Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) әлемге Алладан ұлы хабар әкелген күрескер де рухани палуан болған. Бұған дау жоқ. Ал енді сөздің тікелей мағынасында палуандық етіп күреске түскен бе? Бағып отырсақ, «күш сынасқа түскен» дегізерлік біршоғыр мағлұмат Арабия шөлінде де, өзіміздің байтақ дала-жазирамызда да жеткілікті екен.
Пайғамбар (с.ғ.с.) заманында спорттың айтулы түрінен болған күрестің де кең тарағаны мәлім. Мұны барлық мұсылман деректері растайды. Ал сол ортада өскен Адамзат асылының бұл өнерден тыс қалуы мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін емес. Тіптен, ол деректерде Пайғамбар (с.ғ.с.) есімімен қатар дін асылын қабылдауда әлдебір Руқана есімді палуанның егеске түсуі оқиғасы тілге тиек етіледі.
Араб көздеріндегі «әл-Бидая уән-Ниһая» бойынша мұның баяны былай:
«Пайғамбарымыздың заманында Меккелік Рукəна ибн Абду Язид есімді атақты палуан өмір сүрген. Ешкімнен жеңіліп көрмеген оны күндердің бірінде Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккедегі сай-шатқалдардың бірінде кездестіріп қалады. Əлі мұсылманшылықты қабыл ете қоймаған аталмыш палуанға Алла елшісі:
– Ей, Рукәнә! Аллаға тақуалық қылып, менің шақырған нәрсемді қабыл еткің келмей ме? – деп сұрайды.
– Сенің шақырған нәрсеңнің ақиқат екенін білгенімде, сенің жолыңмен жүрер едім ғой, – дейді Рүкәнә.
– Егер, мен сенімен күресіп жеңсем, менің айтқанымның ақиқат екендігін қабылдайсың ба?
– Иә.
– Олай болса, тұр, сенімен белдесейін, – деп пайғамбарымыз оны күреске шақырады. Содан екеуі белдесе кетеді. Пайғамбарымыз ә дегеннен-ақ оны жерге атып ұрып, тырп еткізбей қояды.
Бұрын-соңды жауырыны жер иіскеп көрмеген палуан сасып: «Ей, Мұхаммед, кел, қайта күресейік» дейді.
Екеуі қайта күреседі. Алла елшісі тағы атып ұрады. Жеңілгеніне сенгісі келмей үшінші қайтара белдесуге шақырады. Пайғамбарымыз бұл кезде де жеңеді. Сонда əлгі палуан:
«Уа, Мұхаммед. Аллаға ант етейін, сенің мені жеңуің таңқаларлық нәрсе», – деп, таңданысын жасыра алмай, ең дұрыс деп таңылған риуаятқа қарағанда, осы сəтте тілін кəлимаға келтіріп Ислам дінін қабылдаған екен.
Кейбір риуаяттар əлгі палуанның осы күрестен соң емес, кейінірек мұсылманшылықты қабыл еткенін байқатады.
Қайткенде де палуан Руқананың Пайғамбардың көзі тірісінде мұсылман болып сахаба атанғандығында дау жоқ. Ол хижри 42 жылы Мәдина қаласында бақилық болады. Алла оған разы болсын! (араб тілінен тәржімалап, дайындаған А. Қасым).
Мұның мәнісін шетелдік емес, өз авторларымызға сілтеме жасап берер болсақ, айталық, отандасымыз дінтанушы Қайырбек Отызбаев «Спортпен шұғылдануға Ислам қалай қарайды?» атты мақаласында осынау мәселеге кеңінен тоқталып өткен.
«Руқана атты бір кісі спорттың бұл түрін шебер меңгерсе керек. Адамдар арасында күресуге тең келер адамды шақырады. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл палуанмен белдесуге бел буады. Руқана да Ислам дінін қабылдау мақсатында Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзімен күресуін және осы күресте жеңсе ғана мұсылмандықты қабылдайтынын айтып шарт жасасады.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл ұсынысын қабыл етіп, сол арада өз күшіне сенім артқан Руқанамен есі танатындай етіп күреседі, әрі қатарынан үш мәрте жауырынын жерге тигізе жеңеді. Ақырында, Руқана жеңе алмайтынын түсініп, уәдесі бойынша мұсылмандықты қабылдаған екен» деп жазады ол.
Әрине, жастық шақтарына қарамастан кейбір сахабалар әскери жорықтарға қатысу мақсатында өздерінің тепсе темір үзетін нағыз майталман жігіт екендіктерін Пайғамбар (с.ғ.с.) алдында дәлелдеу үшін бір-бірімен жығысып күрескені анық. Қарапайым қисынға салсақ, бұл заңдылық және қалыпты жағдай да. Өйткені, жасы кіші сахабалар өздерінен үлкендерін жеңетін болса, соғысқа қатысып, «Отаным мен елімді қорғауға атсалысамын» деген айтарлықтай сенімге ие болатын. Бұндай табандылық танытқан сахабалардың күресін Пайғамбар (с.ғ.с.) да қызықтайтын болғаны өз-өзінен түсінікті. Сондықтан таң қалмасақ керек.
Исламтанушы Абдусамат Қасым «Пайғамбар (с.ғ.с.) шұғылданған спорт» еңбегінде: «Пайғамбар (с.ғ.с) өмірінен «мықты мұсылман әлсіз мұсылманнан қайырлы» дегендей-ақ, қазіргі кездегі спорт түрлеріне ұқсас бірнеше мысалдар беруге болады. Олар: жүгіру, ат жарысы, мергендік, суда жүзу болса, соның бірі – күрес екен» деп атап өткен. Оның да жазуынша, Мекке қаласының атақты палуаны Руқанә ибн Абдязид деген кісіні Пайғамбар (с.ғ.с.) дінге шақырады. Палуан діннің ақиқаттығын дәлелдеуін сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) оған: «Егер мен сені күресте жеңсем, менің айтқандарымның ақиқаттылығына сенесің бе?» деп сұрайды. Әлгі палуан келіседі. Пайғамбар бірнеше рет оның жауырынын жер иіскетеді» деп кеңінен тарқатады.
Бұлардан «не» деп ой түюге болады? Бұл деген Пайғамбар (с.ғ.с.) да сөздің тікелей мағынасында балуан болған деген сөздің шеті шығады. Сондықтан да бүтін Ислам жамағаты «беттен соғуға болмайды» деп келетін хадис-өсиетке сәйкес жұдырықтасуды былай қойып, күрес өнеріне басымдық берген десек артық айтқандық емес. Дін асылын әлем халықтарының ең жолы болған бөлігімен бірге қабылдаған баба қазақ та мұны тұтып, өзінде аса жоғары деңгейде дамыған жұдырықтасу өнерін ресмиліктен шығарып, тек бейресми әскерлер үшін «халал» еткен. Оның дәлелін кешеге кеғестік кезеңге дейін күнделікті өмірде қарапайым қазақтың жұдырықтаспай, қамшыласқанынан-ақ көреміз.
Қош, сонымен ата қазақтық танымда руханияттан басқа Пайғамбарды (с.ғ.с.) палуан көрушілік іздері бар ма? Енді осы мәселеге тоқталалық. Өз кезегінде, мұның қазақ ауыз әдебиеті мен фольклорындағы көрінісі қандай? Бұған да дерек жетерлік көрінеді!
Осы орайда, бірқатар мәдениеттанушы-дінтанушы зерттеушілер арасында «қазақ палуандарының «Балуан тас» көтеру дәстүр-рәсімінің түбі пайғамбардан басталады» деген көзқарас барын айта кеткен жөн. Белгілі дінтанушы-философ Әділбек Нәби оның түп бастауын Пайғамбардың (с.ғ.с.) тікелей өзіне апарып тірейді. Мәселенки, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сақтаулы тұрған қолжазбадағы «Мұхаммед пайғамбар» дастанында Адамзат асылының дін жауларымен палуандықпен үлкен тас көтеріп сынасқаны баяндалған:
…Бұған жауап қылмастан,
Үндемеді Мұхаммед.
Қабағат болып түнеріп,
Ашуланып қабағат.
Ыза болып бұл сөзге,
Қасында қырық жамағат.
Мұхаммед нәрсе демеді,
Құбайыс тауға жөнелді.
Көтеріп келді бір тасты,
Үш мың батпан келеді,
Келе сөйлей береді.
– Әбужәһіл, кел, – деді,
Бұл тасты көтер сен, – деді.
Одан соң сенің тасыңды,
Көтеремін мен, – деді.
Әбужәһіл орнынан түрегелді:
– Әуелгі кезек менікі,
Көтергін тасты сен, – деді.
Мұны есітіп Мұхаммед,
Тұрып, тасқа жөнелді,
Көтермек үшін ол тасты.
Қасына барып Мұхаммед,
Құшақтап алып болған соң,
Ұстаған замат Мұхаммед,
Көтеріп алған сықылды,
Лақтырып [оны] жіберді.
Атқан оқтай зырқырап,
Тас аспанға барады.
Шаң-тозаңы бұрқырап,
Аспаннан қайтып түседі.
Бір қолымен Мұхаммед,
Түсірмей қағып алады.
Мұхаммед анда сөйлейді:
– Тасымды менің көтер тез!
Әбужәһіл ұмтылды,
Құшақтап тасты жұлқынды.
Үш мың батпан ол тасты,
Көтермегі қиын-ды.
Зор беріп қанша қармады,
Айқайлап қанша жандады,
Қас-қабағы түйілді.
«Тасты барып бассын» деп,
Жәбірейілге бір Алла,
Әмір етіп бұйырды.
Жәбірейіл салды салмақты,
Әбужәһілдің сол уақта,
Инедей әлі қалмапты.
Қозғалмады ауыр тас,
Құшақтап қанша қармады.
Қабырғасы сөгілді,
Мұрнынан қаны төгілді.
Әбужәһіл кәпірдің,
Көтеруге әлі келмеді.
Нөкерлерін жиып ап,
Шаһарға қарай жөнелді.
Әбужәһіл артынан,
Мең-зең болып келеді.
Қырық баламен Мұхаммед,
Артынан қуа жөнелді.
Екі жақ та мақтасып,
«Мұхаммед палуан» дер еді,
Палуан Әбужәһілден,
Он есе артық көреді.
Екеуінің қайраты,
Барлығын да қайырды.
Ұрыс болмай ажырап,
Жайына қайтады…
Ал «Отбасы хрестоматиясы» кітаптары сериясының бірінде жарық көрген Мәлике деген Ұрым патшасы қызы мен түркістандық Әбілда есімді оқымыстының арасындағы сұрақ-жауапта Пайғамбар (с.ғ.с.) күш-қуатына қатысты мынадай жолдар бар:
Мәлике: Тiршiлiкте ең мықтысы кiм?
Әбілда: Жолбарыста қырық адамның күшi бар. Бiр асхабта қырық жолбарыстың күшi бар. Бiр әулиеде қырық асхабтың күшi бар. Бiр пайғамбарда қырық әулиенiң құдiретi бар. Ал Әзіреті Мұхамбетте (с.ғ.с.) қырық пайғамбардың салауаты бар.
Бұл да болса далалық түсінік-танымда Пайғамбар (с.ғ.с.) образының батыр-алыптық мәнін де үстеп тұрғанын көрсетеді. Яғни балуандықтың да прототипінде Адамзат асылының сұлба-сәулесі бар. Солай дейік. Солай деген дұрыс! Біржағынан бұл қазіргі практик балуандарға кімнің жолын тұтып жүргені бойынша өз тұлға-болмысын экзистенциялық-құндылықтық тұрғыда қайта пайымдап шығуға себеп болып тұр емес пе? Ал қай-қайсы болмасын сала, кәсіп пен өнерге Алла елшісінің (с.ғ.с.) өнегесінен артық үлгіні глобусты жеті айналсақ та таба алмасымыз анық. Біле білгенге ол да бір күресшілерге зор бақыт болса керек.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ