Сұрақ: Періштелер адамдармен қатарласып жүре ме?
Жауап: Сұраққа жауап бермес бұрын періштелер туралы мына нәрсені біліп алғанымыз жөн. Періштелер де – Алла Тағаланың жаратқан мақұлықаты.
Кітаптарда келген мәліметтерге сәйкес періштелер көзге көрінбейді, адам баласы сияқты ішіп-жемейді, ер немесе әйел болып жынысқа бөлінбейді, бір-бірімен қатынасқа да түспейді. Олар – пәк. Сондықтан да біз әдетте сәбилерді «періштедей пәк» деп айтамыз.
Періштелердің адамдардың арасында жүруі әбден мүмкін. Біздің мұны біле бермеуіміз де мүмкін, өйткені қарапайым адам оларды көрмейді. Бірақ, Алла қаласа жоғарыда айтқандай олар пәк жаратылыс болғандықтан таза жерде, рухани бай, иманы берік, тақуа, қайырымдылық жасағанды жақсы көретін жандардың және Аллаға жақын пенделердің жанына келуі бек мүмкін деп сенеміз.
Мұндай оқиғалар тарих беттерінде көптеп кездеседі. Мысалы, ислам тарихынан алар болсақ, «Бәдір», «Хайбар» сияқты т.б. ұрыстарда періштелердің адамдармен қатарласып жүргендігін пайғамбардың (с.ғ.с.) және кейбір сахабалардың оларды көргендігін білеміз. Сонымен қатар, періштелердің адамдарды қорғап, оларды демейтіні турасында түрлі аят пен хадистерде де келген:
«Сонан кейін Алла, Елшісіне әрі мүміндерге сенімділік берді. Сондай-ақ сендерге көрінбейтін (періштелерді) әскер жіберді» (Тәубе сүресі, 26-аят).
Ибн Рафиғ әз-Зурақи (бұл кісінің әкесі Бәдір шайқасына қатысқан) мынадай риуаятты жеткізеді:
«Бір күні пайғамбарға (с.ғ.с.) Жәбірейіл келіп:
– Сендерден Бәдір шайқасына қатысқандарды кім деп айтасыңдар? деген сұрақ қояды. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Олар – мұсылмандардың ең қайырлысы – деді. Сонда Жәбірейіл:
– Бәдір шайқасына қатысқан періштелер де дәл солар сияқты (періштелердің ең жақсылары) деп айтты» (Бұхари).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы
Мәссаған. Көзімізге көрінбейтіні болмаса, үнемі қасымызда екен-ау!
Бұрын білмеппін.