Сұрақ: Құранның пайғамбарға (с.ғ.с.) түскені мәлім. Ол кісі отырған уақытта басқалар Құранды оқи алған ба?
Жауап: Расында Құран Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға түсті. Пайғамбардың (с.ғ.с.) міндеті – оны басқаларға жеткізу және түсіндіру еді. Сондықтан да пайғамбар (с.ғ.с.) рұқсат берген уақытта сахабалар оның алдында Құран оқыған. Кейін ол Құран оқушының бағасын берген.
Тіпті пайғамбар (с.ғ.с.) басқа кісінің оқыған Құранын тыңдауды жақсы көрген. Мысалы, мынадай риуаяттар бар:
Бір күні кешке Алланың елшісі (с.ғ.с.) Абдулла ибн Масғудтың (р.а.) Құран оқығанын тыңдап, ұзақ уақыт тұрып қалады. Кейін Алланың елшісі (с.а.с.) қасындағы Омар мен Әбу Бәкірге (Алла ол екеуіне разы болсын):
- Кім Құранды түскен қалпындай оқығысы келсе, Абдулла ибн Масғудқа ұқсап оқысын, – деп айтады.
Ибн Масғуд (р.а.) мынадай риуаят келтіреді. «Пайғамбар (с.ғ.с.):
- Маған Құран оқып берші, – деді.
Мен:
- Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Сізге түскен Құранды, сізге оқып берейін бе? – деп айттым. Ол (с.ғ.с.):
- Рас, мен Құранды басқадан тыңдағанды жақсы көремін, – деді. Мен «Ниса» сүресін оқыдым. Бұл сүренің: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) әр үмбетке бір айғақ келтіріп, сені де оларға куә етіп келтірсек қандай болар еді?» – деген аятын оқығаннан кейін, пайғамбар (с.ғ.с.):
- Жеткілікті, – деді. Оған бұрылып қарасам, оның көздері жасқа толып тұр екен».
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ