Әйел адам жұмысынан келе жатса, жол үстінде жерді сызып ойнап отырған баланы көреді. Одан: «Балам немене сызып отырсың?» – деп сұрайды.
Бала: «Апатай, пейіштен жер бөліп, сатып алған адамға чегін беремін», – дейді. Дұрыстап қараса, баланың киімі жыртық, өңі жүдеу екенін көріп, қамқоршысы жоқ жетім бала екенін сезеді.
Оған: «Пейіштің жерін қаншаға сатасың?» – дейді. Бала: «Апатай, мың теңге болады», – дейді. Әйел ойланбастан, «баланың қарны бір тойсыншы» деп, «Мә, балам маған сатшы», – деп мың теңгесін береді. Баланың қуанышында шек жоқ.
Әйел үйіне қайтып келіп, кешқұрым ұйықтағанда, ерекше түс көреді. Түсінде өзін жәннат сияқты жерге кіргендей сезініп, сондай-ақ сол жерде: «Мынау сенің пейіштен сатып алған жерің», – деген сүйінші сөздерді естіп, қуанып оянады. Оянған соң, күйеуіне болған жағдайды айтып береді.
Күйеуі: «Ондай болса, ол баладан мен де пейіштің жерін сатып алайын», – деп жүгіре жөнеледі. Көшеде бала отырған жерге келсе, әдеттегідей ол бала жерді сызып қойып, ойнап жүр екен. Бұл болса: «Балақай, міне мың теңге, маған пейіштің жерін сатшы», – дейді. Бала: «Ағай, мың теңге емес, он мың теңге», – дейді. Әлгі кісі: «Балам, кеше менің әйелім мың теңгеге сатып алыпты, сонда бір күннің ішінде он есеге қымбаттап кетті ме?» – дейді.
Сонда жетім бала: «Ағай, пейіштің жері сатылмайды. Сіздің жұбайыңыздың ниеті басқа еді, ол болса, сол мың теңгесін «мына жетім балаға көмегім болсын» деп берді, ал сіз «пейіштің жерін алсам» деп беріп тұрсыз», – деп жауап беріпті.
(Қырғызстандық имам, шейх Абдишукур қажы Нарматовтың уағызы)
Аударған Қуат ҚАБДОЛДА