«Астана» медресесінде дәріс беріп жүрген кез. Күндіз ұстаз бен шәкірт боп сабақ оқимыз. Кешке аға-іні боп шай ішіп, әңгіме-дүкен құрамыз. Шәкірттер ауылын сағынады.
Сондай кештердің бірінде қарағандылық Нұрсұлтан әңгіме бастады:
«Әжем – украин қызы. Атаммен соғыста танысқан. Әжем қазақшаға судай. Салт-дәстүрді түгел біледі. Бес уақыт намазын қаза қылмайды. Атам келіншек әкелгенде анасы: «Қызым, сен қазаққа, мұсылманға келін болдың. Ең әуелі қазақша сөйлеуді үйретемін. Сосын, намаз оқуды үйренесің», – деген екен».
Нұрсұлтанның айтуынша, әжесі енесінің жылы қабағына, аналық пейіліне риза боп мұсылмандықты бар болмысымен қабыл етеді. Осылайша кешегі украин қызы арқа төсіндегі үлкен қара шаңырақтың әжесі боп әулеттің тірегіне айналды. Келіндеріне қазақи салт пен мұсылмандықты насихаттаушы ана болды. Бұл сонау соғыстан кейінгі заман.
Жалпы, қазақ даласына қуғын-сүргінге жіберілген өзге ұлттарға аталарымыз бөтен ұлт, басқа дін өкілі деп қарамады. Адам баласы деп мәміле жасады. Міне, бұл – біздің дініміз. Хәкім Абай:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, – демей ме?
Әке-шешесі намазға жығылмағаны үшін кәпір деген жастарды көрдік. Ата-анасымен бір дастарқанға отырмай, олардың асын харам деп «үкім» шығарған «мұсылмандарға» куә болдық. Олардың «діні» мен кешегі аталарымыздың діні неге бөлек?!
Бірде Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) есігін біреу қағады. Құдайы қонақ екен. Дастарқанға отырған бойда отқа қарап, бір жоралғылар жасай бастады. Сөйтсе, кәпір, имансыз екен.
Ибраһим (ғ.с.) оны дастарқанына отырғызудан бас тартады. Бейтаныс та өз жөніне кетеді. Сонда Алла Тағала: «Уа, Ибраһим! Бір түн қонақ ету үшін дінін сұрамақтасың. Маған иман етпесе де, оған өмір бойы ризығын берудемін», – деп уахи етеді.
Алланың досы Ибраһим (ғ.с.) тездетіп қонағын табады. Кешірім сұрап, үйіне шақырады. Сөйтіп, дастарқан жайып дәм-тұзын береді. Бейтаныс оның бұл әрекетіне таңырқап, ақыры мән-жайын сұрайды.
Сонда Ибраһим (ғ.с.): «Раббым саған жасаған мәмілем үшін маған ескерту берді», – дейді. Сонда әлігі кісі: «Неткен тамаша Құдай. Дұшпанына жақпайтын мәміле үшін досына ескерту беретін неткен ғажап Құдай», – деген екен.
Міне, қазақтың діні осы. Мұны – мұсылмандық дейді. Бұл хикаяны тәпсір ғалымы шейх Шағрауи «Құран қиссалары» атты еңбегінде жазады.
Ислам сопылық мектебінің өкілі Жәләлиддин Руми «Кел. Кел, кім болсаң да кел. Мүшрик, мәжуси, пұтқа табынушы болсаң да кел!…» дегендей шынайы мұсылмандықты аталарымыз сөзбен емес, ісімен, өмір салтымен көрсетті.
Ал, жат ағым өкілдері басқа тұрмақ, өз ата-анасын асыл діннен безіндіруде. Ендеше, Ислам – бейбітшілік, мейірімділік. Мұсылман адам баласына тілімен де, қолымен де зиян тигізбейтін жан екенін ұмытпағаймыз.
Руслан ҚАМБАР