Қазақстан Кеосаянға «персона нон грата» статусын беру процесін бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз сол күні-ақ Тигран Кеосаянды елімізге келгенін қаламайтын тұлғалар тізіміне кіргізу процесін бастап кеткенбіз. Дипломатиялық тәжірибеде мұндайды кейде қолданамыз», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Еске сала кетейік, бұған дейін СІМ өкілі Кеосаянның Қазақстанға кіруіне тыйым салынуы мүмкін екенін айтқан еді.
«Ресейлік журналист Тигран Кеосаянның қорлайтын, объектив емес сөздері назарымызды аударып отыр. Мүмкін, оның мәлімдемесі Ресей қоғамы мен саяси истеблишменттің белгілі бір бөлігінің көзқарасын көрсететін шығар. Бірақ елдеріміз арасындағы ынтымақтастық рухы мен мазмұнына және мемлекет басшылары деңгейіндегі келісімдерге мүлдем сәйкес келмейді. Мұндай сөздер тату көршілік қарым-қатынасымызға селкеу түсіреді және стратегиялық серіктестігімізге қарсыларға қолайлы болмақ. Ол Қазақстанға келуі құпталмайтын адамдардың тізіміне енгізіледі деп ойлаймын», – деді Айбек Смадияров.