Періштелердің өмірінде ішіп-жеу, жұптасу, үйлену деген адамдарға тән жағдаяттар болмайды. Себебі, олардың өмір сүру шарттары бізден мүлде бөлек. Періштелердің ішіп-жемейтіндігін, бас құрап үйленбейтіндігін ислам ғұламалары тегіс құптаған.[1]
Періштелердің жаратылысы нұрдан болғандықтан олардың қажеттіліктері де тек рухани тұрғыдан өлшенеді. Олар үнемі құлшылық жасап Аллаһты еске алу арқылы рухани ләззат алады.
Бұған дәлел ретінде жоғарыда Ибраһим пайғамбарға келген кездегі болған оқиғаға тоқталған дұрыс.
Періштелер адам кейпіне еніп оған келген кезінде, Ибраһим пайғамбар қонақжайлық әдетімен дереу дастархан жайды. Алдарына дәм тартса да қонақтардың дастарханға қол соза қоймағанын көріп бойын үрей билей бастады. Құранда бұл оқиға былайша баяндалады:
هَلْ أَتَاكَ حَدِيثُ ضَيْفِ إِبْرَاهِيمَ الْمُكْرَمِينَ إِذْ دَخَلُوا عَلَيْهِ فَقَالُوا سَلَاماً قَالَ سَلَامٌ قَوْمٌ مُّنكَرُونَ فَرَاغَ إِلَى أَهْلِهِ فَجَاء بِعِجْلٍ سَمِينٍ فَقَرَّبَهُ إِلَيْهِمْ قَالَ أَلَا تَأْكُلُونَ فَأَوْجَسَ مِنْهُمْ خِيفَةً قَالُوا لَا تَخَفْ وَبَشَّرُوهُ بِغُلَامٍ عَلِيمٍ
«Саған Ибраһимнің ардақты қонақтарының әңгімесі келді ме? Олар Ибраһимге кіргенде «Сәлем» деді. Ибраһим де «Сәлем, бөгде қауым» деп жауап берді. Дереу үйіне барып семіз бұзау (етін пісіріп) әкелді. Оны оларға жақындатып «Жемейсіңдер ме?» деді. (Жемегендігін көріп) Олардан қорқа бастады. Олар «қорықпа!» – деді де, оны парасатты бір ұлмен қуантты».[2]
Тағамнан ауыз тимеген қонақтардан Ибраһим пайғамбар сескеніп қалып еді. Періштелер пайғамбардың сескенгенін байқап:
قَالُواْ لاَ تَخَفْ إِنَّا أُرْسِلْنَا إِلَى قَوْمِ لُوطٍ
«Қорықпа, біз Лұт қауымына жіберілдік»,[3] – деді. Ибраһим пайғамбар олардың кім екендігін сонда ғана ұғынып, көңілін билеген күдіктен арылған еді.
Қалмахан Ержан,
Теология ғылымдарының докторы
[1] Суюти, Тануирул-хауалық, 264
[2] Зарият, 51/24-28
[3] Һұд, 11/70