Сотталғандар үшін электронды бақылау құралы енгізілді. Инновациялық электрондық бақылау білезігі сот шешімімен бас бостандығынан айырылған, пробация қызметінің есебінде тұрған, сондай-ақ шартты түрде сотталғандарға тағылмақ.
Түркістан облысы Мақтаарал аудандық пробация қызметі бас бостандығы шектелген және шартты түрде сотталған адамдарға электрондық бақылау құралы тағылды. Егер азамат 1 жыл ішінде қайта қылмыс жасамаса, құралды уақытынан ерте шешуге болады.
Егер оны үзгіп, шешіп тастағысы келген жағдайда инспекторларға арнайы сигнал барады. Аптасына бір рет қуатталатын құрылғыны азаматтар өздерінің үйінде қуаттай алады.
Электрондық бақылау құрылығысы – сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауының алдын алу, сонымен қатар жазасын жеңілдетуге мүмкіндік беру үшін пайдаланылады.
– Бұл электронды білезіктің сотталғандарды бақылау жасауға, тұрғылықты мекенжайын тастап кетпеуге, қайта қылмыстың алдын алуға септігі мол. Білезік тағылған сотталғандарды пробация инспекторлары арнайы планшеттер арқылы бақылайды, егер сотталған жаза өтеу тәртібін бұзса немесе білезікті өздігінен шешуге тырысса дабыл түседі. Сотталғандарды мекенжайы бойынша кез келген уақытта тексере аламыз. Олардың үйде немесе басқа жерде жүргенін осы электронды білезікке қосылған планшет арқылы инспекторлар көріп отырады. Белгісіз бағытқа қарай кеткен жағдайда бірден сигнал түседі. Электронды білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылатын болады, – деді Мақтаарал аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Нартай Сабаев.
Мақтарарал аудандық пробация қызметі бастығының сөзіне қарағанда, электронды білезік таққан 4 сотталған да педофилдер. Оның біреуі сегіз жасар қызды зорлаған, екіншісі ер адамның еркінен тыс жыныстық қылмыс жасаған. Ал екеуі кәмелеттік жасқа толмаған қызға үйленген.
Сәкен есімді сотталған жігіттің әкесі электронды құрылғының іске асатынына қуанады. Қаршадай қызды зорлап істі болған ұлы сыртқа шыққанда алаңдайтын әке, енді көңілім тыныш табатын болды деп отыр.
– Балам кешкісін сыртқа шыққанда қатты уайымдайтын едім, дүкенге шығып ары қарай басқа бағытқа кетіп қала ма деген қорқыныштар қатты мазалайтын. Балам үйге келгенше уайымдап отырамын. Түрлі жағдай болады ғой. Бұрынғы жасаған қылмысын тағы қайталайды ма деген де ой болады. Енді жанымыз тынышталатын болды. Себебі, электронды білезік арқылы жұмысқа барып келетін бағыт белгіленген. Ол бағыттан ауытқып кетсе, бірден сигнал беріледі. Сондай-ақ, бақылауда болса, қауіпсіздікте екеніне сенесің, – дейді ол.