Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Толысбаев Мемлекет басшысының Мәжілісте айтқан бастамаларына қатысты пікір білдірді.
Бауыржан Толысбаев бірнеше бағыттарды атап өтті.
Бірінші. Халық тұтынатын азық-түлік тауарлары мен энергетикалық ресурстардың бағасын тұрақтандыру қажет. Бұл – өте күрделі мәселе. Бұл мәселе еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері шешімін таппай келеді. Бағаны тұрақтандыру факторлары бұл теңгенің құнсыздануы мен халықтың өмір сүру деңгейімен тығыз байланысты. Бір айғақты мәселе бұл орташа жалақы. Елімізде ең төменгі еңбекақы 60 мың теңге болып осы жылдың басында бекітілді. Ал өткен жылдары лауазымдағы шенеуніктер баспасөз көздерінде берген ақпараттарында өздерінің алатын орташа еңбекақылары 2 млн теңгені құрайтынын айтқан болатын. Әрине, мұндай диспропорцияға орын беріп отырған билік саласы. Қалай халық наразылығын тудырмайды. Себебі, шенеуніктер де, зейнеткерлер де мемлекет қазынасынан еңбекақы алады, – деп айтты оқытушы.
Оның ойынша, Президеттің лауазымдағы шенеуніктердің еңбекақысын бес жылға дейін өсірмеу туралы ұсынысы дұрыс. Сонымен қатар елімізге көптеген азық-түлік тауарлары сырттан әкелінеді. Ал сырттан әкелінетін тауарлардың бағасын реттеу өте күрделі. Сондықтан отандық тамақөнеркәсібінің дамуын қолдау қажет. Әсіресе, өзімізде халық көп тұтынатын тағам түрлерін өзімізде өндірген дұрыс.
Екінші. Мемлекет билігі жүйесіне аймақтарда жергілікті өзін-өзі басқару үлгісін енгізу қажет. Себебі жергілікті билік қызметіне халықтың араласу мүмкіндігі мол болады. Президент атап айтқан мәселенің бірі бұл аймақтардағы экономикалық даму ерекшеліктері әртүрлі әлеуметтік мәселелер тудыруда. Атап айтқанда, еліміздің оңтүстігінде жұмыс орындары тапшы болса, шикізат ресурстарын өндіретін аймақтарда әлеуметтік инфрақұрылымдардың кенже қалуы және жұмыс күшінің жетіспеуі. Бұл мәселелердің оңтайлы шешімі – аймақтарда шағын кәсіпкерлікті дамыту. Еліміздің «Қазақстан-2050» стратегиялық даму бағдарламасында кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар халықтың 7% құрауы қажет еді. Өкінішке қарай, бұл меженің жақында орындалу мүмкіндігі болмай тұр. Жаңа Үкімет кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларды қолдауға шешім қабылдады. Бұл бағытқа ұлттық қорды және ірі кәсіпорындар жарнасы негізінде құрылғалы отырған арнайы қорды жұмылдыруды мақсаттап отыр. Өте дұрыс шешім. Бірақ бұл қорлардың жұмыстары ашық, таза, мөлдір түрде жүзеге асырылуы қажет, – деп ойын айтты Бауыржан Толысбаев.
Ал атап өткендей, жаңа Үкімет алдындағы шешетін мәселелер өте ауқымды және күрделі.Лаңкестік нәтижесінде орын алған елді-мекендердегі ғимараттар мен инфрақұрылымдарды қалпына келтіру және әлемдік пандемияның жаңа толқыны алға қойылған асқақ мақсаттарымызға тежеу болатыны анық. Алайда өз басым еліміздің жарқын болашағына сенемін және халқымыздың қажырлы еңбегі мен шынайы отансүйгіштік қасиеті жеңіп шығатынына шүбә келтірмеймін, – деп айтты ол.