Сұрақ: Пайғамбарлардың өз кәсібі болған ба?
Жауап: Пайғамбарлар Құдай Тағаланың таңдаулы құлдары болғандықтан олардың бойында көптеген ізгі қасиеттер болды: көркем-мінез, көркем сөз және шешендік, қандай да бір кәсіптің шебері және т.б. Олар өздерінің пайғамбар екенін айтып, соңынан ерген ізбасарларының арқасында күнелткен емес. Пайғамбарлар күн-көрісін айыру үшін белгілі-бір кәсіптің қас иесі болған. Себебі пайғамбар басқаларға дұрыс өмір сүру, адал кәсіп қылу, отбасында өнегелі әке, қоғамда ізгі азамат болу сияқты құндылықтарды практикада көрсету арқылы басқаларға үлгі болуға міндетті.
Өзі біреуге масыл бола отырып, елге ақыл айту арқылы күнелту пайғамбарларға ғана емес, мұсылман үшін жат қылық. Мысалы, алғашқы пайғамбар әзіреті Адам – диқаншы, Нұх пайғамбар – ағаш шебері, Ыдырыс пайғамбар – тігінші, Ибрахим пайғамбар – маташы, Дәуіт пайғамбар – темірші, Сүлеймен пайғамбар – себет тоқушы, Зәкария пайғамбар – ағаштан түйін түйген ұста, Иса пайғамбар – дәрігер, Худ пен Салих пайғамбарлар – саудагер, Аюб пайғамбар – бағбан, Мұса мен Шұғайып пайғамбарлар шопан болған.
Пайғамбарлар өз несібелерін адал еңбектерімен тауып, отбастарын өздері асыраған. Олар қоғамда абыройлы, сыйлы болса да ешкімге салмақ салмаған. Халық оларды сол үшін жақсы көрген, сөздеріне құлақ салған.
Біздің пайғамбар Мұхаммед те (с.ғ.с.) пайғамбарлық келмей тұрып, қой қайырып, мал баққан, кейін саудамен айналысқан. Ол кісі сахабаларына: «Алла шопандық жасамаған ешқандай пайғамбарды жібермеген», деп айтқандығы жайында риуаят бар.
Жалғас САНДЫБАЕВ