Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын қасиетті Құрбан айт мейрамымен құттақтады.
“Ардақты ағайын!
Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам.
Салт-дәстүрімізбен берік ұштасқан ата дініміз – елдің рухани тұтастығын сақтауға ықпал ететін басты құндылықтың бірі.
Құрбан айт қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейді. Ел азаматтарын бауырмал болуға шақырып, бүкіл халқымыздың ырыс-ынтымағын арттырады.
Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі ниет пен сауапты іс ел-жұрттың бір-бірімен етене араласуына, өзара сыйластық пен жақсылыққа жол ашады.
Құрбан айттың ұлағаты мен өнегесі біздің рухани құндылықтарымызбен үндеседі. Бүгінгі мерекенің мән-маңызы осында деп білемін.
Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Айттан айтқа аман-есен жете берейік!” – делінген Президент құттықтауында.