Сұрақ: Пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінде індеттердің қалай алдын алып, ем-дом жасаған?
Жауап: Алла Елшісі (с.ғ.с.) дәуірінде түрлі жұқпалы індеттер мен бас ауыртып, балтыр сыздататын сырқаттарға қарсы сол дәуірдің санитариясы мен медицинасының деңгейіне сай ем-дом мен алдын алу шаралары қолға алынған. Әз пайғамбар (с.ғ.с.) білікті емшілердің кеңесіне жүгіне отырып, жұқпалы індеттер мен ауру-сырқауға қарсы күресте байыпты шешімдер қабылдаған. Солардың кейбіріне тоқталар болсақ:
Карантин. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бір жерден оба ауруы шыққанын білсеңдер, ол жерге аяқ басушы болмаңдар. Ал, оба дерті шыққан жерде болсаңдар, басқа жерге шықпаңдар» (Бұқари, Тиб, 30) деп оқшаулану арқылы жұқпалы індеттің алдын алуға шақырған еді. Жұбайларының бірі жұқпалы дертті көзіне жұқтырып, қатты ауырған кезде, Алла Елшісі (с.ғ.с) онымен адамдардың байланысуына тыйым салған еді.
Отты күйдіріп басу. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) дәуірінде көп ауруларды күйдіріп басып емдейтін. Оны көбінесе отпен, күлмен, үгітілген сүйекпен жасайтын. Әзіреті Омар (р.а), әзіреті Әбу Талха (р.а), әзіреті Әннастың (р.а) кейбір жүйке тамыры сал ауруына шалдыққанда, Әсад ибн Зурайраның (р.а) бетіне безеу шыққанда, күйдіріп басу емін қолданған еді. Тіпті, Ұхуд соғысында Алла Елшісі (с.ғ.с.) жараланғанда, әзіреті Фатима (р.а) анамыз күл бастырып, ем-дом жасаған.
Дәрі-дәрмек қолдану. Пайғамбар (с.ғ.с.) заманында арабтар тыныс жолдары ауруларына қарсы удул-хинд, уәрс, тұздан, зейтін майынан жасалған дәрі-дәрмекті пайдаланатын. Осындай дәрілердің бірін Әсма бинт Умәйс әзірлеп, Алла Елшісі (с.ғ.с.) науқастанып қалған кезде ішкізген еді. Одан бұл дәріні әзірлеуді қайдан үйренгенін сұрағанда, ол эпиофиялықтардан үйренгенін айтқан болатын.
Бастыру. Арабтар өңеш ісінгенде, тамақта ірің пайда болған кезде, ауырып тұрған жерді бармақ немесе қасық секілді құралмен бастырып емдеген. Бұл ем-домды қолдану қауіпті болғандықтан, Алла Елшісі (с.ғ.с) кейін оның орнына удул-хиндті қолданған.
Ашығу. Алла Елшісі (с.ғ.с.) кейбір сырқаттардан ашығу және майлы астан бас тарту арқылы емделу керектігін айтқан. Ол (с.ғ.с.) өзінің хадистерінің бірінде: «Адам баласына қарнын тойдыру үшін бір-екі үзім азық та жеткілікті. Тамақсау болып бара жатса, асқазанының бір бөлігін азықпен, бір бөлігін ауамен, бір бөлігін сумен толтырсын» (Тирмизи, Зухд. 47) деген еді.
Хижама. Бұл Пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінде ең көп қолданыстағы ем-дом еді. Хижама – бас пен аяқ және арқадан, сондай-ақ, басқа дене мүшелерінен де қан алдыру арқылы емдеу тәсілі. Алла Елшісі (с.ғ.с.) көп сырқаттардың ем-шипасы ретінде хижама жасауды ұсынатын. Өзі (с.ғ.с.) де кейде ауырған сахабалардың денесін пышағының ұшымен тіліп, емдегендігі туралы деректер кездеседі.
Сумен емдеу. Алла Елшісі (с.ғ.с.) адамның ыстығын көтеретін аурулар мен сары ауруға қарсы сумен емделуді дұрыс көретін. Тіпті, әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі қатты ауырып қалғанда, жеті құдықтың суын бір-біріне араластырып ішіп емделген еді.
Протез. Мертіккен дене мүшесінің орнына протез салдыру Пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінде де қолданылған емдеу тәсілі болатын. Арфаса ибн Әсад атты сахаба соғыста мұрнынан айырылып, оның орнына алғашқыда күмістен, кейін алтыннан протез жасатқан еді. Сонымен қатар, тісі сынған сахабалардың алтыннан протез жасатқандығы туралы риуаяттар бар.
Дем салу және түкіру. Арабтар «рукийа» деп атайтын дем салу арқылы емдеу тәсілі Исламға дейін де бар еді. Алайда, жаһилиет дәуіріндегі «рукийаның» ширкке ұласатын атрибуттары бар-тын. Әз пайғамбар (с.ғ.с.): «Ширкке ұласпайтын рукийа жасауда тұрған дәнеңе жоқ» (Әбу Дәуд, Тиб, 131) деп дем салуды құптаған еді.
Арабтар жылан немесе шаян шақққанда, дем салып емдейтін. Мәдина дәуірінде Шифа бинт Абдиллаһ атты сахаба дем салумен көптеген адамдарды емдеген болатын. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Шифаға дем салып емдеуді Хафсаға үйретуін өтінген еді. Тіпті, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі де кейде дем салатын.
Айша (р.а) анамыз, Әсма бинт Умәйс (р.а), Мәймуна бинт Харис (р.а) секілді сахабалар да дем салып, науқастарды емдеген. Сонымен қатар, Алла Елшісі (с.ғ.с) кейбір науқастарды түкіріп ем-дом жасаған. Мысалы, Харис ибн Әустың (р.а) жарасын және Ұхуд соғысында аузына оқ кіріп кеткен Әбу Рухмды (р.а) түкіріп емдеген еді.
Өсімдік-шөппен емдеу. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) дәуірінде ыстық көтерілу, тұмау, түшкіру, іш өту, іш қату және уланып қалғанда саңырауқұлақ, қара зере, қына және әртүрлі гүлдерді сығып, шырынын емге пайдаланған. Әйелдердің хайызы тоқтамай қойғанда курсуф атты мақта қойып және дәкеге түз сеуіп те емдеген. Нифас кездегі қолаңса иісті кетіру үшін бөзге иіс су сеуіп, онымен тазаланған.
Мұхан ИСАХАН