Күндердің күнінде жалғызбасты ер азамат күнделікті жұмыстан кейін үйіне келіп, жалғыздықтан күйзеліп әдеттегідей терезенің алдына келіп отырады. Кенет алдына періште келіп:
– Сенде өте бай болатын мүмкіндік бар және халықтың қалаулы азаматы бола аласың. Бұған қоса ең көрікті қызды жар етіп алуыңа да болады, – дейді.
Жігіт мәз болып мұндай бақтың басына қонуын күтіп жүреді. Арада зулап 40 жыл өте шығады. Оның өмірінде ешқандай өзгеріс жоқ. Содан бір күні терезе алдында отырғанда тағы періште көрінеді. Жігіт дереу сөз алып:
– Сен маған көп нәрсе уәде еткен едің, 40 жыл болды әлі жағдайым сол қалпында өзгеріссіз, – деп шағымданады. Сонда періште:
– Мен саған мүмкіндік болады дедім, ал сен оны пайдаланбадың. Сенің досың бір кәсіпті жүргізейік деп келгенд бас тартып ғажайыпты күтіп қалғаның есіңде ме? Сол кәсіп сені байлыққа жетелейтін еді. Былтыр бақша өртенген кезде өз өміріңді сақтап, сонда жапа шеккен қызды құтқарудан бас тартқаның есіңде ме? Сол қызды құтқарғанда сенің жарың болар еді. Сен ешқандай мүмкіндікті пайдаланбадың, тек күтумен болдың. Ал бұл өмірде әрекетсіз болсаң, өмірің күтумен өтіп кетеді, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ ,
дінтанушы