Сұрақ: Имамдар уағыздарында пайғамбарды жақсы көру керектігін айтады. Мұның қандай артықшылығы бар?
Жауап: Расында ислам Аллаға иман келтіргеннен кейін пайғамбарға бойсынуға, оның айтқанын екі естпей орындауға және оны жақсы көруге шақырады. Себебі пайғамбардың болмысы – мұсылманның болмысы. Пайғамбар сізге дінді үйретті, Құранды түсіндірді және ақыретте шапағатшы болады.
Пайғамбарды жақсы көрудің артықшылыңын мына хадис анық көрсеткен:
«Бір күні сахаба пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасына келіп:
– Ақырзаман қашан болады? – деп сұрады. Ол кезде азан шақырылып, намаз оқитын уақыт болғандықтан пайғамбар еш жауап бермей намазға тұрды. Намаз оқып болған соң, сахабаларына бұрылып:
– Менен қиямет қайым жайында сұраған адам қайда? – деді. Әлгі адам:
– Ол менмін, уа Алланың елшісі! – деп жауап берді.
Оған пайғамбардың өзі:
– Қиямет күніне қандай дайындығың бар? – деп өзінен сұрайды.
– Менің Қиямет күні үшін әзірлеген бір артық намазым, оразам немесе садақам жоқ. Бірақ, мен Алла Тағала мен Оның пайғамбарын жақсы көремін, – деп жауап қайтарды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Сен жақсы көрген адамыңмен бірге боласың! – деп жауап берді.
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан бұл сүйінші хабарына сол жердегі сахабалардың қуанғаны сонша, мұсылман болғаннан кейінгі қуанышы осы хабар болатын» (Бұһари 6171, Мүслим 2639).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ