Әбу Бәкірдің екінші қызы Әсма үйінде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қалған жейделердің бірі теберік ретінде сақтаулы тұратын. Ұлы Абдулла бин Зұбайыр Хажжаж әскерімен жалғыз шайқасып зұлымдықпен қаза табады. Жасы жүзге таяп, көз жанарын жоғалтқан Әсма ана перзентінен айырылады.
Әкесі Әбу Бәкір мен күйеуі Зұбайыр пайғамбардың жақын досы еді. Баласы Абдулла Мадина шаһарында туған тұңғыш мұсылман сәби болатын. Абдулла дүниеге келгенде қала мұсылмандары тәкбір айтып қуанды. Өйткені, ұзақ уақыт ешбір мұсылман шаңырағы балалы болмаған. Қаладағы имансыздан мұны жаман ырымға жорып, бар кесір ислам дінінен деп ойлады. Алла елшісі (с.ғ.с.) сәбидің құлағына азан айтып, құрма шайнап аузына салған еді. Осылайша, Абдулла да әкесі мен нағашы атасы сияқты сахаба деген мәртебеге ие болған.
Қарт ана ұлынан айырылса да, Абдулланың ел мен дінге жасаған қызметі Алла құзырында жарылқауға сеп болатынына сенді. Сонымен бірге, әскерлер қылмыскердің шешесі деп Әсманың үйін тінтіген еді. Сол арада пайғамбардан қалған жалғыз жәдірегі Алла елшісінің жейдесінен де көз жазып қалды. Хажжаж әскерлері үлкен қылмыс жасағанын іштей білетін. Сондықтан, шамдық сарбаз: Әсма менің күнәмді кешіруін Алладан тілесе, жейдені қайтарамын,-деп шарт қойды.
Баламды өлтіргендерге қалайша Жаратқаннан кешірім тілемекпін,-деп кідіріп қалды, соңыра: Айтыңдар, жейдені алып келсін,-деп келіскендей сыңай танытты. Әсма ананың жанында баласы Ұруадан туған немересі Абдулла бар еді. Шамдық келгенде: Жейдені Абдуллаға бер,-деді. Немересі мүбәрак жейдені алғанда қарт ана: Уа, Абдулла (Алланың құлы)! Алла сенің қате-күнәңді кешсін,-деп бата жасады. Арабтарда аты-жөнін білмейтін бейтаныс адамға: Уа, Абдулла, яғни Алланың құлы,-деп үн қату салты болатын. Осылайша, Әсма ана екі ұшты етіп бата берген екен.
Руслан ҚАМБАР