Бүгін Павлодар қаласында Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІIІ республикалық байқау басталды.
Игі іс-шараның ашылу рәсіміне қатысқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Құран оқу – дертке шипа, жанға дауа. Адам баласы Құран оқу арқылы ерекше сезімге бөленеді. Алланың сөзін оқыған сайын ықыласың арта түседі. Осы ретте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан мына бір хадис адамға ерекше ой тастайды: «Шын мәнінде, Құранның мысалы – аузы жабылған хош иіссудың құтысы секілді. Егер оны ашсаң, жұпар иісі аңқиды. Ал егер оны ашпасаң, жұпар иісі пайдаланылмай тұрады. (Міне, бұл өзің оқыған) Құранның және (оқылмай) көкірегіңде қалған Құранның мысалы». Құранды ашып, оны оқып, аяттардың мағынасына терең бойлаған сайын жаның тыныштық тауып, жүрегің ерекше сезімге кенеледі. Құран оқыған сайын бойымызда сабырлық, байсалдылық, қарапайымдылық, кез-келген кісімен көркем мәміле жасай алатын жақсы мінез қалыптаса бастайды. Аллаға шүкір, біз осымен он үшінші рет республикалық Құран жарысын өткізіп отырмыз. Мақсатымыз – бабалар ізін жалғап, Құран құндылықтарын дәріптеу, қасиетті кітабымызға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру, қариларымыздың қатарын арттыру», – деді.
Айта кетсек, байқауға қатысушылар Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа және мәнерлеп оқу номинациялары бойынша бақ сынауда. Биылғы байқауға 80 үміткер қатысып отыр.