Сұрақ: Пітір садақасын берудің үкімі парыз ба, уәжіп пе?
Жауап: Пітір» сөзі араб тілінде «жарату», «кесу», «жару», «екіге айыру» деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасына келер болсақ, «пітір» – «оразаны аяқтау» немесе «ауыз ашу» деген ұғымға саяды. Осы себептен де, шариғатта Рамазан айындағы ауыз бекіту құлшылығы аяқталғанда ораза айтты – «иду¢л-фитр» деп атайды. Шариғаттағы үкіміне келер болсақ, Рамазандағы берекетті басынан кешірген мұсылман баласы пітір садақасын (садақату¢л-фитр) жарлы-жақыбайға таратады. Көбінесе халық бұл діни уәзипаны қысқартып «пітір» деп ғана атайды.
Алла Елшісі (с.ғ.с) алғаш рет хижраның екінші жылы (624) Шағбан айында мұсылмандарға пітір садақасын беру туралы бұйырған еді. Бұл туралы Абдуллаһ ибн Омар (р.а): «Әзіреті Пайғамбар пітірді адамдардың айт намазы басталмай тұрып беріуін әмір етті» (Шәукани, Нәйлу¢л-Әутар, IV, 183) деген хадисті жеткізеді. Сондай-ақ, Абдуллаһ ибн Омар (р.а) келесі бір риуаятында: «Әзіреті Пайғамбар пітір садақасын 1 са’[1] құрма және 1 са’ арпа көлемінде беруді құл, еркек, әйел, үлкендер мен кішілерге беруді парыз етті және айт намазы басталмай тұрып беруді әмір еткен еді» (Бұқари, Зекет, 76; Муслим, Зекет, 12) – дейді.
Аталған пітір садақасын беру туралы хадиске қатысты әһлі-сүнннет жолындағы мужтаһидтер негізінен екі түрлі үкім шығарған. Шафиғи, Мәлики, Ханбали мазһабы ғұламаларының көпшілігінің көзқарасынша пітір садақасын берудың үкімі – парыз. Өйткені, жоғарыдағы көрсетілген хадисте «парыз» немесе «әмір етілді» деген сөздер өтеді. Ал, Ханафи мазһабының ғұламалары пітір садақасын беруді – уәжіп деп біледі.
Себебі, олардың пайымдауынша аталған хадис пітір садақасын берудің парыз екеніне бұлтартпас дәлел бола алмайды. Бірақ, Ханафи мазһабының фиқһ негіздері бойынша парыз бен уәжіптің арасында үлкен айырма жоқ. Сол себепті, Ханафи ғұламаларының көзқарасын Шафиғи, Мәлики, Ханбали мазһабының ұстанымына қайшы деп айта алмаймыз.
Сонымен қатар, Рамазан айында пітір садақасын беруді Мәлики мазһабының өкілі Әшһаб әл-Кайси және Захири мазһабының кейбір ғұламалары сүннет муаккада (орындалуы міндетті сүннет) деп қабылдаған. Тіпті, Әбу Бәкір әл-Әсам секілді ғұламалар зекет беру парыз болып бекігеннен соң пітір садақасын берудің үкімі парыз емес болып өзгергенін алға тартады.
Қазақстан халқының басым көпшілігі Ханафи мазһабын ұстанатындықтан, біз пітір садақасын берудің үкімін уәжіп деп білеміз. Яғни, байлығы нисап мөлшерінен асқан әрбір мұсылман баласы шариғатта көрсетілген дақылдардың (арпа, бидай, құрма, жүзім) мөлшеріне сай пітір садақасын беруге міндетті болып саналады.
Мұхан Исахан
[1] 2.917 гр