Сұрақ: Мұхаммедті (с.ғ.с.) мейірім пайғамбары деп айтады. Ол соғыс алаңында қаншалықты мейірімді бола білді?
Жауап: Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бейбіт өмірде ғана емес, соғыс алаңында да адам баласына құрмет көрсетіп, қатыгездік танытпаған. Мысалы, Меккені мүшриктердің қолынан алған уақытта тұтқынға түскендердің барлығына «сендер азатсыңдар» деп бостандық береді.
Сол сияқты һижреттің 8 жылы шәууал айында Халид ибн Уалидті 300 әскерге қолбасшы етіп, Джазим әулеті бастаған тайпаға қарсы соғысқа жібереді. Соғыс басталып кетті, соғыс алаңында Халид ибн Уалидтің бұйрығымен бір жігіт өледі. Бұл алаңда ол жігіттің сүйген қызы болатын. Сүйген ғашығының көз алдында өлтірілгенін көрген қыз жігіттің денесін құшақтап жылайды. Қатты екі рет дауыстап айқайлайды да қайғыдан ол да сол жерде қайтыс болады.
Кейін бұл оқиға пайғамбарға да жетеді. Сонда Пайғамбардың көңілі түсіп: «Сендердің араларыңда мейірімі бар бір адам болмады ма?», – деп айтқан екен.
Халид ибн Уалидтің өзінен жеткен бір риуаятта пайғамбарға бұл хабарды айтқанда, ол қолдарын жоғары көтеріп: «Ей, Алла! Халидтің жасаған мына ісіне менің қатыстым жоқ және хабарым да болмады!» – деп айтты делінеді (Ибн Касир. Әс-Сирату ән-Набауйә).
Осы оқиғалардың өзі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) қаншалықты мейірімді, жанашыр әрі рақымшыл екенін көрсетсе керек.
Жалған САДУАХАСҰЛЫ