«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді ата-бабаларымыз. Жақыны оғаш іс қылса, оған кешіріммен қарап, ал басқа біреу ағаттық жасаса, оны жазаға тарту әділетсіздікке жатады.
Имани құндылықтарды басшылыққа алатын асыл дініміз қара қылды қақ жаратын әділдікке шақырады. Үкім еткенде заң алдында барлық адамға тең қарауды әділдіктің басты шарты етіп бекіткен. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) қандай жағдайда болмасын, әділдікті сақтаған әрі үмбетін ар алдында адал болуға үндеген. Әрі өзі оған үлгі бола білген. Әділдікке байланысты әрбір мәселеде алдымен өзінің туыстарын мысалға келтірген.
Пайғамбар (с.ғ.с.) алғаш уахи түскен жылдары үгіт-насихат жұмыстарын жасырын түрде жүргізді. Кейіннен хақ жолына жария түрде шақыру бұйырылды. Сол кездері «Жақын туыстарыңды ескерт» деген аят (Шұғара, 214) уахи етілді.
Осы аят түскенде Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің аталастарын, руластарын Исламға шақырады. Имам Ахметтің Ибн Аббастан (р.а.) таратқан риуаятында аталмыш аят түскенде Пайғамбар (с.ғ.с.) Сафа тауының үстіне шығып, Мекке халқына жар салады.
Барлығы жиналғанда «Уа, Абдулмұтталиб әулеті! Уа, Фиһр әулеті! Уа Лүә әулеті! Егер де мына таудың ар жағында жау әскері сендерге шабайын деп тұр десем, маған сенер ме едіңдер?» – деп сұрайды. Жиналғандар: «Әрине, сенеміз!» – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Олай болса, мен сендерге ақыретте болатын қатты азап туралы ескертемін!» – дейді.
Сонда туысы Әбу Ләһәб: «Құрып кеткір! Осы үшін шақырдың ба бізді!» – деп тепсінеді. Сонда Алла Тағала: «Әбу Ләһәбтің екі қолы құрысын!» – деген аятты түсірген екен.
Ал Имам Мүслімнің Әбу Һурайрадан (р.а.) таратқан риуаятында Пайғамбар (с.ғ.с.) аталған аят түскенде құрайыштықтарға барып: «Уа, Кағб ибн Лүә ұрпақтары! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Уа, Мурра ибн Кағб ұрпақтары! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Уа, Абдушамс ұрпақтары! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Уа, Абдуманаф ұрпақтары! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Уа, Һашим ұрпақтары! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Уа, Абдумұтталиб ұрпақтары! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Уа, қызым Фатима! Өзіңді тозақтан құтқар! Расында, мен Алланың алдында ештеңеге қауқарсызбын, сендерге болыса алмаймын! Алайда сендермен туыстық байланысым бар. Мен оны үзбеймін!» – деп үндейді.
Осылайша ең алдымен өзінің ет жақындарын тозақтан сақтандырады. Егер шынайы тұрде иман келтірмесе, әділ сипатты Жаратқанның алдында Пайғамбармен (с.ғ.с.) туыстық байланыстарының түк пайдасы болмайтындығын қатаң ескертеді.
Соңғы қажылығында сан мыңдаған мұсылмандардың алдында айтқан қоштасу құтпасында да Пайғамбар (с.ғ.с.) артындағы үмбетіне ең маңызды өсиеттер қалдырды. Соның ішінде, әсіресе, адамдар арасында әділдікті сақталуын қатаң ескертті. Надандық дәуірінде болған әрбір күнәлі істерге тыйым салынғандығын айтып, оларға алдымен өзінің туыстарын мысалға келтірді.
Өсімқорлықтың Ислам дінінде тыйым салынғандығын ескертіп, оған өзінің әкесінің бауырын мысалға келтірді. «Надандық дәуірінің өсімқорлығына бұдан былай тыйым салынды. Мен тыйым салатын өсімқорлықтың басы Аббас ибн Абдулмұтталибтің өсімқорлығы, ол толықтай тоқтатылды», – деді.
Сондай-ақ, надандық дәуірінде орын алған руаралық, тайпааралық қырқыстардың, толассыз кек алудың тоқтатылғандығын жариялады. Оған да ең алдымен өзінің туыстарын мысалға келтірді. «Надандық дәуіріндегі қан үшін кек алуға тыйым салынды. Мен тыйым салған қанның ең алғашқысы Харис ибн Абдулмұтталибтің қаны болады», – деп, надандық дәуірінде өлтірілген әкесінің бауыры үшін кек алынбайтындығын мәлімдеді.
Адамзаттың асылы осылайша әділдікті алдымен туыстарынан бастайтындығын баса айтты.
Пайғамбар (с.ғ.с.) Хақ Тағаланың ең соңғы нәбиі, ең сүйікті құлы бола тұра, өте қарапайым, жұпыны тұрмысты таңдады. Қаласа, патшалар мен әміршілердей сән-салтанатта өмір сүруіне де болатын еді. Бірақ сондай тұрмысы арқылы қос дүниенің сардары дүние, байлықтың Алланың алдында масаның қанатынан да қадірсіз екендігін білдірді әрі қауым арасындағы әділдік принципінің сақталатындығын дәлелдеді.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) жұбайлары мен қыздарының, жақындарының да тұрмысы аса жайлы болған емес. Имам Бұхари мен Мүслім таратқан риуаятта Әли ибн Әбу Талибтың (р.а.) айтуынша жұбайы Фатиманың (р.а.) қолы диірмен тартқаннан домбығып ісіп кетеді. Сосын соғыс тұтқындары әкелінген кезде арасынан қызметші алу үшін Пайғамбарға (с.а.с.) барады. Бірақ оны таба алмайды да, талабын Айшаға (р.а.) жеткізеді.
Пайғамбар (с.ғ.с.) үйіне келген соң Айша анамыз (р.а.) Фатиманың (р.а.) келіп кеткендігін айтады. Пайғамбар (с.а.с.) бірден қызының үйіне барады. Барса, Әли екеуі төсектерінде жатыр екен. Әли (р.а.) тұруға ыңғайлана бергенде Пайғамбар (с.а.с.): «Жата беріңдер, қозғалмаңдар», – деп екеуінің арасына отырады.
Сосын: «Сендерге менен сұраған нәрселеріңнен де қайырлы бір нәрсе туралы айтайын ба? Төсектеріңе жатар кезде отыз үш реттен «Аллаһу әкбар», «Субханаллаһ», «Әлхамдулилләһ» деп айтсаңдар, міне, сол сендер үшін бір қызметші алғаннан қайырлы болады», – дейді. Мұның өзі Пайғамбардың (с.а.с.) сүйікті қызының дүниесінен гөрі ақыреті үшін көп қам жегендігін дәлелдейді.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) үкім еткенде әрдайым әділ үкім етті. Адамдар арасындағы теңдіктің сақталмауы қауымды құрдымға жығатын апат екендігін қатаң ескертті.
Имам Бұхаридің Айша анамыздан (р.а.) жеткізген риуаятында құрайыш тайпасының көсемдерін махзумия атты текті рудың ұрлық жасап қойған бір әйелінің жайы туралы көп толғанған екен. Ұрлықтың жазасы орындалатын болса, беделді әулеттің абыройына нұқсан келеді. Сондықтан да ол әйелді жазадан құтқарудың жолын іздеп: «Ол туралы Алланың Елшісіне кім айтып барады?» – деп кеңеседі.
Сонда біреулері: «Ол туралы батылдықпен айта алатын біреу болса, ол Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сүйіктісі Усәма ибн Зәйд», – деп соны арашашы етуге келіседі. Усәма Пайғамбардың (с.ғ.с.) баласындай болып кеткен Зейдтің (р.а.) ұлы болатын. Келісім бойынша Усәма (р.а.) әлгі әйелдің мәселесі туралы Алла Елшісіне (с.а.с.) айтады.
Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Усәма! Алла Тағаланың жазасына арашашы болғың келе ме?!» – деп қатты ашуланады. Сосын адамдарды мешітке жинап алып, былай деп жар салады: «Ақиқатында, сендерден бұрынғы үмбеттер егер олардың арасында текті адам ұрлық қылса, оны қоя салатын, ал егер бір әлсіз адам ұрлық қылса, оны жазалайтын. Олар сондай істері үшін жойылып кетті. Алланың атымен ант етемін, егер, тіпті, менің қызым – Мұхаммедтің қызы Фатима бір ұрлық қылса, оның да қолы кесіледі!»
Адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с.) әділдік қағидасын осылай айқындап берген. Өзі де өзгелерге үлгі болған. Тіпті, өзінен кейінгі мұсылмандарға жетекшілік ісін де туыстарына, руластарына мұра етіп тастамай, сахабаларының кеңесіне қалдырды. Ауырып жатқанда ең жақын әрі тақуадар сахабасы Әбу Бәкірді орнына имамдыққа шығару арқылы оның алғашқы халифа болуға лайықты екендігіне емеурін жасады.
Саңлақ сахабалар да әділдік жолын ұстанды. Алғашқы төрт халифа тарихта әділетті халифалар деген атпен қалды. Соның бірі әділдігі үшін қара қылды қақ жарып әл-Фаруқ атанған Омар ибн Хаттаб (р.а.) кінәсі дәлелденген ұлын жазалаған.
Қорыта айтқанда, әділдікті сүю, адалдыққа жақ болу Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті, адамгершілік шегінен шықпаған кез келген ізгі ниетті жанның әдеті. Өйткені ол ақиқатқа бастайтын жол. Хәкім Абайдың тілімен айтқанда:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы деп әділетті.
Сәбит ИБАДУЛЛАЕВ,
исламтанушы