Сұрақ: Пойыз бен ұшақта намаз қалай оқылады?
Жауап: Жолаушы – белгілі бір мақсатпен сапар шегуші адам. Ол тұратын жерінен алыс жерге жолға шыққаннан бастап жолаушы саналады. Жолаушының парыз намаздары қысқарады. Ұшақта аялдағанға дейін намаз уақыты өтіп кететін болса, намаздың қиям, рукуғ және сәжде парыздарын толық орындауға шамасы келмесе, ишарамен (рүкұғ пен сәжде ишара түрінде басты ию арқылы оқылады. Сәжде жасағанда басты сәл төменірек ию керек) отырған бағытына қарап оқиды.
Пойыз, кеме сияқты мүмкіндік бар жерлерде тұрып, құбылаға қарап, рукуғ пен қиямды толығымен орындап оқығаны дұрыс. Жолаушы бесін, екінті, құптан намаздарының парыздарын қысқартып, екі ракағат етіп оқиды. Ақшам және үтір уәжіп намаздары үш ракағат парыз, уәжіптері толық орындалады.
Алла Тағала адамға шамасынан тыс нәрсені бұйырмайды. «Хаж» сүресінің 78-аятында «…(Алла Тағала) Сендерге дінде ешқандай ауыртпалық артқан емес» десе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Намазды тік тұрып оқы. Шамаң келмесе, отырып оқы. Оған да шамаң келмесе, жамбастап жатып оқы», деген.
Икрам АЙТАЕВ