Сұрақ: Университетте оқуды бітіріп жатырмын. Бірақ оқыған уақытымда пара берген кездерім болды. Кейде оқығым келмей, жеңіл жолға үренгендіктен бергенім рас. Бұған өкінемін әрине. Енді осы дипломмен жұмысқа кірсем, алған табысым харам болып есептеле ме?
Жауап: Пара беру, пара алу – Исламда үлкен күнә деп танылатын амал. Парақорлық – әділетсіз, жаман табыс жолдарының бірі. Қоғамның баяндылығын бұзатын індет. Пара жүрген жерде әділетсіздік орнап, адам мен қоғам құқығына қол сұғылып, заңның күші жойылады.
Алла Тағала параны алуға, беруге, оған дәнекер болуға да тыйым салған. Алла тыйған мұндай үлкен күнәдан аулақ болып, парақорлық атаулыдан барынша сақтану керек.
Пенде болғаннан кейін күнә жасап қою оның табиғатында бар дүние. Бірақ артынша өкініп, ол істі қайталамаған абзал. Дініміз күнә істеген пендеге тәубе етуін еске салып отырады. Істеген амалына өкініп, ізгі істер істей бастаса, Алла Тағала «Фурқан» сүресінің 70-аятында «Ал кімде-кім өкініш білдіріп, тәубеге келсе әрі иман келтіріп, (өзі һәм қоғамды түзетуге бағытталған) игі істер істесе, оның жөні бөлек. Алла ондай жандардың жамандықтарын жақсылықа айналдырады…» деген.
Диплом алып, қоғамға пайда әкелетін адал жұмыс істеу қайырлы жұмыс. Кәсібіңіздің Алла берекесін берсін!
Икрам АЙТАЕВ