Сұрақ: Кейбір ағым өкілдері «Пайғамбар да біз сияқты адам, оның әмірін орындау шарт емес» деп айтады. Бұған ислам не дейді?
Жауап: Исламда Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) орны ерекше. Исламды бұрмалауды мақсат тұтқан немесе дұрыс білім алмаған адамдар пайғамбарға және оның сүннетіне, хадистеріне немқұрайлы қарайды. Тіпті олар хадистерді «қараңғылық», «зұлмат» сөздерімен де баламалап теңейді. Әрине, бұл дұрыс емес, адасушылық.
Алла Тағала бізге пайғамбардың сүннетіне берік болуға, оның ізімен жүруге, артынан еруге әмір берді: «Алланың сөздеріне сенген, жіберілген оқу-жазу білмейтін Пайғамбарға иман келтіріңдер. Және оған еріңдер, әрине тура жол табасыңдар де» (Ағраф: 158). Осы аятымен Алла мұсылманға пайғамбардың сөзіне ерер болса, жұмаққа кіретінін айтып сүйіншілейді.
Егер мұсылман адам пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне берік болмаса, оның айтқан әміріне мойынсұнбаса, тура жолдан адасып, Алланың азабына ұшырайды. Мысалы ретінде төмендегі риуаятты көрейік:
«Бір күні Құранды жетік оқитын әрі пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахиін жазып отыратын сахабалардың бірі Убай ибн Кағб құлшылық қылып жатқан еді. Жанынан өтіп бара жатқан Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны дауыстап шақырады. Убай ибн Кағб оған қарады, бірақ жауап бермеді. Кейін құлшылығын тәмамдап, Пайғамбардың қасына келіп, сәлем береді. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған:
– Сені шақырған уақытта жауап бермедің?
Убай ибн Кағб:
– Намаз оқып жатқан едім. Сол үшін жауап бере алмадым, – деп үзірін айтады.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Сен Алла Тағаланың: «Әй мүміндер! Сендерді өздеріңе тіршілік беретін нәрсеге (дінге) шақырған кезде, Алланың әрі Елшісінің тілін алыңдар. Және де Алланың, кісімен жүрегінің арасына дейін килігетіндігін біліңдер» деп айтқан уахиын көрмедің бе?
Сонда Убай ибн Кағб:
– Уа, Алланың елшісі! Көрдім. Енді бұлай қайталанбайды, – деп жауап береді» (Термези, Фазаилу әл–Құран 2875).
Хадистен шығатын түйін, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дін исламдағы және мұсылман өміріндегі орны мен маңызы. Шынайы мұсылман пайғамбарды жоғарыдағы аятта хабар берілген сияқты құрмет қылады, әмірін орындайды және сүннетке сәйкес амал қылады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ