Байыбына бармаған бұрынғылар секілді, қазір де ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Зейнеп Жахшқызы анамызбен (Ол кісіге Алла разы болсын!) некелескенін сынға алушылар бар…
Жалпы, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) он бір әйелге некелескені және ол некелердің өз себеп-салдарлары болғанын жақсы білеміз. Қысқа қайырғанда: ол некелер Алла Тағаланың үкімімен болғаны, діни, саяси мақсаттар көзделгені белгілі.
Біз әңгіме еткелі отырған оқиғаның ұзынырғасы былай: сол заманның салтына сай, отбасын құрған соң, Хадиша анамыз (Ол кісіге Алла разы болсын!) Пайғамбарымызға (ﷺ) Зәйд атты құлын сыйға береді. Арада біраз жыл өткен кезде (бұл кезде әлі пайғамбарлық берілмеген) Зәйдттің ата-анасы ұлдарының хабарын естіп, іздеп келіп, ақысын төлеп алып кетпекші болады. Бірақ берекелі отбасына әбден бауыр басқан бозбала өз еркімен қалуды жөн көріп, әке-шешесінің разылығын алады. Бұған қуанған Пайғамбарымыз Зәйдті өзінің баласы деп жариялайды.
Алайда, Мәдиналық кезеңде түскен «Ахзаб» сүресінде Алла Тағала асырап алған балаларға қатысты мынандай үкім осы сүресінің 5-аятында түсірілген: «Асыранды балаларды өз әкелерінің атымен атаңдар. Бұл – Алланың алдында әділірек. Егер олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар – діндегі бауырларың әрі дос-жақындарың…»
Осы аятқа байланысты Зәйд қайтадан өз әкесінің есімімен «Харисаұлы» деп аталатын болды. Елшілік миссиясы жүктелген уақытта, Зәйд алғашқылардың бірі болып Исламды қабылдады.
Содан арада жылдар өтіп, күндердің бір күні Алла елшісі (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Харисаұлы Зәйдті өзінің жақын туысы, әпкесі Абдулмұтталибқызы Умайманың қызы Зейнепке үйлендіреді. Текті әулеттен шыққан, өзі дәулетті, өзі келбетті Зейнеп алғашында қарсы болғанымен, ойлана келе, имани негізде бойұсынып, неке қиюға келісімін береді.
Алайда, екі жастың көтерген шаңырағы ұзаққа бармады. Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы күннен-күнге шиеленісіп, ақыры Зәйд Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) келіп, ажырасуға рұқсат сұрайды. Алла елшісі оған: «Алладан қорық! Әйеліңмен бірге бол», – деп кеңес беріп, бірнеше мәрте кері қайтарады. Ақыры, қиуы кеткен дүние қалыбына келмей, екі жас ажырасады.
Мәселе бұнымен бітпейді. Күту (иддат) мерзімі аяқталған соң, Алла елшісі (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Зейнеп анамызбен некелеседі. Әрине, бұл іс мұнафиқтар мен дін дұшпандарының «Ол өз ұлының әйеліне үйленіп алды!» деп шу шығарып, ғайбат пен жаланы қарша боратуларына таптырмас себеп болды…
Сонымен, бұл іс – әуелі Ұлы Жаратушының үкімі екенін ескере отырып, болған істің шынайы себептері мен хикметтеріне үңілсек, бұл оқиға арқылы мына дүниелердің жүзеге асқанын көреміз:
- Құлдықты және оның салдарларын жоюмен қатар адамдардың теңдік мәселесі іске асырылып, нақты мысалмен үлгі көрсетілді. Алла елшісі (ﷺ) адамдарға Құдайдың жаратқан пенделері негізінен тең құқықты екенін, азат адам мен бұрынғы құлдың, ақ пен қараның айырмашылығы жоқтығын түсіндіру үшін, құлдықтағы Зәйдті азат етіп, оны өзінің баласындай көріп, өсірді. Кейінгі үкімге байланысты әкесінің атын қайтарып, оны өзінің тәтесінің қызы Зейнепке (Ол кісіге Алла разы болсын!) үйлендірді, яғни нәсілдік, әлеуметтік, тектік теңдіктің нақты мысалын өз жақындары арқылы көрсетті;
- Алла Тағала дүниеге келген сәбидің туған ата-анасының құқықтары міндетті түрде ескерілуі керектігін, қандық, тектік сәйкестіктің сақталуы қажеттігін ескертіп, шындықтың үстем тұратындығын, ащы да болса, әділдіктің сақталуы керектігін үйретті;
- Асырап алған баланың белбаламен жаратылысы, құқықтары бірдей емес екенін; асыранды баланың ажырасқан әйеліне некелесуге рұқсат екенін бекітті.
Міне, Алла Тағаланың осы үкімдерін мұсылмандар арасында жаю үшін, Алланың аянымен, Пайғамбарымыз (ﷺ) Зейнеп анамызға некелесіп, отбасын құрды. Бұл айтар ауызға ғана оңай атқарылған шаруа еді.
Іс жүзінде Зейнеп анамызбен некеге тұру ардақты Пайғамбарымызға өте ауыр тиген үкім болды! Қоғамда қалыптасқан салтты бұзу, сол арқылы адамдардың қысымы мен мазағына душар болу ісі Алла елшісін (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) толқытқаны соншалық, ол уахи арқылы Зейнептің өзіне жұбай болатынын біле тұра, Зәйдке «ажыраспа» деп айтып, көптің сөзінен тайсақтаған еді.
Осы мәселеге қатысты кей ғалымдар: «Егер Алла елшісі (ﷺ) өз абыройын ойлап бір нәрсені жасырғысы келсе, осы аятты жасырып қалар еді!» деген. Бұл оқиға қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресінің 37-аятында былай сипатталады:
«(Уа, Мұхаммед) Сен, Алла оған игілік бергенге әрі өзің де жақсылық жасаған адамыңа: «Әйеліңді өзіңде ұста әрі Алладан қорқып, сақтан», – деген едің. Алла саған (уахи етіп) анық білдіргенді ішіңде жасыруда әрі адамдардың (дұрыс түсінбеуінен) қорқуда едің. Алайда қорқуыңа бәрінен де Алла лайықты! Зәйд ол әйелмен ара-қатынасын кескен (ажырасқан) кезде, Біз сені оған (Зейнепке) некеледік. Бұл имандыларға (мүміндерге), асырап алған балалары әйелдерінен ажырасқан кезде, оларға қатысты ешбір айып болмауы үшін (істелінді). Алланың бұйрығы міндетті түрде орындалады!».
Осылайша иләһи үкіммен отбасы құрылғанын, кейін Зейнеп анамыз «Менің некемді Раббым қиды!» (Тирмизи жеткізген хадис) деген сөзбен білдіріп, әрі мақтан тұтқан, әрі шүкірлік еткен.
Ал, дұшпандардың «Ол ұлының әйеліне үйленіп алды!» деген бәлелі сөздеріне қатысты «Ахзаб» сүресінің 5-аятымен бірге және осы сүренің 40-аятында: «Мұхаммед – араларыңдағы ешбір ер кісінің әкесі емес, бірақ Алланың елшісі әрі пайғамбарлардың соңы. Алла – барлық нәрсені Білуші!» – делінген.
Байбалам салушылардың «Мұхаммед Зейнептің сұлулығына қызығып үйленді» деген жаласына келсек, надандықтан туған өсек-аяң екені мынадан білінеді: Зейнеп анамыз – жақын әпкесінің қызы болғандықтан, оны Пайғамбарымыз (ﷺ) бұрыннан көріп жүрген, былайша айтқанда көз алдында өскен қыз. Егер де Пайғамбардың (ﷺ) ойында ондай ниеті болғанда, ол қызды Зәйдке некелемей-ақ, пәк қалпында әйелдікке алуына болар еді! Оған еш кедергі жоқ еді! Өйткені, Алла елшісімен жақындықта болу, ол кісімен туыстық байланысты нығайту – сахабалардың ең ұлы арманы еді!…
Зейнеп анамызға ұсыныс білдіру үшін Пайғамбарымыздың (ﷺ) елшілікке Зәйдті жібергені – бұл некеге қатысты Харисаұлы Зәйдтің де көңілінде еш түйткіл қалмағанын, адалдығы мен азаматтығын білдіреді. Ал Зейнеп анамыз бұл ұсынысқа іштей қуанғанымен «Мен бұл іске қатысты Раббымның қалауын білмейінше, ешнәрсе айта алмаймын» деп, намазға тұрағаны және сол уақытта жоғарыда келтірілген «Ахзаб» сүресінің, 37-аяты түсірілгені белгілі.
Осы некеге қатысты ғалымдар: «Бұл неке – Алла Тағаланың Зейнеп анамыздың Алла елшісіне (ﷺ) мойынсұнғанының қайтарым сыйы болды және қиын сынға ұшыраған Зәйд те (Ол кісіге Алла разы болсын!) үлкен құрметке бөленіп, оның есімі Құран Кәрімде аталып, аты мәңгілікке жалғанған бірден-бір сахабаға айналды әрі осы аят арқылы оның жұмақтық екеніне де ишара етілді» деген пікір білдірген.
Расында, Зейнеп анамыз көңілі тартпаса да, Пайғамбардың өзі құда түсіп келгендіктен, Зәйдке тұрмысқа шыққан болатын. Яғни көңіл қалауынан иман талабын жоғары қойған нағыз мұсылман, тақуа жан еді (Ол кісінің тазалығы мен тақуалығына ғұмыры дәлел)!..
Жалпы, некенің рухани мәніне бойламаған, үйленуді тек шахуат-құмарлық жағынан ғана бағалайтын және сол замандағы салт-сананы ескерместен, үкім айтатын саяз түсінікті адамдардың ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) үйленуі мен жұбайларының көп болуын еш түсіне алмайтыны анық.
Иман келтіру мәселесін былай қойғанда, бұрын, Араб түбегіне Ислам діні келмей тұрып, жергілікті тұрғындар арасында зинақорлық кеңінен тарағанын, оның тіпті ұятты іс болып саналмағандығын ескерсек; Пайғамбарымыздың ﷺ) 25) жасына дейін ешкіммен некелеспегенін әрі зинақорлықпен айналыспаған аса ұстамды да байсалды жігіт болғандығын, халықтың ол кісіге «әмин», яғни «сенімді, адал, шыншыл» деген лақап ат таңғанын ескерсек; өзінен ересек Хадиша анамызбен бірге тұрған уақытында басқа ешбір әйелмен неке қимағанын ескерсек; Айша анамыздан (Ол кісіге Алла разы болсын!) басқа жұбайларының барлығы бұрын тұрмыста болған, балалы-шағалы кісілер болғанын ескерсек; бірде-бір жұбайының Пайғамбарымызға (ﷺ) қатысты еш өкпе мен кінә артпағанын ескерсек; олардың ешбір жағдайға қарамастан Ол кісімен бірге болуды артық көргенін ескерсек, онда Пайғамбарымыздың (ﷺ) адами тұлғасы, Ерге тән бейнесі айқындалған үстіне айқындала бермек!
Сау ақылмен қараған адам пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) әрбір некесінің өз алдына хикметі, ғибраты, үлгі-өнегесі бар екенін бағамдамақ. Ал иманнан алыс, танымы бөлек, сын-таразысы қисық пендеге дауа жоқ.
Сонымен түйіндесек: бұл оқиға арқылы бұрынғы құл болған кісіге (жалпы құлдарға) қатысты қате түсініктер күйретіліп, адам баласының теңдігі паш етілді; асыранды балаға қатысты әділдік нормалары бекітіліп, қажет жағдайдағы неке істеріне рұқсат бары білдірілді; Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) тұлғасы келесі бір ауыр сыннан өтті.
Ерекше ескеретін бір жәйт: асыранды баланың ажырасқан әйеліне үйлену – міндет (парыз) емес, сондай бір мұқтаждық туындаған жағдайда берілген рұқсат қана (қазақ дәстүріндегі әмеңгерлік секілді)…
Осы мақалада қате айтылған сөздер болса, Рақымды Иеміз Өзі кешірсін! Ардақты Пайғамбарымызға (ﷺ), ол кісінің отбасына және барша мұсылмандарға Ұлы Жаратушының сәлемі, берекеті жаусын!
Адал ниеттілерге Алланың ақ Жолы нәсіп болсын!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ