Кұрметті оқырман, сіздің назарыңызға әлемге «Ислам айғағы» атымен танылған ортағасыр ғалымы Әбу Хамид әл-Ғазалидің мәшһүр «Дін туралы ілімдердің қайта жандануы» атты кітабынан үзінді беріп отырмыз.
Абай атамыздың:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті», – деп айтқан сөзін білмейтін қазақ жоқ шығар.
Данышпан ақынның бұл екі қатар өлеңінде үлкен мән жатыр. Адамның бұл өмірде ең қатты жақсы көретін заты – оның жаны. Жансыз өмір жоқ, жансыз тәннің де мәні жоқ.
Психолог мамандардың айтуынша адамның құлағына ең жағымды естілетін есім – өзінің есімі. Біреуді шақырған уақытта немесе сөйлескен кезде оның есімін атап шақырған дұрыс екен. Бұл уақытта адам сізге құрметпен, ізетпен қарайды.
Оның есімін мазаққа айналдырса сені жек көреді, мақтау айтсаң, жақсы көреді. Демек адам өзін, жанын қатты жақсы көреді. Қазақтың «жаным тәтті», «қай жерің ауырса жаның сол жерде», «жаным шығып кете жаздады», «өзім дегенде өгіздей күшім бар» деп айтуы бекер болмаса керек. Енді Абай, сені және адамзатты сұлу, көркем етіп махаббатпен жаратқан Алла Тағаланы өзіңнен артық сүй деп отыр.
Себебі Ол саған табиғатты тамашалайтын, түрлі реңктерді ажырататын, сұйген жақындарыңды көретін көз берді. Жануар мен кұстардың, жақсы көретін адамдарыңның дауыстарын есту үшін құлақ берді. Тағамның ләззатын алу үшін, ащы мен тәттіні ажыратуың үшін, қасыңдағыларға ойыңды жеткізу үшін ақыл мен тілді, жалпы бес түйсікті тарту етті.
Сондықтан да сен Алланы жаныңнан да жақсы көруге тиіссің. Бұл мүмкін бе? Әрине, бұл сұраққа жауап басқа, арнайы мақаланы қажет етеді. Біздің бұл мақалада айтпағымыз, Әбу Хамид Әл-Ғазали де қазақ ақыны сияқты пенденің Алланы сүю қажеттілігін сөз етеді. Алланы сүю адам үшін парыз екенін алға тартады. Ол үшін діннен, Алла Тағаланың аятынан, пайғамбардың хадистері мен ғалымдардың сөздерінен мысалдар келтіреді.
Біліп ал, үмбет! Халықтың бір ауыздан Алла Тағаланы және Оның елшісін (с.ғ.с.) сүюі – парыз. Бұған Алла Тағаланы жақсы көру керектігін растайтын мына аяттар дәлел:
«Адамдар арасында әлде бір хикметтерді Алладан кем көрмей, сиынатындар да табылады. Алланы сүйгендей, оларды да сүйеді. Ал мүминдер Алланы ғана сүйеді» (Бақара: 165).
«Ей, иман келтіргендер! Егер сендерден кім діннен бас тартса, олардың орнына Алла Өзін жақсы көретін, оларды Өзі де жақсы көретін… басқа бір қауымды әкеледі» (Маида: 54).
Бұл аяттар махаббаттың және оның әртүрлі болатынын дәлелдейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) өз хадистерінде Алланы сүюді иманның шарты екенін айтады.
Әбу Разин Тукай пайғамбардан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі! (с.ғ.с.) иман дегеніміз не?», – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алланы және Оның елшісін басқа нәрселерден артығырақ сүюің», – деп жауап береді (Ахмад).
Анас ибн Мәликтің келесі хадисінде: Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Мені отбасынан, малы мен адамдардан артық жақсы көрмейінше пенденің иманы кемелденбейді», – деп айтқан. Басқа риуаятта: «Тіпті өзінен де артық жақсы көрмейінше», – делінген (Бұхари, Мүслим). Расында Алла тағала бұл жайында:
«Сен айт: Егер әкелеріңді, балаларыңды, аға-бауырларыңды, әйелдеріңді, жекжаттарыңды, жиған қазыналарыңды, тоқырап қалуынан қорқатын саудаларыңды, жақсы көретін үйлеріңді Алладан, Оның пайғамбарынан және Құдай жолында күресуден де жақын деп білесіңдер, онда Алладан бір пәрмен келгенше күте тұрыңдар», – деп хабар берген (Тәубе 24).
Сол сияқты пайғамбар да (с.ғ.с.) Алланы және өзін сүюге шақырған: «Сендерді шексіз нығметімен ризықтандырған үшін Алланы және Алланың маған болған махаббаты сияқты мені жақсы көріндер» (Ибн Абастан Термези келтірген).
Келесі риуаятта бір адам: «Уа, Алланың елшісі! Мен сізді жақсы көремін», – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қиындықтарға дайын бол», – деді», – деп келеді (Термези).
Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): Алланың елшісі (с.ғ.с.) Мусғаб ибн Умаирге жүзін бұрып қарады. Оның үстінде қойдың терісінен жасалған киім бар еді (Бұл көрініс оның дүние махаббатынан бас тартқанын көрсетеді). Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағала жүрегін нұрландырған мына пендеге қараңдар! Мен әуелі де оның ата-анасының қасында тағамның ең тәттісін жеп, шырын сусын ең дәмдісін ішіп отырғанын көрген едім. Енді Аллаға және Оның елшісіне деген махаббаты оны сіз көріп тұрған жағдайға түсіріпті», – деп айтты», – деген.
Бірде Әзірейіл періште (өлім періштесі) Ибраһим пайғамбардың рухын алғалы келеді. Ибраһим пайғамбар оған: «Сен шын достың өзінің шынайы жолдасының өлтіргенін көрдінбе?» – деп сұрайды. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға: Ғашық өз сүйгенімен қосылғысы келмегенін көрдіңбе? – деп уахи жібереді. Сонда барып Ибраһим: «Ей, ажал періштесі! Енді жанымды ала бер», – депті деген риуаят бар.
Мұндай ақиқатқа Алла тағаланы барлық жүрегімен сүйген пенде ғана жетеді. Өлім, сүйгенімен қосатынын білген жүрек, қуаныш табады. Ондай жүрек өлімінен қорықпайды және ғашығымен қосылу амалынан басқа нәрселерге көңіл бөлмейді.
Муғаз ибн Жәбәл: «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Алла! Маған Өз махаббатыңды, Сені сүйген пенделерінің махаббатын, Сенің махаббатыңа жақындататын амалды жақсы көруімді нәсіп ет! Махаббатыңды маған салқын судан да жақсы көрсет!», – деп дұға қылатын» – деген хабарды жеткізген (Термези).
Анас ибн Мәлик: «Бір бәдауи пайғамбардың (с.ғ.с.) құзырына келіп: «Ей, Алланың елшісі! Қиямет қашан болады?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қиямет күні үшін не әзірледің?»– деді. Сұраққа сұрақпен жауап береді. Бәдауи: «Мен ол күн үшін көп намаз бен көп ораза әзірлей алмадым. Бірақ мен Алламен Оның елшісін жақсы көріп, дос тұтамын», – дейді.
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Адам өзінің сүйген (нәрсесімен) бірге болады», – деді» деген хабарды келтіреді (Бұхари, Мүслим).
(«Дін туралы ілімдердің қайта жандануы» кітабы «Аллаға махаббат» тарауынан үзінді)
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы.