Ұлт, Отан және мемлекет – әрбір адам үшін қасиетті ұғымдар. Азайып, үлкен ұлттар құрамына жұтылып кеткен ұлыстар бар. Миллиондаған халқы болса да, ата қоныс отаны жоқ ұлттар бар. Олардың бар арманы – «отаным» деп айта алатын бір жердің болуы.
Қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле-білсеңдер, Алланың құзырында ең ардақтыларың – ең тақуаларың[1]», – деген аят бар.
Бұл аятта бір атадан туған адамзаттың ұлт пен ұлысқа бөлінуі Құдай Тағаланың бір құдіреті екенін жеткізуде. Адамзаттың мыңдаған тілде сөйлеуі, әрқайсының өзіне тән салт-дәстүрі болуы – ғажайып құбылыс.
Әрі, аятта айтылғандай, мұның мақсаты адамдардың бір-біріне бауырмал болуы, бейбіт өмір сүруіне ықпал етуі керек. Бірақ, өкініштісі, кейбір адамдардың санасында басқа ұлтқа деген дұшпандық көзқарас стереотипі бар. Мұндай көзқарас батыс елдерінде де, шығыс елдерінде де жоқ емес.
Сахаба Жұбайр Мұтғымұлы (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Жікшілдікке шақыру – бізден емес. Жікшілдік салдарынан соғысқан да – бізден емес. Әрі жікшілдік салдарынан соғысып өлген де бізден емес[2]», – деп ұлтқа, руға немесе жерге бөлінуді қатты сынға алынған.
Хәкім Абай екінші қара сөзінде сарт, ноғай және орыс жайлы сөз қозғап, бұл ұлттарды мазақ етпеуге шақырады. Олардың жетістіктерін негізге алу елдің тұрмысын жақсартуға септігін тизігетінін тілге тиек етеді.
Расында, бүгінде әлем мойындаған өнімдерді шығаратын ұлттың доңыз етін жеп, сыра ішкендігінен сол елдің брендтерінен ешкім бас тартып жатқан жоқ. Керісінше, көп адам сол ұлт сияқты техниканы жетік меңгеруге ұмтылуда. Өзге ұлт жетістігі күллі адамзат жетістігі деп қараған жөн. Ал, ұлт ішіндегі адамдардың теріс әрекеті немесе қылмысы тұтас ұлттың қылмысы деп қарау қателік.
Ұлтқа, дінге немесе руға бөлініп, өзара араздасу – надандық сарқыншағы. Мынадай бір оқиға бар. Табиғин Мағрур бин Суайд (р.а.) сахаба Әбу Зәррден хадис үйрену үшін іздеп барады. Әбу Зәрр өз руының төресі, мырзасы болатын. Бірақ, өте қарапайым тұрмыс кешеді екен.
Табиғин мүлде басқа бір адамды елестеткен еді. Ел-жұрт сияқты қарапайым киіммен жүргенін көргенде табиғин одан: «Жақсы бір киім киіп алсаңыз», – деп тілек білдірді. Сонда сахаба мұсылман болған алғашқы жылдарындағы бір оқиғаны есіне түсірді:
«Руымдағы бір кісімен сөзге келіп қалдық. Оның анасы қара терілі басқа ұлттың әйелі болатын. Мен ол кісінің анасына тіл тигіздім. Ол кісі менің үстімнен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) шағымданып барды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) маған: «Ей, Әбу Зәрр! Оның анасына тіл тигіздің бе? Сен бойыңда надандықтың сарқыншағы қалған адамсың. Ол сенің бауырың, қызметкерің. Кімде-кімнің бауыры қол астында жұмыс істесе, өзі жейтін тамақтан берсін, өзі киетін киім-кешекті кигізсін, шамасы жетпейтін жұмыс тапсырмасын. Ал егер тапсырып жатса, оған жәрдемдессін[3]», – деді».
Мың жарым жыл бұрын айтылған осы сөздер күні бүгінде дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Аспан әлемі бағындырылған бұл ғасырда әлі де адамзат ұлтшылдық пен жікшілдік ұғымының құлы болып келеді.
Қазақта «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген нақыл сөз бар. Адам ата-бабасының шежіресін, шыққан руын білуі – тектілік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) араб руларының шежіресін білетін. Сахабалардың шежіресін айтып отыратын. Сағд бин Әбу Уаққас (р.а.) өзі жайлы сұрағанда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен – Мәлікұлы Сағд, атаң Уһайб, ол Абдуманафтан, ол Зұхрадан туған», – деп шежіресін айтып берген екен.
Сахабалардың ішінде шежірені барлығынан жетік білетін кісі Әбу Бәкір Сыддық болған деседі. Ал, Омар бин Хаттаб (р.а.) шежіре жайлы: «Шежіреден ағайын-туысқандарыңды танып білетіндей деңгейде және қайсы әулеттің қызына үйленуге болатынын және қайсы әулеттің қызы туысқан екенін ажырататын дәрежеде үйреніңдер», – деген.
Алайда, атасының даңқын біреуді кемсіту үшін алға тартуы, даңқты ата-бабасының атына жараспайтын әрекетке бара отырып, мақтануы – надандық. Өресі биік адам ата-бабасына лайық ұрпақ ретінде тілін, салт-дәстүрін қадірлесе, ұрпағына үйретсе, міне, бұл ең дұрыс мақтану түрі.
Ибн Мажа хадис жинағында мынадай риуаят бар: «Бір кісі: «Уа, Алла елшісі! Адам өз руын жақсы көруі жікшілдік пе?» – деп сұрайды. Сонда әз-пайғамбар (с.ғ.с.): «Жоқ, жікшілдік емес. Алайда, өз руына зұлымдықта жәрдемдесуі – жікшілдік», – деп жауап берген екен».
Бауыржан Момышұлы атамыз бір сұхбатында Отан, ұлт ұғымы туралы мынадай ой айтқан екен:
«Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық – әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам отаншыл болады. Өйткені, өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист болмайды. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды.
Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт. Намыс – азаматтың алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады. Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін, бірақ ата-анамды, ағайын-жұртымды жерге қаратпайын дейді.
Ер жігіттің елі – ата-анасы, Отаны – өз үйі. Патриотизм – «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан басталады».
Демек, өзге ұлтты сыйламаудың төркіні өз ұлтын қадірмелеуден туады екен. Біреудің салт-дәстүрін мазақ етудің де басты себебі – өзінің ата дәстүріне деген немқұрайлылықтан. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ел-жұрт қайтыс болған ата-бабасымен масаттануды доғарсын, өйткені бұл – тозақтың оты. Бұл Алла Тағала үшін тұмсығымен тезек домалатқан қара қоңыздан да қадірсіз. Ақиқатында, Алла Тағала надандық тәкаппарлығымен және ата-бабасымен даңғойлануды сендердің бойларыңнан кетірді. Расында, адам тақуа мұсылман немесе бақытсыз күнәһар. Адамдардың барлығы Адам атаның ұрпағы. Ал, Адам ата топырақтан жаратылған[4]», – деген екен.
Бұл асыл сөздер ұлт пен ата-баба даңқын адамның өз жымысқы пиғыл-әрекеттеріне қару етуіне қатаң тыйым салу мақсатында айтылған. Олай болса, өзге ұлт сенің тіліңді, салт-дәстүріңді құрметтесін десең, ең әуелі тіліңді, ұлтыңды және дәстүріңді өзің ардақ тұт.
Қазақ: «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» демей ме?!
Руслан ҚАМБАР
[1] Хужурат сүресі, 13-аят
[2] Әбу Дауд
[3] Бұхари, Муслим, Әбу Дауд
[4] Тирмизи