Үсәйд ибн Худайр (р.а.) былай дейді: «Түннің бір уағында Құран (Кәһф сүресін) оқып отыр едім. Аттың кісінеген дауысын естідім. Ұйықтап жатқан балам Яхияны оятып жібере ме екен деп едім аттың кісінегені басылды. Құранды ары қарай жалғастыра бергенімде тағы да аттың кісінеген дауысы естілді. Құран оқуды тоқтатсам, ат та кісінеуін тоқтата қалады. Таңырқанып айналама қарап едім бұлыңғыр нұр жоғары қарай көтеріліп барып жоқ болып кетті. Ертесіне пайғамбарымызға болған жайды айттым. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Егер Құран оқуды ары қарай жалғастырғаныңда олар сені тыңдар еді»,[1] – деп Құран оқыған жерге періштелердің келетінін айтты.
…Ханзаланың жаңа үйленген ең алғашқы түні еді. Дәл сол түні таңға жуық пайғамбарымыз сахабаларын жинап, оларға Ұхұд шайқасына жиналуын шұғыл түрде бұйырған болатын. Шайқас хабарын естіген Ханзала дереу киіне сала ғұсыл дәретін алуға да мұршасы келмей, шайқас майданына құстай ұшты.
Шайқас аяқталды. Мұсылмандар Мәдинаға орала бастады. Әркім-ақ аман қайтқан жақындарын іздеп жол бойына тізілді. Бұлардың арасында үйленгеніне бір-ақ күн болған, пайғамбарымыздың бұйрығына мойынсұнып ертемен шайқасқа аттанып дұшпан қолынан шейіттік шәрбатын ішкен Ханзаланың жесірі де бар болатын. Елдің бәрі жапатармағай аман қайтқан өз жақындарын сұрастырғанымен, ешкім де ешкімге тіл қатпастан жай ғана пайғамбарымызды меңзеді. Сұралған сұрақтардың бәріне де пайғамбарымыз өзі жауап беріп келе жатты. Ең соңынан Ханзаланың әйеліне кезек келгенде, ол да пайғамбарымызға жақындаған күйі:
– Уа, Аллаһтың елшісі! Ханзала қайда? – деп сұрады.
– «Ханзала шейіт болды», – деп жауап берді ол.
Сол кезде Ханзаланың әйелі:
– Уа, Расулаллаһ! Менің сізге айтпағым, бәлкім, отбасылық сыр болар. Кеше ғана үйленгенімізді өздеріңіз де білесіздер. Күйеуім таң ата ғұсыл дәретін алып үлгірместен шайқасқа аттанып кете барды. Шайқаста шейіт болғаны да мәлім болды. Енді рұқсат етсеңіз, сол жуынуға мүмкіншілігі болмаған күйеуімді жуғызып арулап көмсек деген тілек айтпақпын, – дегенде, пайғамбарымыз оған:
– Сен Ханзаланы уайымдама! «Көктің бірінші қабатында періштелер оны рақым суымен жуып шайғанын көрдім»,[2] – деп үлкен сүйінші хабар айтты.
Бұны естіген сахабалардың бәрі Ұхұдқа бет түзеп, Ханзаланы іздестірген-ді. Бір таңғаларлығы, сахабалар Ханзаланы денесі әлі кеппеген су қалпында тауып алды. Сүйікті пайғамбарымыздың бұл жолғы айтқанының да рас шыққанына елдің тағы бір рет көзі жетті. Сондықтан Ханзаланы ел «Ғасиилул-мәлаика» («Періштелер жуған Ханзала») деп еске алатын болды.
Сағд ибн Муаз Мәдиналық сахабалардан еді. Ол Мусғаб ибн Ұмәйрдің алдында тізерлеп отырып, мұсылман болған еді.[3] Хәндәқ шайқасында 37 жастағы Сағд ибн Муаз қатты жарақаттанып өлім аузында жатты. Көп қан жоғалтқан Сағдты дереу пайғамбарымыздың мешітінің қасындағы шатырға алып келді. Әбу Бәкір мен пайғамбарымыз оның жанында болды. Пайғамбарымыз қатты қиналған Сағдты құшағына басып «Уа, Раббым! Расында Сағд Сенің жолыңда шайқасты. Сенің елшіңді растады. Оның жанын жеңіл ал» деп дұға жасады. Пайғамбарымыздың дауысын естіген Сағд «ас-Сәламу әлейкум уа, Расулуаллаһ! Мен сенің Аллаһтың елшісі екеніңе куәлік етемін» деді. Осы кезде пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол жердегі адамдарға қарап: «Сіздердің сандарыңызға тең періштелер Сағдтың жаназасында болу үшін Ұлы Аллаһтан рұқсат сұрауда» деді.[4] Бұл пайғамбарымызбен сахабасының соңғы кездесуі еді. Сол түні пайғамбарымызға бір періште (Жәбірейіл) келіп Сағд ибн Муаздың көз жұмғандығынан хабар берді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Сағд ибн Муазға ерекше мән беретін. Пайғамбарымыз орнынан атып тұрып жүгіріп кетті. Артынан ілескен сахабалар пайғамбарымызға жете алмай жүгіріп келе жатты. Сахабалар таңырқанып: «Уа, Расулаллаһ не үшін асығып жүгіріп бара жатырсыз?» деп сұрады. Сонда пайғамбарымыз: «Періштелердің Ханзаланы жуғанындай Сағд ибн Муаздың да жаназасын жуып қоя ма, біз де сондай ырыстан айрылып қаламыз ба, – деп жүгірдім» – деді.[5]
Ибн Омардың (р.а.) риуаяты бойынша пайғам-барымыз: «Сағд ибн Муаздың жаназасына әлі осы күнге дейін жер бетіне еш түспеген жетпіс мың періште қатысты». Сағд жерленгенде пайғамбарымыз: «Субһаналлаһ! Егер де қабір азабынан құтылатын бір адам болса ол Сағд болар еді»,[6] – деген болатын.
Сәләма ибн Мәсламаның (р.а.) риуаяты бойынша пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кілемге оралып жатқан Сағдтың басына қарай асықпай аяғының ұшымен жүре бастады. Артынан ілесіп келе жатқан сахабаларға орындарында қалуын сұрады. Ол жерде олардан басқа ешкім де жоқ еді. Мұның себебін сұрағандарға пайғамбарымыз: «жаназаға қатысқан періштелердің санының көптігі, соншалық тіпті аяқ алып жүретін бос жер жоқ» – деп жауап берген еді.[7]
Қалмахан Ержан,
Теология ғылымдарының докторы
[1] Бухари, Фәзаилул-Қуран, 15; Муслим, Мусафирин, 242; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 3/81
[2] әл-Хаким, әл-Мустәдрак әлас-Сахихайн, Бейрут, 1990, ІІІ/225
[3] Ибн Һишам, әс-Сирәтун-Нәбауиие, Бейрут, 1936, ІІ/78-79
[4] Ибнул Әсир, Усдүл ғаба, Дарул Фикр, 2/373
[5] Ибн Сағд, Табақат, 3/427
[6] әл-Хайсәми, Мәжмауз-Зәуаид, 9/308; Ибн Сағд, Табақат, 3/430
[7] Қараңыз: Бухари, Мәнақиб, 12; Муслим, Фәдаилус-Сахаба, 123-125; Тирмизи, Мәнақиб, 50