Сұрақ: Періштелер көзге көріне ме?
Жауап: Періштелер – нұрдан жаратылған рухани болмыстар. Олар өздерінің бастапқы және шынайы болмысымен адам көзіне көрінбейді. Оған қоса, адамның көзі періштелерді көруге құдіретсіз. Алайда, Алла Тағала пайғамбарларына періштелерді көру мүмкіндігін бергендіктен, олар періштелерді шынайы қалпында да, түрлі кейіптерде де көре алған.
Періштелерді шынайы болмысымен көре алмауымыз және сезім мүшелері арқылы сезе алмаумыз періште жоқ деген мағынаны білдірмейді. Материалдық дүниенің өзінде біздің сезім мүшелеріміз сезе алмайтын көптеген нәрселер бар. Мысалы, құлағымыз өте жоғары және төмен дыбыстарды естімейді. Егерде рентген және ультракүлгін сияқты жарық толқындарын көре алған болсақ, онда әлемді қазіргіден мүлде басқаша танитын болар едік.
Демек, бір нәрсені көзбен көре алмау, ол заттың жоқ екенін білдірмейді. Оларды ақыл-ой, білім және тәжірибе арқылы ақиқат екенін мойындаймыз. Періштелер де сондай дүниелердің қатарында. Алайда, Алла қаласа, періште, жын сияқты рухани болмыстарды адамдарға көрсете алады.
Періштелер мен жындар өз болмысымен көрінбесе де, осы дүниедегі жаратылыстардың кейіпінде көрінуі мүмкін, мұны «тамассуль» деп атаймыз. Құран бұл жайында: «…Сондай-ақ оған рухымызды (Жебірейілді) жібердік те ол, оған толық адам бейнесінде көрінді», – деп хабар берген (Мәриям: 17).
Пайғамбарға (с.ғ.с.) уахи түсіретін періште бірде өз кейпінде, бірде жауынгер кейпінде және сол сияқты т.б. бейнелерде келген. Мысалы, пайғамбар (с.ғ.с.) Құрайза тайпасына аттанбақ болғанда, Жәбірейіл (ғ.с.) үстін шаң-топырақ басқан бір жауынгер кейпінде келіп: «Уа, Алланың елшісі, сіз сауытыңызды шешіп тастадыңыз, бірақ біз (періштелер) әлі сауытымызды шешпедік», – деген болатын. Тағы бір кездері Дихья (р.а.) кейпінде келсе, басқа уақытта дінді үйрету мақсатында жолаушы кейпінде де келгені тарихтан мәлім.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ