Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсінде көру мүмкін нәрсе. Ол жайлы бірнеше хадистер де келген. Жалпы Алла елшісін түсте көрудің көптеген пайдасы бар. Солардың кейбіріне тоқталып өтсек.
1. Кім түсінде Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсе, демек ол – шыншыл түс. Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсінде көрген адам ақиқатында да Пайғамбарымызды көрген болады. Өйткені шайтан кез келген суретке ене алғанымен, Алла елшісінің бейнесіне ене алмайды. Ол жайында хадисте: «Кімде-кім мені түсінде көрсе, расында көргені. Өйткені шайтан менің бейнеме ене алмайды», – деген. Алайда кейбір ғалымдар Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сипаттарымен көрсе ғана ол шынайы түс болады деген.
2. Түсінде көрген адам өңінде де көреді. Хадисте: «Кім мені түсінде көрген болса, мені өңінде де көреді немесе мені өңінде көргендей болады», – деген. Алайда бұл да ғалымдардың арасында тартысты мәселе. Кейбір ғалымдар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нұрын көреді десе, кейбірі Қияметте көретінін алға тартады.
3. Кім Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсінде көрсе, оның өмірінің соңы жақсы болады. Сондайақ егер Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсінде көрген адам кедей болса, Алла Тағала оның мал-дүниесіне береке береді. Қайғырып жүрген адамның қайғысы кетеді. Ауырып жүрген адам шипа табады, т.с.с. одан да басқа пайдалары көп. Алайда түсінде Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрген адам сахаба болып саналмайды.
Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсте көру – үлкен нығмет әрі үлкен бақыт. Алла Тағала Пайғамбарымызды бұл дүниеде де, арғы дүниеде де көруден мақұрым етпесін! Алла Тағала Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсінде көру бақытын әрбір мұсылманға нәсіп етсін!
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы, №9, 2024 жыл