Сұрақ: Пантеон салу шариғатқа сай ма?
Жауап: Әрбір тіршілік иесі дүние есігін ашып, фәнидегі дәм-тұзы таусылған күні өлім құшатыны баршаға аян. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Әнбия» сүресінің 35-аятында: «Барлық жан өлімнің дәмін татады», – деп баяндалған. Яғни, адам баласының бұл фәнидегі соңғы нүктесі – өлім екені талассыз ақиқат.
Бұл өмір шындығын бабаларымыз: «Өзекті жанға бір өлім!» деп бір ауыз сөзбен кескіндеген. Ал, дүниеден өткен кісілерді арулап, жаназасын оқып, қоштасып, қара жер қойнауына беру – артында қалған қауымның атқарар асыл уәзипасы саналады.
Жалпы, өмірден өткен кісінің басын қарайтып, құлпытас қоюды шариғат құптайды. Себебі, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің емшектес бауыры Осман ибн Мазъун қайтыс болғанда, өз қолымен оның басына белгі ретінде тас қойған (Ибн Дәуд). Осыған сай ислам мәдениетінде өмірден өткен мұсылмандардың қабіріне құлпытас қою үрдісі қалыптасқаны көпшілікке мәлім. Яғни, қайтыс болып жерленген адамның қабірінің басына құлпытас қою салты шариғат құптаған амалдардың қатарына жатады.
Әйтсе де, дүниеден өткен марқұмның басына құлпытас қоюда шектен шықпауға тиістіміз. Әсіресе, қабір басына аспандатып күмбез тұрғызып, әшекейлі сағана салып, мол қаржы шығындауды дініміз теріске шығарады. Бұл хақында Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «Алла, ақиқатында, ысырапқорларды ұнатпайды», – деп бұйырылған. Яғни, қабір басына белгі ретінде қойған құлпытасымыз ислам ғұламалары белгілегендей түйенің өркешіндей көлемнен аспаса құба-құп.
Мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қорымын тұрғызу мәселесіне келер болсақ, жоғарыда көрсетілген шариғат талаптарын сақтай отырып, өмірден өткен көрнекті тұлғалардың қабіріне біріңғай типтегі құлпытас қоюды әбес емес деп білеміз. Себебі, көрнекті тұлғаларды алдын-ала белгіленген бір қорымға жерлеу дәстүрі төл тарихымызға жат емес.
Айталық, Кашмирдің Сринагар қаласындағы «Сұлтандар мазарында» (мазар-и салатин) XVI ғасырда өмір сүрген көрнекті мемлекет қайраткері һәм тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз жерленген. Сондай-ақ, Алтын Орда және Қазақ хандығының астанасы болған көне Сарайшық қаласындағы «Хан қорымында» өз заманның айтулы тұлғалары болып саналатын Мөңке-Темір, Тоқтағу (Тоқты), Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Ших Мамай, Жүсіп хан және т.б. көптеген тарихи тұлғалар жерленген.
Түркістан қаласындағы көне қорымда да қазақтың хан-сұлтандары, би-батырлары, ақын-жыраулары мәңгілікке дамыл тапқан. Яғни, бүгінгі көрнекті тұлғаларды тарихтан атын өшірмес үшін мемлекеттің қорғауында болатын қорым дайындау – біз айтқан талаптарға сай болса, оны ислам діні құп көреді.
Мұхан ИСАХАН