Ата-бабалары Ауғанстаннан Пәкістанға босып келген этникалық қазақтардың ұрпақтары еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктен Мемлекет басшысына және қазақ халқына үндеу жолдады.
Карачи қаласындағы 40 отбасының аманатын арқалаған қандасымыз Хамит Жорабай кешегі дүрбелеңде қаза тапқан отандастарымыздың жақындарына қайғырып көңіл айтты.
Үндеуде шеттегі қандастар елімізде орын алған бейберекетсіздікке бейжай қарай алмайтындарын, қазақстандықтардың әлемдегі ең бақытты халықтардың бірі екендіктерін де атап өткен. Бұдан бөлек, тарихи отандарының дамуы үшін халықты ел президентімен бірге болуға шақырады. Карачи қазақтарының жолдаған үндеуін қаз қалпында назарларыңызға ұсынамыз.
«Армысыздар, атажұртым!
Аса мәртебелі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Пәкістанның Карачи қаласының аймағында тұратын 40 отбасының атынан Сізге үндеу жолдаймыз.
Біздің көпшілігіміз Карачиде жарық дүниенің есігін аштық. Ата-бабаымыз Ауғанстанға Кеңес әскері кірген кезде, тағдырдың тәлкегіне түсіп осында босып келген.
Сізге бұл үндеуді жазудағы басты мақсат – сүйікті Қазақстанымызда орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге бейжай қарай алмадық. Жүрегіміз де, көзіміз де әсем Алматы мен бірқатар өңірлердің ойрандалғанына қатты қынжылды. Біз Пәкістанда өмір сүрсек те, атамекеніміз Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері үшін мақтанамыз! Қазақстандықтар әлемдегі ең бақытты халықтардың бірі екенін ұмытпаса екен. Өйткені Алла Тағала атажұртымызға көптеген қазба байлықтарды нәсіп еткен.
Әрбір сәт сайын тарихи Отанымыздағы жағдайларға алаңдаумен болдық. Атамекенімізде енді мұндай қан төгістер болмасын! Осы үндеумен басқа елде босып жүрген, біздей панасыз қазақтар еліміздегі бейберекетсіздіктен қаза тапқан ағайындарымыздың жақындарына, олардың артында қалған жетім-жесір отбасыларына қабырғамыз қайысып көңіл айтамыз!
Ел халқын сабырға шақырып, бірлік пен ынтымақта болуларын сұраймыз. Бақытты елде өмір сүріп жатқандарыныздың қадірін біліңіздер. Сіздер босқындар өмірінің қаншалықты ауыр әрі тағдырларының қиын екенін білмеулеріңіз мүмкін. Босқын болып жүрудің қаншалықты қиын екенін білгілеріңіз келсе, біздің жағдайымызды сұрасаңыздар болады.
Пәкістандағы барша ағайындар атажұртымыздың әлі де дамып, басқа елдерден озық болуы үшін Алладан жәрдем тілейміз!
Қазақстанның гүлденуі үшін қазақ халқын ел президентімен бірге болуға шақырамыз», – делінген үндеуде.
Қадірәлі САРЫПБЕК