Сұрақ: Пәтуа мен қази үкімінің айырмасы бар ма?
Жауап: Пәтуа жалпы діни сұрақтарға жауап беру десек, қази – алдына келген даулар мен сотты істерді қарап, шариғат заңдары мен нормаларына сүйене отырып шешім шығарады.
Алғаш қарағанда екеуі де шариғат негізінде іске асатын болғандықтан бір-бірін қайталайтын сияқты. Бірақ, екеуінің қызметі мен міндеттерінде едәуір айырмашылық бар. Мұны айқындау үшін олардың әрбіріне тән ерекшеліктеріне назар салу қажет. Бұлардың бірқатарын былай деп атап көрсетуге болады:
– Пәтуә дегеніміз – шарғи үкімнің парыз, уәжіп, сүннет, арам немесе адал екені турасында баяндау. Пәтуәні консультативті деп атасақ болады, оны естіген азамат орындау немесе тәрк етуі өз ықтиярында.
– Қазидің үкімі – ісі қаралған азаматқа қатысты қазидің шығарған шешімі. Оны орындауы міндетті – үкім.
– Пәтуада қазидің үкімі сияқты күш қолдану мен міндеттеу механизмі жоқ.
– Пәтуә – қандай да бір мәселені білуді қалаған сұраушының сұрағына жауап. Сұраушының сұраққа қатысты жағдайды басынан кешуі шарт емес.
– Мүфти қойылған сұраққа шамасына сәйкес жауап береді немесе жауапсыз қалдыруға да құқылы.
– Қази алдына түскен істі қараусыз қалдыра алмайды. Оған жауап беруі міндетті.
– Пәтуаның ауқымы кең болып келуі мүмкін. Пәтуа көптеген адамдарға ортақ жауап әрі үкім болуы мүмкін.
– Қазидің шығарған шешімі әдетте жекелеген азаматтарға ғана қатысты.
– Пәтуа тараптарсыз, дау-дамайсыз шариғат үкіміне қатысты сұрақтардың барлығына жауап беруді көздейді.
– Пәтуә құқықтық үкімдермен ғана шектелмейді, керісінше, ақида және құлшылық мәселелерін де қамтиды.
– Пәтуә діни мәтіндерде бар мәліметтерді негізге ала отырып жауап беру. Сонымен қатар жауабы табылмаған мәселеде ижтиһад жасап шешімін айту және т.б.
Жалғас САНДЫБАЕВ