Статистика бойынша соңғы 6 айда Қазақстанда балаларға қарсы зорлық-зомбылық, оның ішінде педофилия деректері 8 пайызға өскен. Кәмелетке толмағандарға қатысты анықталған 503 қылмыс тіркелді. Педофилдердің әрекеті әшкере болмай, ақыры жазасыз жүргендері қаншама?! Бұған көбіне құқық қорғау органдары тарапынан жіберілген қателік немесе психологиялық көмектің әлсіздігі себеп дейді мамандар.
«Немолчи.kz» қоғамдық бірлестігі ұсынған мәліметтер бойынша, біздің елдегі педофилдердің 20 пайызы құрбандарын айналасынан іздейді екен. Жәбірленуші көбіне олардың өгей қызы, қарындасы немесе көршісі болып келеді. Яғни, жыл басынан бері тіркелген 503 қылмысты жасғандар педофил өгей әке немесе анасымен азаматтық некедегі ер адам екені анықталған.
«Немолчи.kz» қоғамдық қорының басшысы Дина Смаилованың айтуы бойынша, қазір балалар өздеріне қарсы қылмыс жасалса, қайда хабарласап, көмек сұрарын білмей жатады.
– Бұрын бізде балалар үшін 111 сенім телефоны болды. Оған ай сайын 5-6 мыңдай қоңырау түсетін. Қасқөйден зардап шеккен балалар психологиялық көмекке мұқтаж. Бала белгілі бір сенім телефонына хабарласуы керек. Мәселен, кей дамыған елдерде жеткіншекке арнайы қайта қалпына келтіру курсы тағайындалатыны секілді біздің елге де арнайы оңтайландыратын орталықтар қажеттігі туындап отыр, – дейді маман.
Жақында алматылық ер адам 15 жастағы қызын зорлаған. Жәбірленуші сұмдық жағдайды диктофонға жазып алып, қоғам қайраткерлеріне жүгінген. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен еді.
«Немолчи» қорының айтуы бойынша, педофил өз әрекетін жасырмаған. Ол, тіпті, қызының өзіне бала туып бергенін қалағанын да жасырмай айтып берді.
– Қыз бес жасынан бастап зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Оны өгей әкесі де қорлады. Ол 5 жасында, содан кейін 9, 11 жасында зорлық-зомбылық көрді. 5 жасында бір өгей әкесі, содан кейін екіншісі зорлаған. Қыз өз әкесінің үйіне білім алу үшін көшіп келген. Осы уақытқа дейін ол әкесін мүлдем танымаған, – дейді “Немолчи” қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Татьяна Корол.
Ал “Искра” психологиялық орталығының директоры Ботагөз Бекежанның айтуынша, педофильдердің көбі бала кезінде ата-ана, туысқандарынан зорлық әрекеттерін көп көргендер.
– Туған балаларын қаталдықпен ұрып-соғып жазаласа, ішімдік, отбасылық жанжал баланың көз алдында өтіп жататын болса, сәби өзіне деген сенімді жоғалтады. Бұл психологиялық, рухани, физикалық, құқықтық және жыныстық ауытқушылық болып табылады. Барлығымыздың бойымызда туғаннан бастап тұлғалық мінез іргетасының алғашқы баспалдақтары қалана бастайды. Салдарынан бала айналасындағыларды зұлым ретінде көре бастайды. Үмітсіздік, тығырықтан шыға алмау, мәселенің шешімін таба алмау осындай ешкімге керексіз балалардың оңай олжаны дағдыға айналдырып алуынан шығады, – дейді психолог.
Соңғы уақытта педофилия тақырыбы дамыған елдерде, оның ішінде Қазақстанда қызу талқыға түсіп жатыр. Осыған қатысты өлім жазасына кесу керек дегенге дейін айтылып, әртүрлі ұсыныстар түсуде.
Психолог бала зинақорлығы – бұл қалыптан тыс әрекеті бар ауру категориясына жататын негіздегі кіріс бизнесіне айналған педофилияның бір көрінісі дейді.
Зорлыққа көбіне үлкендердің қарауынсыз қалған, ойын алаңында, үй маңында жалғыз-жарым ұзық жүріп қалған балалар ұшырап жатады. Немесе интернатта, тұрмысы төмен бейберекет отбасыларындағы қараусыз балалар да қамқорлықтың жоқтығынан жыныстық зорлық құрбандары болады.
Еске салсақ, соңғы бес жылда елімізде кәмелетке толмағандарды зорлау оқиғасы екі есеге өсті. Еліміздегі полиция басқармаларының мәліметінше түзеу мекемелерінде 1500-ден астам педофил жазасын өтеуде.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ