Періштелердің әуелгі міндеті – құлшылық. Жаратушыны ұлықтап, мінсіздігін дәріптеу, өздеріне міндеттелген істерді қадағалау. Періштелердің құл-шылықтағы кейіптері әр түрлі. Кейбірі мәңгі-бақи Аллаһтың алдында намазда тұрғандай тік тұрып құлшылық жасайды. Кейбірі иіліп рүкүғқа барған күйде құлшылық атқарады. Кейбірі сәждеге жығылған күйде ғұмыр бойы басын көтермейді.[1] Құранда:
وَالصَّافَّاتِ صَفّاً
«Сап-сап тұрушы (періштелерге) серт»,[2] – делін-ген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына Аллаһ тағаланың құзырында періштелер тәрізді сапқа тізіліп құлшылық жасау керектігін айтқан. Таңырқаған сахабалардың бірі: «Олар қалай сапқа тізіледі?», – деп сұрағанда, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
ُيتِمُّونَ الصُّفوُفَ المُقََدَّمَةَََََ، ويَتَراصُّونَ في الصَّفِّ
«Олар әуелгі сапты толтырып араларын тығыз ұстайды»,[3] – деп жауап берген. Басқа да хадистерде айтылғандай олардың кейбірі тек қана «Лә иләһа илла Аллаһ» (Аллаһтан басқа құдай жоқ) деп зікір етіп тұрса, кейбірі «Аллаһу әкбар», ал енді біреулері «Субханаллаһ», «Әлхамдулиллаһты» қайталап құлшылық жасаумен болады.
Құран аяттары мен хадис-шәріпке сүйеніп періштелерге жүктелген міндеттерді төмендегіше көрсетуге болады:
- Аллаһ тағаланы бүкіл кемшіліктерден пәктеу, күндіз-түні шүкір айтып ұлықтау.
Құранда: «…Періштелер: «Алайда біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз», – деді»[4] – делінген.
- Аллаһ тағаланың елшілеріне уахи ету. «Аллаһ тағала періштелерден елшілер таңдағандай адамдардан да елшілер таңдайды».[5]
- Пайғамбарларға салауат жаудырып, сәлеммен ұлықтау, осы дүниедегі күллі адамдардың жақсылығын тілеп дұға ету. «Шынында да Аллаһ пен Оның періш-телері пайғамбарға салауат жолдайды…».[6]
Сонымен қатар пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мүміндер жамағатпен намаз оқығанда «Аллаһ тағала мен періштелер намаздың алдыңғы сапында тұрғандарға дұға етеді»[7] және «Жамағатпен намаз оқуға жиналған мүміндерге намаз оқығанға дейінгі арадағы тыныштық кезінде періштелер «Раббым, бұлардың күнәларын кешіп, мейіріміңді төге гөр!»»,[8] – деп дұға ететіндігін айтқан.
- Пайғамбарлар мен мүміндерге рухани көмек беру, сенбейтіндердің жүрегіне үрей салу. Құранда: «(Мұхаммед ғ.с.) сол сәтте (Бәдірде) мүміндерге: «(Көктен) үш мың періште түсіріп Раббыларыңның сендерге жәрдем беруі жеткілікті емес пе?» дедің,[9] – делінген.
Бірде пайғамбарымыз сәждеге бас қойған сәтте Әбу Жәһил оны аяғымен жаныштағысы келген еді. Бірақ бата алмай кері шегінді. Себебін: «Арамызда жыра бардай ары өте алмадым», – деп түсіндірді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болса: «Егер ол маған жақындағанда періштелер оны жоқ етер еді»,[10] – деген еді.
- Адамдарды қорғаушы әрі қызмет етуші.
Құранда: «Аллаһтың әмірімен әркімнің алды-артынан өкшелеп, қорғаушы және әрбір іс-әрекетін жазушы (періштелер) бар»,[11] – делінген. Аллаһ тағала адам баласын тікелей және періштелері арқылы да қорғай алады.
- Адамдардың амалдарын жазу. Құранда: «Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсісінің не сыбырлағанын білеміз. Өйткені Біз оған күре тамырынан да жақынбыз. Оның оңына да, солына да екі (сөздері мен амалдарын) байқаушы отырады»,[12] – дейді.
Бұл аятта адамды жаратқан Аллаһтың пендесіне өз күре тамырынан да жақын әрі періштелер адамның әрбір әрекетін жазу үстінде екендігі баян етілген. Әлбетте, олай болса Аллаһ – барлық нәрседен хабардар.
Періштелермен адамдардың арасындағы қарым-қатынас ана жатырында-ақ басталады. Бухари мен Муслимдегі мына хадис осы мәселені айшықтай түсуде:
«Аллаһ тағала бір періштесін жатырға тағайын-дайды. Ол жатырға ұрық түскеннен бастап әр жетілу сатысын білдіріп «Раббым, сәби «нұтфа (шәует) кезеңінде», «Раббым, сәби «алақа» (жабысқақ ұрықтанған клетка) кезінде, я болмаса «мұдға» (бір тістем ет пішініндегі кезі) кезеңіне келді» деп хабар беріп отырады.
Хақ тағала ол сәбидің дүниеге келуін қаласа, періште «Раббым, бұл ұл бола ма, қыз бола ма? Жұмақтық па, әлде Тозақтық па? Несібесі қаншалық? Ажалы қашан?» деп сұрайды. Бұлардың барлығы да сәби жатырда жатқанда-ақ анықталып, пешенесіне жазылып қояды».[13]
Осы тақырыпқа қатысты тағы бір хадисте былай делінген:
إﻦ خَلْق أحدِكُم يُجْمَعُ في بَطْن أُمِّهِ أرْبَعينَ يَوْمًا ثمَّ يَكونُ عَلَقَةً مِثْلَ ﺫلكَ. ثُمَّ يَكونُ مُضْغَةً مِثْلَ ﺫلكَ. ثمَّ يَبْعَثُ اللهُ مَلَكًا بأرْبَعِ كَلِمَاتٍ׃يَكْتُبُ رزقَََهُ، و ﺃجْلَهُ، وعَمَلَهُ، و شَقِيٌّ ﺃمْ سَعيدٌ؛ ثُمَّ يُنْفَخُ فيهِ الرُّوحُ.
«Сіздердің әрқайсыларыңыздың жаратылысы әуелі ана жатырында қырық күнде жүзеге асады. Кейіннен ұйыған қанға, одан бір шайнам етке айналады. Содан кейін барып оған періште жіберіліп, жан бітіріледі. Періштеге сәбидің «несібесін, ажалын, амалын, бақытсыз не бақытты болатынын тағдырына жазу бұйырылады».[14]
Осы тәрізді хадистерде айтылған жазу мәселесі Ләухы махфузда (Сақтаулы тақта: бүкіл жаратылысқа тән нәрселердің негізгі жады) тіркелген мәліметтерді періштелердің басқа бір жерге қайта көшіріп жазуын білдіреді. Өйткені құбылыстар әлі жаратылмай тұрып ілім шеңберінде «Ләуху махфузу а-замда» Аллаһ тағаланың әзәли іліміне олар жайлы мәліметтердің толық жазылуы «Тағдыр» деп белгіленген.
- Ғаламдағы жүйені реттеу. Құранда: «Сондай–ақ (әлемдегі тәртіп пен жүйені реттеуде) өзіне міндеттелген жауапкершілікті орындаушыларға серт»,[15] – деп айтылады.
Демек, бұдан біз «атом» деп айдар таққан ең кішкентай бөлшектен, «галактика» деген ең алып жаратылысқа дейін барлық болмыстардың іс-әрекетін үйлестіруге жауапты періштелердің бар екенін көреміз. Оларға жаратылыстың зікірлері мен амалдарын Аллаһқа жеткізу міндеттелген.
Хадистерде әрбір жаңбыр тамшысы мен қар түйіршігінің өзін жер бетіне бір періштенің алып түсетіндігі айтылады. Енді мына мәліметке көңіл бөліңіз: жауған әрбір қар мен жаңбырдың өз өлшемі мен мөлшері болады. Жаңбырға байланысты айтылған бұл мөлшерді қазіргі заманның соңғы технологиясын пайдалана отырып зерттеу жүргізген ғалымдар былай дейді:
«Секундына 16 миллион тонна су жерден буланып ауаға көтеріледі. Бұл мөлшер жылына 505 триллионды құрайды. Дәл осы мөлшер – бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері екендігі таңдандырады. Яғни, су әрдайым белгілі бір тепе-теңдікте айналып тұрады. Егер тепе-теңдікте сәл өзгеріс туа қалса, әлемде үлкен экологиялық ауытқулар белең алып, тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғады. Жаңбырдағы мұндай шебер өлшем тек оның мөлшерінде ғана емес, сонымен қатар жерге түсу жылдамдығында да байқалады. Жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысысындай бір зат сондай биіктіктен құласа, жерге 558 км/сағ. жылдамдықпен келіп түсер еді. Алайда, жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді. Жаңбыр бұлттары – қандай биіктікте болса да, тамшылардың жер бетіне түсетін жылдамдығы орташа алғанда 8-10 км/сағ-дан аспайды».[16] Яғни Аллаһтың рақымының белгісі ретінде, егер періштелер болмаса жауған жаңбырдың әрбір тамшысы батпандай тас болып түсер еді.
Періштелер міндеттерін орындау арқылы өздеріне тән ғибадаттарын жасап, Ұлы Жаратушының рақымына бөленеді.
- Адам баласының жаратылысы және өліміне қатысты міндеттерді орындау. Аллаһ тағала: «Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар де»,[17] – дейді.
- Иләһи жазаларды іске асыру міндетін орындау. Аятта бұл жайлы: «Періштелер сондай қарсы болғандардың беттеріне, арқаларына ұрып: «күйдіретін азапты татыңдар!», – деп жандарын алғанын көресің»,[18] – делінген.
Періштелердің арасында ел ішін аралап, адамдарды сынайтындары да болады. Мына бір хадис соны баяндайды.
Ертеде бірі алапес, екіншісі таз, үшіншісі зағип үш дос болған екен. Аллаһ тағала үшеуін сынау үшін оларға адам бейнесінде бір періште жібереді. Періште алапеске келіп «ең жақсы көретін нәрсең не?» – деп сұрайды. Сонда алапес «әрине, денім сау, көрікті болсам екен» дейді. Сол мезет оны періште қолымен бір сипап ажарлы адамға айналдырады. Періште одан: «Қай малды жақсы көресің?» –деп сұрайды. Алапес түйені атайды. Алдынан дереу он түйе пайда болады. Періште: «Бұларды Аллаһ саған ұзағынан сүйіндірсін», – деп әрі қарай жол тартып тазға жолығады. Оған да алапеске қойған сұрақтарын қайталайды. Таздың жауабы бесенеден белгілі… Періште оның басынан сипаған сәтте тазға шаш бітеді. Періштенің екінші сұрағына таз сиырды атайды. Сол сәтте оның алдына буаз сиырлар пайда болады. «Бұларды Аллаһ саған нәсіп етсін» дейді де періште келесі кезекте соқырға келіпті. Оған да әлгілерге қойған сұрақтарын айна-қатесіз қайталайды. Соқырдың да жауабы белгілі. Періште оның да тілегін орындайды. Ал екінші сұрағына ол «қой» деп жауап береді. Ол тілегі де орындалады. Арада бірнеше уақыт өтеді. Оларға берілген малдың басы өсіп өріске сыймай кетеді. Күндердің бір күні періште әлгі көрікті адамға келеді. Мына саған көрікті сыйлаған Жаратушының құрметіне маған бір түйе берші дейді. Көрікті адам оған жауап та қатпайды. Періште енді оған: «Әй сен әлгі алапес емессің бе? Мына байлық Аллаһтың несібесі емес пе? – дейді. Сонда ол «жоқ, бұл аталарымнан қалған мирас» деп жауап береді. Періште «егер де жалған айтсаң Аллаһ баяғы қалпыңа қайта түсірсін» дейді. Расында да көрікті адам бұрынғы қалпына қайта оралады. Сараңдық танытқан таз да бұрынғы қалпына оралады. Соңында періште үшінші адамға келіп, «саған көзді сыйлаған Жаратушының құрметі үшін маған бір қой берші», – дейді. «Иә, расында мен соқыр едім. Бірақ Жаратушы ием маған көз сыйлады. Кедей едім мал беріп байытты. Оған қанша шүкір етсем де аз. Оның құрметі үшін қалаған қойыңды ал», – дейді. Сонда періште «Байлығыңды Аллаһ ұзағынан нәсіп етсін! Алайда, Аллаһ үшеуіңді сынаған еді. Аллаһ та сенен разы. Бірақ екі досың берілген нығметтің қадірін білмеді. Олар Аллаһтың азабына тартылады» деп лезде ғайып болады.[19]
Расында да Аллаһтың құдіреті мен шеберлігі күллі жаратылыс атаулыда айқын көрінеді. Жаратылған барлық болмыс – Ұлы Жаратушының баға жетпес өнер туындысы. Аллаһтың рақымдылығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Құран бұл ақиқатты: «Қайда қарасаң да Аллаһтың жүзі (рақымдылығы, қайрымдылығы, құдіреті) сонда»,[20] – деп түсіндіреді.
Қалмахан Ержан,
Теология ғылымдарының докторы
[1] Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-Ниһая, 1/38
[2] Саффат, 37/1
[3] Муслим, Салат, 119; Әбу Дәуд, Салат, 94; Нәсаи, Имамә, 28
[4] Бақара, 2/30; Қараңыз: Ағраф, 7/206; Әнбия, 21/19, 27; Шура, 42/5; Тахрим, 66/6
[5] Хаж, 22/75; Қараңыз: Ниса, 4/163; Шура, 26/193-194
[6] Ахзаб, 33/36. Пайғамбарымызға тек адамдар ғана емес, Аллаһ тағаланың өзі де және Оның періштелері де салауат айтады. Аллаһ тағаланың салауат айтуы: «рақым ету, дәрежесін көтеріп, мерейін үстем ету, берекетке кенелту» мағыналарын білдіреді. Ал періштелердің айтуы: «ізгі дұға және кешірім тілеу» мағынасын білдіреді. Ал мұсылман үмбетінің пайғамбарға салауат айтуы – Аллаһ тағаланың ерекше рақымына бөленіп, Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәрежесінің көтеріліп, мерейінің үстем етілуін тілеуі болмақ. Яғни, үмбетінің пайғамбарына деген ізгі тілегі.
[7] Әбу Дәуд, Салат, 93; Нәсай, Имамә, 25
[8] Бухари, Азан, 30, Салат, 87; Муслим, Салат, 272
[9] Әли Имран, 3/124-125; Мәида, 5/110; Әнфал, 8/12; Нахыл, 16/28; Фуссилат, 41/130-132; Мужәдала, 58/22
[10] Муслим, Мунафиқун, 38; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 2/370
[11] Рағыд, 13/11
[12] Қаф, 50/16-17
[13] Бухари, Хайз, 17; Әнбия, 1; Қадәр, 1; Муслим, Қадәр, 5
[14] Бухари, Бәдул-халқ, 6; Әнбия, 1; Қадәр, 1; Муслим, Қадәр, 1; Әбу Дәуд, Сүннет, 17
[15] Назиғат, 79/5
[16] Қайрат Жолдыбайұлы, Ақиқат шуағы, Алматы, 2007, 142-143
[17] Сәжде, 32/11
[18] Әнфал, 8/50; Қараңыз: Бақара, 2/210; Фурқан, 25/21-26; Мұхаммед, 47/27; Хыжыр, 15/7-8
[19] Бухари, Әнбия, 50; Муслим, Зухд, 10
[20] Бақара, 2/115