Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін педагогтер съезіне қатысып, өз сөзінде Қазақстан Конституция бойынша зайырлы мемлекет екеніне назар аударды. Сондай-ақ қоғамда қызу пікірталасқа ұласқан дін мәселесіне байланысты пікір білдірді.
– Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек, – деп түйіндеді сөзін Президент.