Ислам діні – ілім алуға, сауатты болуға шақыратын дін. Алла Тағала ең алғаш Құран аяттарын уахи еткенде «Оқы!» деген. Демек, алғашқы аяттар білім алу керектігін меңзеп тұр. Алайда, аятта қай ілім саласын оқу керектігі айтылмаған, бұл аят жалпылама ілім алуды, сауатты болуды бұйырып тұр. Сол үшін адам өмірінде діни ілімнің де, дүниелік ілімнің де алатын орны ерекше.
Пайғамбар (с.а.с.): «Ілім Қытайда болса да алыңдар», – деген. Осы хадистен зайырлы білімнің маңыздылығын байқаймыз. Имам Ғазалидің «Дін ілімдерін тірілту» кітабына тігіншілік, өнер секілді дүниелік ілімдерді жазып кеткенін байқауға болады. Себебі, дін ілімі тек шариғат білімімен шектелмей, тіпті медицина, астрономия, технология, т.б. секілді барша пайдалы ғылымдардың шариғат ілімімен ара-жігін бөлместен қарастырған.
Ислам тарихында мұсылман әлемі ғылымның абыройын көтеріп, ғалымдарды пір тұтты. Ғалымдар мен аудармашыларды ғылымға жігерлендіру үшін олардың жазған немесе өзге тілден аударған кітаптарының салмағына тең күміспен ақы төленетін.
Мұсылман ғалымдарының медицина саласына қосқан үлесі тіптен ерекше. Ең алғаш ауруханалар, госпитальдар, медициналық институттар мұсылмандар тарапынан құрылды. Мұсылман дәрігерлері жүздеген жылдар бойы медицина саласында алдына қара салмаған.
Ибн Байтар (1190-1248) өзінің кітабында 1400-ге жуық дәрілік өсімдіктер мен шөптердің сипаттарын жасаған. Оның еңбектері осы саланың мамандары үшін жүгінетін негізгі дереккөзге айналғаны мәлім.
Ибн Сина (980-1037) батыста еуропалық дәстүр бойынша Авиценна деген атпен мәлім. Ибн Сина артында ауқымды мұра қалдырып кетті. Ертедегі деректерге қарасақ, ол 460-қа жуық еңбек жазған, бірақ бізге дейін оның 240 кітабы ғана жеткен. Ол еңбектер поэзия мен философиядан бастап, геология және астрономияға, жалпылай алғанда білімнің барлық саласына арналған. Үлкен атаққа Ибн Сина дәрігер, ғалым және фармацевт ретінде ие болды.
Әл-Ферғани «Китаб әл-харакат ас-самауия уа джамауи илм ан-нуджум» атты еңбегінде жер бетіндегі жеті климатты ерекше дәлдікпен сипаттаған. Әл-Баттанидің бір еңбегінде 273 географиялық нысанның координаттары келтірілген. Еңбектің алтыншы бөлімінде жалпы Жерге сипаттама жасалып, оның ішінде Қара, Азов, Каспий теңіздеріне тоқталып өткен.
Осылайша мұсылмандар ғылымның барлық саласын жоғары деңгейде дамытып, өркениеттің дамуына барынша үлес қосты. Діни сенім мен басқа ғылымдар үйдесімділік тапты. Білім-ғылымның арқасында мұсылман мемлекеттері әлемдегі ең қуатты елге айналды. Әрине, бұл тек қысқаша мәлімет қана. Ислам әлемінде ғылым мен өркениеттің шарықтау шегіне жеткен одан да көп деректер кездеседі.
Пайғамбар (с.а.с.) өзінің келесі бір хадисінде: «Бесіктен қабірге дейін білім алыңдар», – деп бұйырады. Бұдан шығатыны, Пайғамбар (с.а.с.) сауаттылық пен білімділіктің маңызын жақсы түсінген. Ол өзінің сахабаларын білім алып, оны өзгелерге үйретуге үндеген. Ол ізбасарларын алған білімдеріне сай амал етіп, қоршаған ортадан Алланың көркем жасампаздығының белгілерін іздеуге шақырған.
Ал қазіргі таңда, өкінішке орай, мұсылмандардың шариғат ілімдеріне ғана көңіл бөліп, жаратылыстану ғылымдарын дамытуда кенде қалып жатқаны жасырын емес. Бұл мұсылмандар үшін жат әрі өте қатерлі. Ислам дінінің көркейіп дамуы үшін шариғи білімдер қаншалықты қажет болса, жаратылыстану ғылымдарынсыз оны жүзеге асыру тіптен мүмкін емес. Дін ілімі дүние білімінсіз соқыр, дүние білімі де дінсіз керең. Осы алтын қағиданы мұсылман ғалымдары жақсы білген.
Ислам әу бастан надандықпен күрескен. Қазір білімсіздік пен имансыздық, сондай-ақ әділетсіздік, жікшілдік секілді және алда туындауы мүмкін барлық мәселе түрімен күреседі. Алдымызда надандық секілді үлкен дұшпан бар кезде әркім бар күш-жігерін соған қарсы жұмсап, мейлінше ғылымға жақын тұруға негіз қалағаны жөн.
Олай болса бүгін ғылымның дамыған кезінде пайғамбарлар секілді әр мұсылман бір саланың маманы болуы тиіс. Ал пайғамбарлар өз кезегінде адамзатқа тек жақсылық пен екі дүниенің бақытына жетелейтін жолды көрсеткен. Олардың бағыты осы болса, біз де екі ғылымның шыңына шығуға тырысуымыз қажет.
А. БӨРІБЕКОВА,
теолог маман,
Р. Нарбек