Экстремизм. Осы бір үрейлі сөздің қазақ қоғамына енгеніне көп бола қойған жоқ. Бірақ, оның қатері қандай екенін көпшілік аңғарып үлгерді. Өйткені, теріс идеологияның жетегінде кеткендер өз елінің келешегіне нұқсан келтіріп, халық пен мемлекет мүддесін аяққа таптайды. Тіпті, тәуелсіздікке де қатер төндіруі мүмкін.
Иә, экстремистік топтардың көксегені – мемлекеттік құрылымның беделіне нұқсат келтіре отырып, өз билігін орнату. Бұл жолда олар ең алдымен жастарды арбап, өз қатарына қосуға тырысады. Неге жастар? Өйткені, олар алды-артын ойламайтын, албырт кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ата-ананың, мектептің қадағалауынан босап шығып, ересек өмірге енді араласқан. Жақсы мен жаманды анық ажырата алмайды. Алдауға тез түседі. Әрі белгілі бір идеологияны санасына сіңіре алсаң, сол жолда тау қопаруға дайын.
Өкінішке қарай, теріс идеяның құрбаны болып, адасқан жастар көп қоғамда. Өзге елдегі соғысқа аттанып құрбан болғаны да, өз елімізде лаңкестік әрекеттер жасауға ұмтылып абақтыға қамалғаны да жетерлік. Бұл – адам тағдыры.
Деструктивті ағымдар өз қатарына ең алдымен әлеуметтік аз қамтылғандарды және девиянтты мінез-құлықтағы азаматтарды тартады. Бұл культтер ұлт, мемлекет, туыс ұғымдарын жоққа шығаруға құштар. Олар үшін жақын туыс – «діндестері». Басшы – діни көсем. Болды. Бұл идеологияға уланғандар өздерінің мақсатына жету жолында бір туған бауырын да, тіпті анасын да құрбан етуге дайын.
Еліміздің басты заңы – Конституцияда «Қазақстанның басты байлығы Адам және оның құқықтары мен бостандықтары» екені анық жазылған. Яғни, кез келген адамның тағдыры мемлекет үшін маңызды. Ал, жастарды экстермистердің тұзағынан қалай аман сақтап қаламыз? Жалғыз амалы – дұрыс тәрбие мен патриотизмді сіңіру.
Өйткені, өз елінің патриоты еш уақытта Отанына опасыздық жасап, оны қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейді. Сондықтан да мемлекет жастардың сапалы білім алуына, тұлға болып қалыптасуына барынша қолайлы жағдай жасауға тиіс. Бұл ретте білім ошақтарымен қатар қоғам да ерекше үлес қосады. Жастардың бойында шығармашылық таланты, спортқа деген құлшынысы немесе ғылымға деген ұмтылысы бар ма? Оны дамытуға ерекше зейін аудару керек. Сол өзі ұнатқан дүние арқылы патриоттық құндылықтар насихатталуға тиіс. Жастар елдің келешегі өз қолдарына екенін ұғынған сәтте дұрыс бағытта еңбек етіп, энергиясын осы бағытқа жұмсайды.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
Қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі,
Теміртау қаласы