Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ, оларды құрлықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Әм оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық» («Исра» сүресі, 70-аят), – деп адамдарды ақылымен ерекшелендіріп, білім іздену қабілетімен артық жаратқандығын хабарлайды.
Шынында да Ислам дінінде білім дәрежесінің жоғары тұрғаны соншалық, Қасиетті Құранның бірінші түскен сүресінің алғашқы аяты «Оқы!» деп, білімді ізденуге бұйырады.
Білім – жалғасы бар үздіксіз тізбек. Білімді Алла Тағала Жәбірейіл арқылы пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жеткізді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса ол білімді айна-қатесіз өз сахабаларына үйретті, ал олардан тәбиғиндер игерді. Осылайша, білім күні бүгінге дейін ұстаздан шәкіртке мирас болып келе жатыр.
Әбу Хұрайра риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Бұл дүние және ондағы барлық нәрсе лағынеттелген, тек үш нәрседен басқа: Алланы еске алу мен онымен байланысты нәрсе, ғалым және білім алушы» (әт-Тирмизи жеткізген, хасан хадис).
Сонымен қатар, Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисте: «Шынында, ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған еді, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді», – деп айтқан еді.
Осы хадистер арқылы Исламның ғылымды асқақтатып, ғалымдардың қоғамдағы орны ерекше екеніне көз жеткізуге болады. Имам әл-Әжурри ғалымдардың алатын орны мен қоғамның оларға деген мұқтаждығы туралы: “Cіздер қараңғы түнде қауіпті жол туралы және адамдар онсыз адасып кететін жарық туралы не ойлайсыздар? Сонда Алла оларға, жолдарын көрсететін жарық берді, ал адамдар онымен аман-есен жүріп кетті. Алайда кейін біреулер келіп, ол жарықты алып қойды да, адамдарды қараңғылықта қалдырды. Олар туралы не ойлайсыздар?! Міне, адамдар арасындағы ғалымдар да дәл сондай. Адамдардың көбісі өздеріне жүктелген міндеттерді қалай орындау керегін мен тыйым салынған нәрселерден қалай аулақ болу керегін, әрі Аллаға қалай құлшылық ету керегін білмейді, сондықтан олар ғалымдарға мұқтаж. Ал қашан ғалымдар қайтыс болса, адамдар қараңғылықта адаса бастайды. Ғалымдардың өлімімен білім жоғалып, надандық жайылады. Расында, біз Аллаға тәнбіз, әрі Оған қайтарыламыз, олардың өлімінен артық қандай қайғы бар десеңші?!”, – деп айтқан болатын. Неткен асыл сөз!
Исламның көрнекті ғалымдары қанша жерден білімнің шырқау биіктігіне жеткенмен, нақты мәселе бойынша бірден кесіп айтуға батылдары бармайтын. Тіпті, пәтуа шығару үшін ғалымдар қойылған шарттарға сәйкес толығымен сәйкес болулары қажет. Сол шарттардың барлығы бір адамның бойынан табылған кезде ғана, ол адам өз бетінше ынта білдіріп, діни мәселелерді шешуге бағытталған пәтуа шығаруына рұқсат етілген. Ол шарттар мынадай:
1. Ол кісі Құран мен Сүннетті жетік меңгерген болуы керек, әрі Құран мен Сүннетті дұрыс түсінуі тиіс.
Бұл орайда Имам әш-Шәфиғи былай деген: «Алланың Кітабын білетін; (басқа аяттардың) күшін жоюшы (насих) аяттарды және күші жойылған (мәнсух) аяттарды білетін; анық (мухкәм) және анық емес (муташәбиһ) аяттар мен олардың тәпсірін білетін; қай аяттар – мәдиналық, ал қай аяттар – меккелік екенін, олардың ұғымын және түсу себептерін білетін адамнан басқа ешкім пәтуә бере алмайды. Сондай-ақ, ол Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадистерін; қандай хадистер күшін жоюшы, ал қайсылары – күші жойылғанын, әрі тілді жетік білуге міндетті. Сонымен қатар, ол әділетті, бейтарап, көп сөйлемейтін болуы керек, қарастырылып жатқан мәселе бойынша келіспеушіліктер туралы білуі қажет, әрі онда талант пен қабілет болуы тиіс. Енді, кім осы талаптарға жауап берсе, ол халал мен харам туралы айтып, пәтуә беруіне болады, ал кім бұл талаптарға жауап бере алмаса, пәтуә бермейді!”.
2. Ол кісі туралы ғалымдар: «Ол пәтуә беретін деңгейге жетті», – деп айтуы керек.
Осыған байланысты Имам Мәлік: “Пәтуә беруге лайықты екеніме білім иелерінен болған жетпіс адам куәлік етпейінше, мен пәтуә берген емеспін”, – деген екен.
3. Пәтуә беру үшін ол кісі білімді тек кітаптардан ғана алған адам болмауы керек.
Исламның атақты ғалымы Ибн әл-Қайим бұл жөнінде: “Жұрттың әдет-ғұрпын, уақытын, орны мен жағдайын ескерместен, тек кітаптарда келтірілген нәрсенің негізінде ғана пәтуә беретін адам өзі де адасады, өзгелерді де адастырады. Адамдардың өмір сүретін жері мен уақытына, әрі темперамент пен әдеттеріндегі ерекшіліктерді ескермей, бірыңғай медициналық кітап бойынша емдей беретін дәрігердің қылмысынан гөрі, мұндай мүфтидің дінге қарсы жасап жатқан қылмысы жаманырақ. Мұндай надан дәрігерлер мен мүфтилер дінге және адамдардың денсаулығына ең үлкен зиян тигізеді”, – деп айтқан.
4. Сондай-ақ, мұндай адам пәтуәны тәжірибесі мол қарт ғалымдардан алу керек.
Ибн Мәсғудтың бұл орайда мынадай сөзі бар: “Адамдар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сахабалары мен үлкен ғалымдардан білім алып жүргенше, игілікте болады. Ал қашан олар білімді жастардан ала бастаса, онда өздерінің кесірлі қалауларының себебімен келіспеушіліктерге тап болады да, кейін мүлдем құриды”.
Ал қазіргі біздің қоғамымызда кеңінен етек алып жүрген жағдайға көз жүгіртер болсақ, араб мемлекеттерінде бірнеше жыл оқып немесе өз елінде жүріп, «шейхтарының» дискіге жазылған дәрістерін тыңдап, бір сәтте «ғалым» болып кеткендер қаншама!
Ибн Ләбид жеткізеді: «Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с) бізге дін туралы біраз нәрселерді айтып болып: «Бұл білім жоғалған кезде болады!», – деді. Сонда: “Егер Құранды біздің өзіміз, балаларымыз және немерелеріміз оқып жатса, онда білім қалайша жоғалмақ?!”, – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Анаң сенен айырылып қалсын, әй Ибн Ләбид! Яһудилер мен христиандар да Тәурат пен Інжілді оқымай ма, алайда олар не пайда алып жатыр?!», – деп жауап берді”.
Бұдан тек қана араб тілін меңгеріп, Құран оқуды үйреніп алған адамның ғалым бола алмайтыны жөнінде қорытындыға келуге болады. Мұсылман өз діні туралы сөз айтпастан бұрын немесе дінде қандай да әрекет етпестен бұрын, ол туралы қажетті нәрселердің барлығын біліп алмайынша, үн қатпауы қажет, істемеу керек, өйткені, білімсіз жасалған амалдан өзі де, өзге адам да зардап шегуі мүмкін.
Шынтуайтына келгенде, білімсіз амал ететін адам – қараңғылықта адасып жүрген адам сияқты. Омар ибн Абдул-Әзиз осы орайда былай деген: “Кімде-кім Аллаға білімсіз құлшылық етсе, онда ол пайдадан гөрі, зиян көп әкеледі”.
Исламдағы барлық үкім маңызды, алайда, олардың арасында да бірінші кезекте тұрған үкімдер кездеседі. Діндегі көп нәрселер бірден парыз немесе харам етілмеген болатын. Құранның өзі де тұтас күйінде бірден түскен жоқ, керісінше Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлық уақытында жиырма үш жыл бойы түсірілген. Алла Елшісі сол жиырма үш жылдың он үш жылында адамдарды тек бір Аллаға ғана сыйынуға шақырған. Бір Аллаға сеніп, үйретілген тәртіппен құлшылық етуді бастағаннан кейін ғана оларға басқа нәрселер парыз етіле бастады.
Ал қазіргі таңдағы кейбір жастар адамдар назарын маңызды нәрселерден әкетіп, ұсақ-түйек мәселелерге уақыттарын құр босқа жоғалтып жүр. Олар тіпті Құран мен сүннетті басшылыққа алудың орнына, өз көңіл-қалауы мен эмоцияларын басшылыққа алуды әдетке айналдырып үлгерген. Бірінің сөзін бірі тыңдамай, қызылкеңірдек болып дауласып, артынша бір-біріне деген жаугершілікті танытып жатады. Осы ма еді Пайғамбарымыздың өсиет еткені?!
Онсыз да санымыз аз қазақ бір-бірімізден нені қызғанамыз, немізді бөлісе алмай жүрміз? Ертең-ақ «аһ!» деп санымызды соқпай, бүгін бір шешімге келгеніміз дұрыс.
С. НЫСАНБАЕВ
Өте жақсы мақала.