Жалған хабарлама таратқандарды 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Терроризм актісі туралы хабарлама түскен кезде әрбір факт бойынша шұғыл қызметтер тобы оқиға орнына дереу шығады. Бірінші кезекте азаматтарды эвакуациялау жұмысы жүргізіледі. Кейін мамандар жарылғыш құрылғыларды іздеу және ықтимал теріс салдарларды болдырмау бойынша объектілерді тексеруге кіріседі. Бұл іс-шараларды өткізу үшін көптеген жедел қызметтер қосылады. Олардың көмегі басқаларға қажет болуы мүмкін»,- деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Барлық жағдайда жарылғыш құрылғы туралы ақпарат расталмайды. Көбіне, хабарласушылар қоңырау шалып, бұзақылық ниетпен жалған ақпарат таратады. Кез келген адам мұндай қадамға бармас бұрын, терроризм туралы жалған хабарлама таратқан адам жауапкершілікке, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын есте ұстаған жөн. Яғни, Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
«Болашақта жұмысқа орналасу, қару-жарақ лицензиясын алу кезінде және өздері үшін ғана емес, сонымен қатар жақын туыстары үшін де кедергілер болады. Шетелге шығу кезінде виза алуға шектеулер және тағы басқа жағдайлар болуы мүмкін. Айта кету керек, бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондықтан оны мектеп оқушылары да есте ұстауы керек», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залалды өтейді. Арнайы қызметтердің мұндай жалған шақыртуларға шығуының біреуіне 200-ден 300 мың теңгеге дейін жұмсалады. Ал кәсіпорындар мен ұйымдардың тоқтап қалуынан келген залал миллиондаған теңгемен есептеледі.
Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда құқық қорғау органдарында қылмыстың осы түрін ашуға барлық мүмкіндіктер мен заманауи техникалық құралдар бар.