Сұрақ: Пайғамбарға (с.ғ.с.) бағыну парыз ба?
Жауап: Құранның отыз шақты жерінде Алла Өзіне және пайғамбарға иман келтіруді әрі мойынсұнуды әмір етеді. Сол үшін мұсылман адам Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немқұрайлылық танытпайды. Аллаға иман келтіргені сияқты пайғамбарға да иман келтіріп, оның өсиеттерін орындайды:
«Маған мойынсұнған – Аллаға мойынсұнған. Маған қарсы шыққан – Аллаға қарсы шыққан» (Бұһари, 7288; Мүслим, 1337).
«Маған мойынсұнған – жұмаққа кіреді. Ал мойынсұнбаса – жұмаққа кіргісі келмегені» (Бұһари, 7280).
Мұсылман баласы осы дүниеде, ақыретте де бақытты ғұмыр кешуді қаласа, онда Алланың елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрмет көрсетіп, оның айтқанына мойынсұнады. Пайғамбарды жақсы көрген адам Оның артынан ереді, бұйрықтарын орындайды. Осылайша, Жаратушының да махаббатына бөленіп, ақыретін құтқарады.
Сахабалар үнемі пайғамбарға еліктеп, оның айтқан сөзін немесе өсиетін екі етпей орындаған. Мысалы, «Бір күні пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) имам болып намаз оқыды. Барлығының аяғында аяқ киімдері бар болатын. Бір кезде пайғамбар аяқ киімін шешті. Мұны көрген сахабалар да аяқ киімдерін шешеді. Намаздан кейін Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олардан не үшін аяқ киімдерін шешкендерін сұрайды. Олар:
– Сіздің шешкеніңізді көріп, біз де шештік уа, Алланың елшісі! – деп жауап берді.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға:
– Мен намазда тұрғанымда Жәбірейіл (ғ.с.) келді де, аяқ киімімде нәжістің болғанын хабар етті. Мен сондықтан оны шешіп қойдым. Сендердің де шешулеріңе қажет жоқ еді, – деп айтты (Әбу Дәуіт 650)».
Көргеніміздей, сахабалар пайғамбардан не нәрсе көрсе, соны айнытпай қайталауға тырысатын. Сол сияқты әрбір мұсылман пайғамбарға мойынсынуы тиіс.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ