Сұрақ: Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінде әзілдесіп сөйлескен бе?
Жауап: Пайғамбардың (с.ғ.с.) басқалармен жасаған мәмілесі бізге исламдағы бейбіт пен достық қарым-қатынасты көрсетеді. Ол кісі біреуге қабақ шытып, дөрекі сөз қайтармаған немесе қасындағы жолдастарын ренжітетін сөз айтпаған.
Пайғамбар бола тұра сапардағы үзеңгілестерімен ошақ жағып, отын жинаған жан. Өмірде қарапайым, отбасында жанашыр әке, қоғам өмірінде белсенді, мұсылмандар үшін үлгілі тұлға. Ол кісі «пайғамбармын» деп тек ақыретті айтып шектелмеді. Сахабалармен жүрген уақытта басқалар сияқты күлді, әзілдесті. Бұған ислам тарихы куә.
Мысалы, белгілі сахабалардың бірі Әбу Сағид әл-Худрии пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп:
–Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Түсімде мен «Сод» сүресін оқып отыр екенмін. Қасымда қалам, сия сауыт және тал бар екен деймін. Мен сүредегі сәжде аятына жетіп, оны оқығанымда әлгі қалам, сия сауыт және ағаштың барлығы да сәжде жасады – дейді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
–Ағаш, қалам және сия сауыт сәжде жасаған уақытта, тек сен сәжде қылмадың ба ей, Әбу Сағид!? – деп айтады. Әрине, мұнда Алланың елшісі (с.ғ.с.) әзілмен айтып отырғаны белгілі. Басқа заттың барлыңы сәжде қылғанда сен сәжде етпей қарап отыра бердің бе? дегендей Әбу Сағидке әзілмен сөйлейді. Осы әңгімеден пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабалармен қаншалықты ашық және достық мәміледе болғаны айқын.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ